Тарих • 14 Желтоқсан, 2020

Алтын Орда тарихы және Едіге би

722 рет көрсетілді

Тарих ғылымында тарихи тұлғалардың алатын орны мен атқарған рөлі көп қарастырылған мәселелер қатарына жатады. Белгілі бір тарихи тұлғалар тарихтың объективті даму заңдылығымен қатар өзінің жеке болмысындағы субъективті факторларымен өзі өмір сүрген қоғамның дамуын еселеп дамытса, кейбіреулері қоғам үшін дамудың жаңа бағытын анықтайды, тіпті олардың қолданған тарихи ұтымды әдіс-тәсілдері, таңдаған жолдары болашақ үшін үлгі болып алынады. Уақыт өте келе өз замандастарының алды болған тарихи тұлғалар есімдері жазба тарих пен ауызша тарихта сақталынып, небір аңыз-әңгімелер мен ғажайып мифтермен толықтырылып, ерекше аңыз адамға айналып, біздің күндерімізге дейін жетіп отыр. Ондай тұлғалар болашақта да халық жадымен қатар ел тарихында қала береді.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Түркітілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының тарихи жа­дында ұмытылмай, мәңгі бірге келе жатқан тұлғалар бар. Олар ел тарихының әртүрлі замандарында және әртүрлі мемлекеттерінде өмір сүріп, баршаға ортақ тұлға ре­тінде сақталып қалды. Солардың қатарына осы жылы 750 жылдық мерекесін атап өтіп жатқан Еура­зиялық зор мемлекет – Алтын Орда та­рихында да өмір сүрген тұлғалар жатады.

Үш ғасырға жуық өмір сүрген Ал­тын Орда тарихында ресми түрде тақты иеленген хандармен қатар, оның тарихында билеуші әулеттің өкілі болмаса да, терең із қалдырған өзге де тұлғалар жетіп артылады. Тіпті олардың кейбіреулерінің рө­­лі ресми хандардың рөлінен де басымырақ. Солардың қатарында Едіге бидің (1357-1419 жж.) есі­мі ерек­ше айтылады. Алтын Орда­да­ғы ыдыраушылық кезеңінде ол тарих мінберіне көтеріліп, 25 жыл­дай империя тарихында басты рөлдердің бірін ойнайды. Ширек ғасырға жуық Алтын Орданың күй­реуін тежеп, оны қалпына кел­тіруге ұмтылады. Сонымен бірге қа­лыптасқан заман талабына сай жаңа мемлекеттілік құрылымға – Ноғай Ордасына негіз қалап бе­реді. Сондай-ақ оның ұрпақтары күні бүгінге дейін өз­дерінің шығу тектерін Едіге бимен тікелей байланыстырып, мақтан етеді.

Едіге би – көзі тірісінде жә­не қай­тыс болғаннан кейін де араб, парсы, орыс, еуропалық ха­лықтардың жазба тарихында, Алтын Орда аумағында өмір сүрген түркітілдес халықтардың ауыз әдебиетінде есімі сақталған тұлға. Салыстырмалы түрде айтсақ, Едіге биге дейін, онымен замандас болған және одан кейін өмір сүрген Алтын Орда хандарының есімдері дәл Едігенің есіміндей жазба тарих беттері мен халық жадында сақталған жоқ. Тіпті өзі өмір сүрген жылдары атақ-дәрежесі алысқа тараған кейбір хандардың есім­дері өздері қайтыс болғаннан кейін бірте-бірте халық жадынан шыға бастайды да, тек шаң басқан жазба дерек беттерінде көптің бірі ретінде қалады. Ал Едіге бидің есі­мі болса, керісінше, көзі тірісінде қандай болса, одан кейін қаншама ғасырлар өтсе де, халық жадында ұмытылмай мәңгі сақталып, қайтыс болғанына 600 жылдан астам уақыт өтсе де, халқымен бір­ге келе жатыр. Біздің ойымызша, Едіге би есімінің осылай сақталып келе жатуының себептері де жоқ емес. Біз төменде сол себептерді анықтап көрелік. Себептерді анық­тау арқылы, жалпы Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы алатын ор­нын анықтап, қандай тарихи рөл атқарғанын көре аламыз.

