Саясат • 14 Желтоқсан, 2020

Жобаның мәні – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру

453 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.

Жобаның мәні – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Алқалы кеңеске Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалалары және облыстар әкімдері – ҚХА төр­ағалары, Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мем­лекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде Тұңғыш Прези­дент – Елба­сы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт­шілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мә­селелері, сондай-ақ еліміз­дің Тәуел­­сіздігін нығайтудағы Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясының рөлі қарастырылды.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы «Бү­гін этносаралық қарым-қаты­настарды дамы­тудың жаңа кезеңі­нің уақыты келді. 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңе­сінде Елбасы этносаралық қарым-қатынас сала­сында жаңа инк­люзивті саясатқа сұра­ныс барын баса айтты. Ассамблея Төр­аға­сы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдеріс­терін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін тапсырды.

«Қазақстанның этникалық және мә­дени алуан түрлілігін – бә­се­­келестік артық­шылыққа жә­не ел­дің тәуелсіздігі мен да­муын ны­­ғайтуға арналған құралға» транс­фор­мациялау қажеттілігі бел­гіленді.

Бірлік пен келісімнің әлеу­мет­тік капиталын нығайту, этнос­тар арасындағы өзара әрекет­тес­тіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселе­ні сая­силандыруға жол бермеу, эт­ни­калық негіз­дегі кез келген жан­жалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі», деп атап өтті.

Биыл қысқа мерзімде еліміздегі этнос­аралық процестерді бас­қаруға қатысты әдістемелерді ауыс­тыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылды. Олар институционалды түрде анықталған сипатқа ие болып отыр.

Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сының 2020 жылы іске асырылуы қорытындыланып, жұмыстың алдағы уақыттағы басымдық берілетін бағыттары айқындалды.

Жаңа жағдайларды ескере отырып, бір­қатар жаңа жобалар ен­гізілді, оны тәжірибелік тұрғыдан толық қамту және терең­дету бойынша арнайы Жол картасы әзір­­ленді. Оның негізгі мәні – ұлттың бәсе­кеге қабілеттілігін  арттыру.

Мемлекеттік хатшы қоры­тын­дылай келе: «Бүгін біз жаңа VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынып отырмыз. Мемлекет басшысы Ассамблеяның XXVIII сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды, онда 9 депутат сайланады.

Ассамблеяның депутаттық корпу­сының жұмысын жетілдіріп, болашақтағы қызметі мен мақсат-міндеттерін қайта қарас­тыру күн тәртібінде тұр. Жаңа жағ­дайда дәстүрлі қа­лыптан шығып, жаңа жолдар қарастырып үйрену қажет. Сон­дық­тан Ассамблея және Пар­ламент алдында жақын бола­шақта тұрған міндеттерді тағы бір мәрте нақтылап, шешу керек деп есептеймін.

Біріншіден, «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасы Ұлттық жаң­ғырудың өзегіне айналуы тиіс. 

Екіншіден, Ұлттық жаңғ­ы­ру­дың басын­да мемлекеттік тіл мә­селесі тұруы қажет.

Қазақ тілі – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тілдердің бірі. Лексикалық  және әлеуметтік базасы кеңейіп, жаңа қаріп­тік кескінге көшу алдында.

80% түлектер қазақ тілінде ҰБТ тапсы­рады, ал Абай тілінде сөйлейтін басқа этнос өкілдері таңсық емес.

Біз бұрынғыдай қазақ тілін сақтау қажет­тігі туралы мәселе көтермейміз. Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қаты­нас тіліне және біріктіруші факторға айналуы үшін барлық жағдай жасалған.

Бұл – біздің Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ортақ, ауқымды еңбегіміздің жемісі. 

Үшіншіден, Қазақ халқының мемлекет құрушы субъект ретін­дегі мәртебесін түсінуді нақты айқындау қажет.

Қазақ халқы басқа этностар үшін интеграцияның табиғи орталығына, ұлттың өзегіне айналуы керек. Сонымен қатар барлық этностар Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілікті бөліседі. Бұл барлық сындарға жауап берудің және Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктерді дамытудың жалғыз жолы. Бұл түсінікті қоғамда тарату керек.

Төртіншіден, ескірген көз­қарастарды сақтай отырып, ұлттың модернизация­лануы мүмкін емес. Пандемия жауап­кер­шілік пен тәр­тіптің жоқтығын, кәсіби құзырет­тіліктің, салауатты өмір салтының маңыздылығын көрсетті.

Бірақ ең маңыздысы, еңбек – бұл ақша табудың міндеті емес, ең ұлы игілік, өзін өзі толық тану, әлеуметтік қарым-қатынас және қоғамды мойындату мүмкін­дігі екен­дігі белгілі болды. Ассам­блеяның міндеті – еңбек, жауап­кершілік, білім және кәсіби құн­ды­лықтарды белсенді насихаттау.

Бесіншіден, биылғы оқиғалар COVID-19 аясында өрбіген инфоде­мия не­месе этносаралық қаты­настар тақыры­бындағы жалған жа­ңалықтар болсын, халықтың де­з­информацияға деген осалды­ғының жоғары деңгейін көрсетті. Бұл манипуляцияны алыс мақсаттар үшін мүмкін етеді және біздің міндетіміз – бұқаралық санада деструктивті өшпенділікке қарсы мәдени және ділдік қалқан құру» деді.

Отырыс соңында «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңының 87-бабы және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынды.

 

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМ­­БЛЕЯСЫ КЕҢЕ­СІ ҰСЫНҒАН
ПАРЛА­МЕНТІ МӘЖІ­ЛІ­СІНІҢ ДЕПУ­ТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕРЛЕР:

  1. АБДРАХМАНОВ Сауытбек Абдрахманұлы – Парламент Мәжілісінің VІ шақы­рылымының Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты, ҚХА мүшесі.
  2. АМИРХАНЯН Аветик Рубе­нович – Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облыстық «Масис» ар­мян этномәдени қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.
  3. БУЛАРОВ Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы, Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі.
  4. ДЕМЕНТЬЕВА Наталья Григорьевна – «Көкшетау гума­ни­тарлық-техникалық лицей-мек­тебі» КММ директоры.
  5. ЛИ Юрий Виссарионович – «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы» ЗТБ төрағасы, ҚХА Кәсіпкерлер Қауымдастығының мүшесі.
  6. НАБИЕВ Вакиль Гусей­но­вич – «Барбанг» күрдтер қауым­дас­тығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚХА мүшесі.
  7. ОСИН Шамиль Абзалет­ди­нович – «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» респуб­ли­калық қоғамдық бірлесті­гінің Қарағанды облысы бойын­ша филиалының директоры, Қа­рағанды облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА мүшесі.
  8. ТОХТАСУНОВ Владимир Им­тахунович – «ЖетысуОблГаз» ЖШС Бас директоры.
  9. ХАМЕДОВ Абилфас Мус­ли­мович – «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.