Руханият • 11 Желтоқсан, 2020

Оңтүстік Африка Республикасында Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтілді

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл ЮНЕСКО шеңберінде Оңтүстік Африка Республикасының  елордасы Цване қаласында әлемнің екінші ұстазы, көрнекті философ, ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында аталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Оңтүстік Африка Республикасында Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтілді

Салтанатты іс-шара 1 желтоқсан -  ҚР Тұңғыш Президенті күні және 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аралығында  ұйымдастырылды.

Мерейтойлық жиынға Оңтүстік Африка Республикасының саясат және қоғам қайраткерлері қатысты. Ал дипломатиялық корпус және шетелдік мемлекеттер атынан Азия тобының дуаейні, Филиппин Елшісі Жозеф Анжелес, Әзірбайжан, Бангладеш, Беларусь, Индонезия, Ирак, Иран, Кувейт, Маврикий, Пәкістан, Ресей және Түркияның елшілері, Біріккен Ұлттар Ұйымы Есірткі және қылмыс басқармасы Африка Оңтүстік өңіріндегі өкілі Жұлдыз Ақышева; Қазақстан Республикасының Мозамбиктегі Құрметті консулы Дино Фой; сондай-ақ Юнус Эмре атындағы Түрік тілі және мәдениеті институтының ОАР-дағы өкілдігінің басшылығы қатысты.

99

Ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Елшісі Қанат Тумыш пен Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің бірінші орынбасары Элвин Ботес сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломат іс-шараға қатысушыларды Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы екіжақты қатынастардың негізгі бағыт және тұстарымен, өз елінің сыртқы және ішкі саясатының жетістіктерімен таныстырып, Қазақстан басшылығының маңызды бастамаларын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірін білдірді.

ОАР Сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Э.Ботес өзінің сөйлеген сөзінде: «Мәдени дипломатия Қазақстан мен Оңтүстік Африканың екіжақты қарым-қатынастардың дамуында маңызды тетіктерінің бірі болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі іс-шара уақыт, ұрпақтар мен құрлықаралық сабақтастықты қамтамасыз етумен бірге, жас буынға лидерлік қасиеттерді таныта отырып, оларға қолдауын көрсетуде» деп атап өтті.

Сондай-ақ Цване қаласында Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшілігі төрт тілде – араб, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде шығарған Әл-Фарабидің «Мінсіз мемлекетке ұмтылу қажеттілігі туралы ғақлия» атты кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл трактат ғұлама ғалымның метафизика, саясаттану, әлеуметтану және теология қиылысындағы негізгі жұмыстарының бірі.

Бұл басылым Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық қоғамдық сананы жаңғырту қажеттілігі туралы бастамасы аясында жарық көргенін де айта кеткен жөн. Кітап жаңа редакцияда шығарылған, ол қайта өңделіп, қазіргі заманға қарай сәйкестендіріліп, бейімделіпті.

Кітап ОАР-дың Ұлттық кітапханасына, жетекші университеттеріне, мектеп, лицей мен колледждеріне сыйға тартылды.

Іс-шараның соңында, Қазақстан Елшісі оңтүстік африкалық «ITV» телеканалына сұхбат беріп, өткізілген шараның басты идеялары туралы баяндап, ҚР мен ОАР арасындағы екіжақты ынтымақтастығының, соның қатарында мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастары туралы хабарлады.