Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2020

Еуразиялық форумда Қазақстанның сот билігі талқыланды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық адам құқықтары күніне орай «Заманауи Қазақстанның сот билігі және адам құқығы: үрдістері және келешегі» атты Адам құқықтары жөніндегі ІI Еуразиялық форум өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Еуразиялық форумда Қазақстанның сот билігі талқыланды

Ұйымдастырушылар қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы, М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университеті және Германия Халықаралық Құқықтық Ынтымақтастық Қоры бар.  Шара карантиндік шектеулерге байланысты  онлайн форматта өтіп, әлеуметтік желілерде  трансляцияланды.

Форумға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов, Германия Федеративтік Республикасының  Төтенше және Өкілетті Елшісі  Клиннер Тило, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина, заң ғылымдарының докторлары мен кандидаттары және өзге де шетелдік заңгерлер қатысты.

Шараның ашылу салтанатында KAZGUU Университетінің Провосты Сергей Пен Форумның негізгі ерекшелігін атады: «Бүгін әріптестеріміз сот төрелігінің түрлі аспектілері – жасанды интеллект технологиясын енгізудің сапасынан бастап оны қолданудың этикалық және құқықтық мәселелеріне дейін баяндайды. Спикерлер Қазақстанмен ынтымақтастық, әріптестік байланыс орнатқан әлемнің барлық юрисдикцияларынан қатысуда».

Сергей Пен қазақстандық сот жүйесі соңғы бірнеше жылда ең жоғары стандарттарға сай екенін көрсеткенін, реформаларды жүзеге асырудағы жүйелілік пен табандылықты дәлелдегенін айтты. Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына қолға алған реформаларын сәтті аяқтауға тілектестігін білдірді.

999

Каспий университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры Майдан Сүлейменов сот төрелігіне қол жеткізу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сот төрелігінің қолжетімділігі дегеніміз - кез келген азаматтың құқығы бұзылған жағдайда заңмен қорғалуы, сотқа еш кедергісіз жүгіне алуы.

Онлайн-форум аясында KAZGUU профессоры Роман Мельник әкімшілік әділет негізі ретінде адам құқықтары доктринасын ашып көрсетті. Профессордың айтуынша, бүгінгі таңда Батыс Еуропа елдері мемлекеттік басқару саласында адам құқықтары мен бостандықтарының маңызын абсолюттендіруді ұсынып отыр. Сондай-ақ ол әкімшілік соттың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуде бірнеше маңызды бағыттар ұсынды.

«Әкімшілік соттың тиімді жұмыс істеуі үшін адам құқықтары доктринасына аса көңіл бөлу керек.  Ол келесі бағыттарда жүзеге асырылуы тиіс: нормативтік құқықтық түсініктен бас тарту, адам мен азаматтың негізгі құқықтарының мазмұнын тереңнен зерделеу, халықаралық (еуропалық) сот инстанцияларының шешімдеріне бағдарлану, олар тұжырымдаған қорытындыларды (шешімдерді) Қазақстан Республикасында "soft law" ретінде пайдалану», деп толықтырды профессор.

Аталған Форумның нәтижелері сот төрелігі мен ұлттық құқықты жетілдіруге үлес қосып, жаңа ғылыми еңбектерде көрініс табады дейді ұйымдастырушылар.