Жедел жәрдем 11 желтоқсан күні сағат 23.20-да шақырылып, үш бригада жұмыс істеді. Өрт салдарынан 8 жасар ер бала мен 67 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Жеңіл дәрежеде газдан уланған 4 жасар қыз бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Жеңіл дәрежеде газдан уланып, жарақат алған 43 жастағы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнестің нақтылауынша, И.Куличев көшесі 13-мекенжайында өрт болып жатқаны жөнінде сағат 23:17-де хабар түскен.
Аумағы 80 шаршы метрді қамтыған өрт кезінде тұрғын үйдің төбе жабындысы, жеке заттар мен жиһаз жанып кетті. Өрт сөндіру қызметі келгенше, сол маңнан өтіп бара жатқан азамат газдан ауыр және жеңіл дәрежеде уланған екі адамды (біреуі – бала) құтқарды.
Олар ауруханаға жатқызылды. Өрт орнынан екі адамның мүрдесі табылды. Оқиға орнынан 27 литрлік газ баллоны шығарылды. Өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 14 адам, 5 техника жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.