Едіге бидің атқарған алғашқы тарихи рөлін, біз Алтын Орданың 1396-1419 жылдардағы саяси тарихынан көреміз. 1395 жылғы Мауереннахр билеушісі Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған жорықтары мен оның салдарлары жазба деректерде баяндалып, ғылыми әдебиеттерде жақ­сы қарастырылған. Шами мен Йездидің тарихи жазбаларында Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға жорықтары өте жақсы баяндалады. Тіпті, Йезди өз еңбегінің бір тарауын «Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы екінші жорыққа аттануы туралы әңгіме» деп атап, 1395 жыл­ғы жорықтың барысын нақты баяндап береді. Жалпы, Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы осы екінші жорығының салдарлары Алтын Орда үшін өте ауыр болғанын бар­­лық зерттеушілер бірауыздан мо­йын­дайды.

Экономикалық жағынан алған­да бұл жорық Алтын Орданы ауыр күйзеліске ұшыратады, ірі сая­­си-экономикалық орталықтар қиратылады, ішкі байланыстар бұзылады, көптеген тұрғын өл­тіріліп, Орта Азияға тұтқынға әке­­тіледі, отырықшы өңірлер қи­ра­тылады, ең ауыр болғаны – ха­лықаралық сауда жолы бұзылып, оның бағыты басқа жаққа ауысады. Ал жорық салдарын саяси жағынан алып қарасақ, Алтын Ордадағы орталық билік қатты әлсіреп, оның орнына ұлыстардағы жергілікті биліктер келе бастайды. Бұл дегеніміз – іс жүзінде Ал­тын Орданың орнында бір- бірі­не бағынбайтын бірнеше хан­­­дықтың құрыла бастағанын көр­сетеді. М.Г.Сафаргалиев 1396 жы­лы Алтын Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын, дербес төрт хандықтың – Сарай маңында Қойыршақ хан Ордасының, Ас­траханда Темір Құтлық хан Ор­дасының, Жайық бойында Едігенің Маңғыт Жұртының және Қырымға келіп билікті иеленген Тоқтамыс хан Ордасының пайда болғанын айтады. Дәл осы тұста Алтын Ор­даның саяси тарихында Едіге секілді тарихи тұлға көтеріліп, тү­ркі халықтарының Еуразиялық им­периясын сақтап қалу үшін белсенді түрде өз күресін бастайды.

Әмір Темірдің Тоқтамысқа қар­­сы күресінде алғашқысының жа­ғында болған Едіге, ең алдымен өз ұлысын талан-тараждан аман алып қалады да, оның әскери-эко­номикалық қуатын империяны сақтап қалуға пайдаланады. Атал­ған төрт Орда басшыларының Тоқ­тамыс ханнан басқалары Әмір Темір жағында болып, оның би­лігіне қарсы болған тұлғалар болатын. Олар үшін сол кездегі ең қауіпті қарсылас Қырымды басып алған Тоқтамыс хан еді. Едіге би мен Темір Құтлық хан бірігіп, алдымен Қойыршақ ханды саяси аренадан ығыстырады. Сол жылы, яғни 1396-1397 жылы біріккен күшт­ер Қырымдағы Тоқтамыс хан­ға аттанып, оны жеңеді. Тоқтамыс хан Литва князьдігіне қашып ба­рып, князь Витовты Алтын Ордаға қарсы бірігіп күресуге шақырады. Тоқтамыс хан мен князь Витовтың арасында келісім жасалып, оның шарты бойынша, Алтын Ордаға қарсы күрес сәтті аяқталған жағ­дайда Тоқтамыс хан Алтын Орда тағына қайта отырғызылады да, ал Витовқа барлық орыс князьдерінің жерлері беріледі.

