Бүгін таңда Тараз қаласында 18 887 адам үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін 765 тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылы Тараз қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15-ші шағынауданда 3025 пәтерді құрайтын 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Жоспар бойынша аталған үйлердің 47-сі жыл соңына дейін толық пайдалануға беріліп бітуі қажет. Қалған 7 үйдің құрылысы 2021 жылға өтпелі. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев хабарлады.
"Алдағы уақытта 15-ші шағынаудандағы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталатын болса, онда 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үй пайда болады. Қазіргі таңда онда 35 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, 2019 жылдан өтпелі 16 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, 10 арендалық және 9 кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр",деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, аталған мемлекеттік бағдарлама аясында, алдағы уақытта қаладағы "Автобекет" аумағындағы 100 гектарда 14-ші шағынауданы бой көтермек. Онда 5 331 отбасына арналған 5 қабатты 33 үй, 9 қабатты 27 үй және 12 қабатты 5 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады.
Жалпы мұндағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстарын келер жылы толығымен аяқтау жоспарлануда.