Отырыстың ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі елшілігіне және барлық қатысушыларға аталған шараға атсалысқандары үшін шексіз ризашылығын білдірді.
«Ұлттық музейдің басты миссиясы – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және қалпына келтіру арқылы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын сақтау және насихаттау. Біз швед археолог-ғалымдарының назарына Ұлттық музейдің ғылыми қызметіндегі далалық археологиялық зерттеулеріне қатысты бірегей ақпаратты ұсынуға асықпыз», деді А.Мұхамедиұлы.
Ж.Таймағамбетовтің ұсынылған баяндамасы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде автор Қазақстан аумағындағы антропогенездің және ежелгі ескерткіштердің мәселелеріне тоқталса, екінші бөлімінде иллюстрациялық материалдарды көрсете отырып, Ресей, Германия және Жапония археологтарымен бірлесіп жасалған жұмыстары жайында тың ақпараттарымен бөлісті.
Айта кетейік, аталған онлайн-дәріске Швеция және Қазақстан археолог-ғалымдарымен қатар Ресей, Германия, Жапония мемлекеттерінің мамандары да қатысты.