1399 жылдың 12 тамызында Днепрдің сол сағасы Ворскло өзені маңында екі жақтың әскері кездесіп, шешуші жеңіс Едіге мен Темір Құтлық жағында болады. Бұл ұрыста Едіге би шешуші рөл ат­қарады. Бұл жеңіс Тоқтамыстың жағдайын одан әрі құлдыратса, Едіге би мен Темір Құтлық ханның атағын одан әрі аспандатады. Осы­лайша, Едіге би мен Темір Құтлық ханның одағы Алтын Орданы аман сақтап қалады. Дәл осы жылы Те­мір Құтлық хан қайтыс болады да, Алтын Ордадағы орталық атқарушы билік Едігенің қолына көшеді. Темір Құтлықтың тұсында «Ордадағы князьдердің князі», яғни Ұлыби болған Едіге, одан кейін бар билікке ие болады. Сол тұстағы Едігенің рөлі туралы «Ол тақ­қа кімді отырғызуды және оны қашан кетіруді өзі шешті, ол бұйырса – оған ешкім қарсы кел­меді...» – деп баяндайды араб та­рих­­шысы Ибнарабшах.

Едіге би Шыңғыс әулетінің өкілі бол­мағандықтан өзі хан лауазымын иеленбейді, бірақ та мемлекетті басқаруды Мауереннахрдағы Әмір Темір сияқты «қуыршақ» хандар арқылы жүзеге асыра бастайды. Бұл оған өте ауыр болады. Өйт­кені әлі де болса шыңғыстық идео­логия мен көшпелі тайпаларға сү­йен­ген әр ұлыстардағы Шыңғыс ұр­пақтарының тақтан үміттері зор болатын. Сондай-ақ Тоқтамыс хан мен оның ұлдарының Алтын Ордаға қайтып келу қаупі де бар еді. Соған қарамастан Едіге би өзі қаза тапқанға дейін өзінің негізгі мақ­сатынан айнымайды.

Едіге би 1399 жылы Алтын Орда тағына Темір Құтлық ханның немере туысы Шәдібекті отырғызады. 1407 жылға дейін Шәдібек хан ар­қылы Едіге би Алтын Орданы соңғы рет біріктіре алады. Хан­ның атымен Каффада, Азакта, Ас­траханьда, Дербентте, Бакуде, Хо­­резмде ақшалар шығарылады. Едіге би бірнеше рет Болғар мен Қы­рымда бекінуге күш салған Тоқтамыс ханның ұлдарына қарсы сәтті жорықтар ұйымдастырады.

Ал 1408 жылы Едіге би Орыс князьдерінің Алтын Ордаға тәуел­ділігін қалпына келтіру үшін Мәс­кеуге жорыққа аттанады. Еді­генің бұл жорығы түпкі мақ­сатына жетпесе де, бірнеше орыс қаласы то­науға ұшыратылады, бір ай бойы Мәскеу қаласы қоршауға алы­нады. Мәскеуліктердің 3000 рубль төлемінен кейін ғана Едіге би кейін оралады. Осылайша, Едіге би Алтын Орда аумағын қалпына келтіріп қана қоймай, оған тәуелді орыс жерлерінің де тәуелділігін бұрынғы кездегідей қалпына кел­тіруге ұмтылады. Біздің ойымызша, бұл айтылғандардың бәрі Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы ең басты тарихи рөлін көрсетеді.

Алтын Орда секілді алып им­перия­да орталық билікті иелену бар да, оны ұстап тұру тағы бар. Едіге биге осы жолда қарсыластардың екі тобымен – ішкі және сыртқы күштермен күрес жүргізуге ту­ра келеді. Ішкі қарсылас ретінде Шә­дібек, Болат, Темір секілді Шың­ғыс әулетінің өкілдері саналды. Олар таққа келісімен «қуыршақ» рөлінде болғысы келмей, Ордадағы кейбір топтардың қолдауына сүйеніп, Едігенің өзіне қарсы шыға бастайды. Ал сыртқы күшке Алтын Орда тағын қайтару үшін күрес жүргізген Тоқтамыс ханның ұлдары жатты.

