Обырды дер кезінде асқындырмай анықтау аса маңызды. Өйткені қатерлі ісік тек алғашқы кезеңінде анықталса ғана толық емделуі мүмкін. Ал Қазақстан – онкологиялық ауруларды тегін анықтап, ақысыз емдейтін саусақпен санарлық елдің санатында.
Сонымен осы дертпен күресуде жетекші рөл атқаратын Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты биыл 60 жылдығын атап өтуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, яғни 2019 жылы елімізде 185 547 науқас есепте тұр. Алдыңғы жылға қарағанда науқастар саны 3 пайызға көбейген. Биылғы жағдай жыл соңында белгілі болады. Жыл сайын елімізде 35 мыңдай адамнан обыр анықталып, 15 мыңға жуық науқас көз жұмады.
Жыл сайын онкологиялық науқастарды емдеуге 36 млрд теңге бөлінеді. Бұған қоса 4 млрд теңге тұрғындар арасында тегін онкоскрининг жасауға жұмсалады. Өкінішке қарай, обырға шалдыққандардың басым бөлігі – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары екенін атап өткен жөн. Елімізде онкологиялық кеселдің 9 түрі белең алып тұр: сүт безі обыры, тері, өкпе, асқазан, жатыр мойны обыры, қуықасты безінің қатерлі ісігі, тоқішек қатерлі ісігі, тік ішек қатерлі ісігі, гемабластоздар.
Осы орайда Үкіметіміз 2018 жылы Онкологиялық аурулармен күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдағанын еске сала кету керек. Ендеше, осынау ауқымды жоспардың нендей нәтижесі бар? Атқарылып жатқан жұмыстар «Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-мәжілісте кеңінен баяндалды. Мерейтойлық мәжіліске отандық және шетелдік жетекші онколог-ғалымдар қатысып, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, қатерлі ісікті дербес емдеудің инновациялық әдістері, сәулелік терапияның жоғары технологиялық әдістері және хирургия, таргеттік терапия, иммуноонкологияның қазіргі жетістіктері туралы сөз қозғады.
Онлайн-режімде Аустралия, АҚШ, Испания, Швейцария, Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Беларусь, Корея, Италия, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші сарапшылары баяндамалар оқыды. Сондай-ақ пациенттерді оңалту және паллиативтік көмек көрсету, онкологиялық көмекті ұйымдастыру, ерте диагностикалау мәселелері талқыланды. Ең бастысы, COVID-19 пандемиясы жағдайында онкологиялық көмек көрсету мәселелері ұсынылады. Конференция аясында онкогинекология, маммология және онкоурология бойынша шеберлік сабақтары (life surgery) өткізілді.
Кеңес өкіметі тұсында құрылып, 60 жылды артқа тастаған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бүгінгі тыныс-тіршілігіне де тоқтала кеткен жөн. Институт қызметкерлерінің ғылыми жетістіктері шетелде мойындалған. Мұны ҰҒА академигі Саим Балмұхановтың 1997 жылы (Жапония) Нагай Такачи атындағы Халықаралық бейбітшілік сыйлығына ие болуымен айғақтауға болады.
1964 жылдан бері институт базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық гистологиялық жіктеуді (орофарингиалды ісіктер, өңеш және асқазан ісіктері, жоғарғы тыныс алу жолдарының ісіктері) құру жөніндегі анықтамалық зертханалары, өңеш қатерлі ісігі жөніндегі ұлттық орталық жұмыс істейді. Институт қызметкерлері әзірлеген диагностика мен емдеудің озық әдістемелері КСРО, Үндістан, Швеция, Перу, Англия елдерінің жетекші онкологиялық орталықтарында және Қазақстанның облыстық онкологиялық диспансерлерінде енгізілген. Барлық әзірленген технологиялар Қазақстанның Мемлекеттік патенттерімен қорғалған.
Қазіргі уақытта институтта 36 ұйымдастырушылық, диагностикалық және клиникалық орталық, бөлімшелер мен 670 қызметкер бар. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ – онкологиялық кадрларды даярлайтын және қайта даярлайтын клиникалық база. Институтта 5 клиникалық кеңес жұмыс істейді: хирургиялық, радиологиялық, химиятерапиялық, диагностикалық, мейірбикелік. Клиника 450 төсекке арналған, онда жыл сайын 10 мыңнан аса науқас емделіп шығады, 2500-ден аса хирургиялық ота жасалады. Медициналық көмек онкологиялық аурулардың барлық түрін қамтиды. Онкопатологиясы бар науқастарды диагностика жасау мен емдеуде орталықтандырылған мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Клиника ісік процестерінің толыққанды, тереңдетілген диагностикасын жүргізу үшін заманауи жабдықпен жабдықталған. Институт базасында иммуногистохимиялық және молекулярлық-генетикалық зерттеулердің референс-орталығы ашылды. Телемедицина желісі республиканың барлық өңірімен қашықтан кеңес беруге және клиникалық талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Институт – 6 сәулелі аппаратпен, соның ішінде соңғы буынды желілік үдеткіштермен (TrueBeam STX, Clinac2100) жабдықталған радиациялық онкологияның жетекші жоғары технологиялық орталығы. Сонымен қатар институтта қатерлі ісіктерді мақсатты химиялық және гормоналды препараттармен дәрілік емдеудің заманауи қағидаттары кеңінен қолданылады. Жоғары дозалы химиятерапия, әртүрлі локализациядағы ісіктерді эндоваскулярлық химияэмболизациялау және тері мен жұмсақ тіндер ісіктеріне электрхимиятерапия жүргізіледі. Сүйек кемігінің гемопоэздік дің жасушаларын аутологиялық транспланттау енгізілді. Бұдан басқа ҚазОжРҒЗИ-да посткеңестік кеңістіктегі онкологиялық науқастарға стационар жағдайында психологиялық-әлеуметтік көмек көрсететін алғашқы қызмет ашылды.
Ал жоғарыда атап өткен «Онкологиялық аурулармен күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» қатерлі ісіктердің ауыртпалығын, зардабын азайтуды көздейді. Жоспар төрт бағытты қамтиды: тәуекел факторларының алдын алу және басқару, тиімділігі жоғары дәлдіктегі ерте диагностиканы дамыту, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту, халықаралық стандарттарға сәйкес Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құруды қарастырады.
Қалай десек те, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқа онкологиялық мекемелерге қарағанда әлеуеті де, мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан оған артылатын жауапкершілік те аз емес. Өйткені бұл – сан мыңдаған науқастың өмірі мен бала-шағасының тағдыры.
АЛМАТЫ