1411 жылы Едіге би мен тақта отыр­ған Темір Құтлық ханның ұлы Темір хан арасында күрес бас­талып, Едіге би жеңіледі де Хорезм аймағына кетеді. Еді­генің жоқтығын пайдаланып, Тоқ­тамыс ханның ұлдары Темір хан­нан Алтын Орда тағын тартып алады. Дегенмен де, Едіге би саяси күрестен бас тартпай, Тоқ­тамыс хан ұлдары арасындағы алауыз­дықты пайдаланып, оларды жеңі­ліске ұшыратады. Алтын Орда тағына Шыңғыс ұрпақтарының бірі – Чекре ханды 1414 жылы отыр­ғызады да, өзі бар билікті ие­ленеді. Сөйтіп, Алтын Орданың мәртебесін қалпына келтірмек бо­лады. Бірақ біршама күшейіп алған Тоқтамыстың ұлдары да тақтан үміттерін үзбейді. Ақыры 63 жасында атақты Едіге би Жайық өзені бойында Тоқтамыс ханның кіші ұлы Қадірберді ханмен болған ұрыста қаза табады. Оның нақты қай жылы қаза тапқанын араб тарихшысы Элайни (1361-1451 жж.): «822 жылы (28 қаңтар 1419 ж. – 16 қаңтар 1420 ж.) Едіге патша немесе Едіге қайтыс болды, ол өлтірілді», деп, оның қалай өлтірілгенін нақты баяндап береді.

Осылайша, Едіге би Алтын Ор­даның 1396-1419 жылдардағы саяси тарихында қөрнекті рөл атқарып, тарихи тұлғасы ерекше маңызға ие болады. Ол туралы жырланатын дастандардың бірінде:

«Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Ел шетіне жау келсе,

Мен барайын дер екен,

Ел ішінде дау болса,

Мен шешейін дер екен...», – деп айтылады.

Бұл жырдағы әр жолдан Едіге бидің тұлғалық болмысы толық ашылып тұр деуге болады. Бірінші жол – оның ер, азамат, тұлға екен­дігін айтса, екінші жолдан – ха­лықтың мүддесін ойлаған басшы, көсем болғандығын көреміз. Ал үшінші, төртінші жолдар Едіге би­дің – қайтпас батыр, қолбасшы, ел қорғаны болғандығын көрсетсе, қал­ған соңғы екі жол тарихи тұлға­ның би, шешендігін айқындап тұр.

Едіге бидің ширек ғасырға жуық Алтын Орданың саяси өмі­ріндегі тарихи рөлін түсіну үшін, ол қаза тапқаннан кейінгі жылдармен салыстырып көрелік. Сонда ғана оның тарихи рөлі анық көрінеді. Біз жоғарыда  Әмір Темірдің екінші жорығының салдары ре­тінде 1396 жылы Алтын Орда аумағында төрт дербес хандық құрылды деп айтқанбыз. Олар – Астраханьда Темір Құтлық ханның Ордасы, Қырымда – Тоқтамыс хан, Ноғай Ордасы және Сарай маңында Қойыршақ хан билік еткен Орда. Едіге бидің басшылығымен 1-2 жылда олардың бәрі Алтын Орда құрамына қайта қосылады. Хорезм аумағы да Алтын Ордаға енгізіледі. Сөйтіп, Едіге бидің тұсында Алтын Орда бұрынғы қалпына келтіріледі, орталық билік сақталады. Ал енді Едіге би қаза тапқаннан кейінгі өткен ширек ғасырға көз жүгіртсек, мынадай суреттерді көреміз.

1420 жылы – шибан Ұлысының негізінде Сібір хандығы құрылады;

1427 жылы – Қырымда тұқайте­мірлік әулеттің өкілі Хажы Керей өзін хан деп жариялайды;

1435 жылы – Алтын Орданың орнында жаңа атаумен Үлкен Орда хандығы пайда болады;

1438 жылы – Еділдің орта ағы­сы бойында Қазан хандығы пайда болады;

1440 жылы – Ноғай Ордасы же­ке мемлекет ретінде қалыптасып бо­лады.

Едіге би қайтыс болғаннан ке­йін­гі 20 жыл ішінде Алтын Орда біржолата ыды­рап, орнында бір- бірімен кү­рескен жеке хандықтар қалған екен. Басқа да факторлармен бірге біз оның себебіне Едіге би секілді тари­хи тұлғаның болмауы­нан деп түсін­діреміз.

Едіге бидің Алтын Орда тари­хындағы келесі бір атқарған тарихи рөлі мен маңызына – оның Алтын Орданың саяси басқару жүйесіне Мауереннахрдағыдай Әмір Темір енгізген мемлекетті басқарудың жаңа формасын енгізуге талпыныс жасауы жатты.

 XIV ғасырдың 60-70-жылдарында Алтын Орда тарихында болған «дүрбелең жылдар» шың­ғыстық идеология мен мем­лекеттегі жоғары билікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәс­түрдің де іргесін қатты шайқал­тып жібереді. Осы кездерден бас­­тап жергілікті тайпалар мен түрік­тенген моңғол тайпаларының әмір­­лері мен бектері мемлекеттің сая­­си өмірінде белсенді рөл атқара бастайды. Алтын Орданың батыс бө­лігінде 1360-1380 жылдары қият тайпасының әмірі Мамай, кейіннен маңғыт тайпаларының Едіге би, ал шығыс бөлігінде қият Исатай, оның ұлы Жыр-құтлы хан тағына кімді отырғызуды өз қолдарына алады. Олар хан тағына өз мүдделеріне сай келетін үміткерлерді отырғызып, қа­ламаған жағдайда немесе жер­гілікті ру-тайпа басшыларының мүдд­есіне қарама-қарсы саясат жүр­гізген жағдайда алып тас­тап отырды. Осылайша, хандық би­лікті иелену мен мұраланудағы моң­­ғолдық дәстүрдің принциптері бұ­­зылады да, оның орнына бірте-бірте моңғолдарға дейінгі немесе жергілікті қыпшақтық дәстүр қолданыла бастайды.

Билікті иелену мен мұралану­дағы моңғолдық дәстүрдің принци­піне биліктің, тікелей ұлдарға бе­рілуі жатты. Мұны Шыңғыс хан­­­­ның өзі іс жүзінде дәлелдейді. Ол ұлдарына 5-9 мыңдық шаңы­рақ­тарды еншіге бергенде, туған інілеріне 1,5-4 мыңдық түтін бө­леді. Сондай-ақ 1219-1221 жылдары Орта Азия мен Қазақстанға жо­рыққа аттанар алдында ұлдары мен бауырлары бас қосқан жиын­да Шыңғыс хан тақ мұрагерін анық­тау туралы мәселе көтеріп, өзара пікір алысқаннан кейін ке­сімді пікірді өзі айтады. Тақ мұ­рагері болып төрт ұлдың бірі – Үге­дей белгіленеді. Осы хандық би­лікті иелену мен мұраланудағы моңғолдық дәстүр, яғни биліктің әкеден тікелей ұлдарының біріне берілуі XIII ғасырдың басынан бастап моңғолдар билік құрған аумақ­тарда қалыптасқан қатаң заң, бұзылмас ереже түрінде қабыл­данады. Ал бірақ, жоғарыда атап көр­сеткеніміздей, бұл дәстүр бір ғасырдан астам уақыт өмір сү­ріп, күшін әлсірете бастайды. Би­лікті иелену мен мұраланудағы моң­ғолдық дәстүрдің әлсіреуі Жо­шы ұлысындағы саяси және эт­ностық процестермен қатар жүрді және бір-бірімен өте тығыз бай­ланыста болды. Неғұрлым қып­шақтану процесі тереңдеген сайын моңғолдық дәстүрдің де күшін жоя бастағанын байқаймыз. Сөй­тіп, XIV ғасырдың ортасына таман Жошы ұлысында моңғолдар үс­темдігі кезеңінің аяқталуы этносая­си дамудың нәтижесімен қатар, билікті иелену мен мұраланудағы Шыңғыс хан енгізген тәртіптің де жойылуынан деп түсінеміз.

XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында болған саяси оқи­ғалар барысында моңғолдарға дейінгі қыпшақтық дәстүр мен толық жойыла қоймаған, әлі де болса өз әлеуетін сақтап отырған моңғолдық дәстүр арасындағы күрестерді көруге болады. Алтын Ор­даның тағында Тоқтамыс ханнан Барақ ханға дейінгі аралықта, яғни 1395-1420 жылдары 15-ке жуық адам таққа отырған деген дерек мәліметтері көрсетеді. Олар: Орыс ханның, Тоқтамыс ханның, Темір Құтлық ханның ұрпақтары бо­латын. Олардың бірнешеуі ғана өздерінен соң билікке ұлдарын отырғыза алса, ал қалған көпшілігі Едіге бидің тікелей қолдауымен билік тізгінін ұстайды. Едіге бидің тікелей қолдауымен Алтын Орда тағына отырғызылғандар әкелі-балалы тұлғалар емес, олар бір-біріне немере-туыс, аға-іні болып келеді. Мұның бәрі Едігенің Әмір Темір секілді мемлекет басқару ісінде жаңа форманы енгізе баста­ғанын көрсетеді. Дегенмен де  Еді­генің бұл реформашылдығы Ал­тын Орда аумағында шыңғыс­тық идеологияның толық жойыл­ма­­ғандығын және жергілікті этностық күштердің әлі де болса толық саяси кеңістікті игермендігін көрсетеді.

Едіге би Алтын Орда аума­ғын­­да жаңа мемлекеттік құры­лымды қалыптастыра алмаса да, оның ұрпақтары өзі негізін қа­ла­ған Ноғай Ордасында шың­ғыс­тық идеологияның ықпа­лын­­­сыз жаңа мемлекеттік құ­ры­лым­­ды қалыптастырады. Ма­уе­рен­нахрдағы Әмір Темір қа­лыптастырған мемлекеттік құ­ры­лымды – Темірлік мемлекет түрі де­сек, Ноғай Ордасындағы Едіге бидің мұрагерлері қалыптастырған құрылымды – Едігелік мемлекет түрі деуге болады. Және де едігелік идеология негізінде құрылған Но­ғай Ордасы XV-XVI ғасырларда Ал­тын Орда аумағындағы қуатты мем­лекеттердің бірі болып, тек XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүруін тоқтатады.

Едіге би де Шыңғыс әулетіне туыс болу үшін Әмір Темір секілді хан әулеті – Орыс ханның ұлы Қойыр­шақ ханның қызына үйленіп, курекэн (күйеу) атанады. Ол да Әмір Темір секілді өзінің шығу тегін Шыңғыс ханның арғы ата-бабаларымен байланыстырады. Шәкәрім Құдайбердіұлының дерегіне қа­расақ: «...Қайду хан өлгенде ор­ны­на баласы Байсұңқар хан болды, оның орнына баласы Түмен хан болды. Оның тоғыз баласы бар еді: Нотақын, Шақсы, Қажул, Қабул, Сымақожан, Баткелекей, Одирбаян, Болжардоғлан, Шынтай. Нотақынның екі баласы – Орут, Маңғыт. Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге осы Маңғыт руынан... Едіге бидің шығу тегі жөнінде екінші бір нұсқада Едігенің арғы атасы мұсылман әлеміндегі алғаш­қы халиф Әмір әл-Момын Бәкір әл-Садық, ал бергі атасы Баба Тук­лас», делінеді. Біз Едіге бидің шығу тегі жөніндегі екі нұсқаны да Ноғай Ордасы секілді жаңа мем­лекеттің идеологиялық негізі ретінде жасалған деп түсінеміз.

Едіге бидің ұрпақтары да Алтын Орда мен одан кейінгі оның орнында құрылған мемлекеттердің тарихында үлкен рөл атқарады. Оның ұрпақтары Мансұр би, Нұраддин, Кейқуат, Оқас би, Ғази би, Наурыз, Мұса би, Сейдахмет, Шайх Ма­май, Жүсіп, Исмайл би және тағы бас­қалары өз заманының көрнекті тарихи тұлғалары қатарына жатады. Ресейде оның ұрпақтарының бір­нешеуі өз фамилияларын әлі күн­ге дейін сақтаса, қазақ халқы­ның шежіресінде өздерін Едігеден тарататын рулар бар.

Осылайша, Едіге бидің Алтын Орда тарихындағы атқарған рөлі мен тұлғалық маңызын қорытын­ды­лай келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз.

Едіге би – Алтын Орданың ыдырау дәуірінің алғашқы кезеңінде та­рих сахнасына көтеріліп, оның күйреуіне жол бермей, оны сақтап, қалып, бұрынғы дәрежесіне дейін көтерген тарихи тұлға. Едіге би – Мауереннахрдағы Әмір Темір секілді Алтын Ордада мемлекетті бас­қарудың жаңа түрін енгізуге күш салған тұлға болып саналады. Едіге би – Ноғай Ордасы секілді мемлекеттің негізін қалап, едігелік идео­логияны сол мемлекетке енгіз­ген тұлға. Едіге бидің көптеген ұр­пағы бұрынғы Алтын Орда мен оның орнында пайда болған мем­лекеттер тарихында терең із қалдырған тұлғалар қа­та­рына жатады. Сонымен бірге оның ұрпақтары күні бүгінге дейін өздерінің шығу тегін Едіге бимен байланыстырады.

Жалпы, қорыта келгенде, Еді­ге бидің тұлғалық болмысы Ал­тын Орда мен одан кейін пайда болған мемлекеттер тарихында, сол аумақтарда өмір сүрген халықтардың тарихында ерекше орын алып, олармен бірге өмір сүре беретіні сөзсіз.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Соңғы жаңалықтар

Салаға дем берген жан

Экономика • Бүгін, 10:01

Алматыда жер сілкінді

Аймақтар • Бүгін, 09:23

Татьянаның тәтті жымиысы

Руханият • Бүгін, 08:39

Аспандағы Ардана

Қоғам • Бүгін, 08:39

Суперкубок кімге бұйырады?

Спорт • Бүгін, 08:35

Сөз сойыл №101

Қоғам • Бүгін, 08:23

Қағидаты – қарапайымдылық

Қоғам • Бүгін, 08:17

Нәзік те ержүрек арулар

Қоғам • Бүгін, 08:16

«Алтын алқалы» Айым

Аймақтар • Бүгін, 08:14

Өлеңдер топтамасы

Руханият • Бүгін, 08:09

Жұрт іздеген Жібек

Аймақтар • Бүгін, 08:06

Үміт шоғын маздатқан

Қоғам • Бүгін, 08:05

Биіктен қарайтын бибі

Қоғам • Бүгін, 08:04

Мейірім

Руханият • Бүгін, 08:02

Білікті басшы, білімді маман

Аймақтар • Бүгін, 08:01

Тағылымы терең кәсіп иесі

Руханият • Бүгін, 07:54

Ғылым әлемін әрлегендер

Руханият • Бүгін, 07:51

Рухани тәуелсіздік бастауы

Руханият • Бүгін, 07:46

Бақытын «Баян сұлудан» тапқан

Аймақтар • Бүгін, 07:44

Полковник ханым

Руханият • Бүгін, 07:41

Әлихан және Алаш аңсары

Руханият • Бүгін, 07:38

Теріскейдің Самалы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар