Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2020

Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндама жарияланды

707 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндама жарияланды. Бұл туралы Экология министрлігі хабарлады.

Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндама жарияланды

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы мен сараптаушы топтың қолдауымен 2019 жылға арналған Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық баяндама әзірленді.

Ұлттық баяндамада 2019 жылғы қоршаған ортаның жай-күйі туралы мәліметтер, қоршаған орта мен табиғи ресурстардың сандық және сапалық сипаттамалары, негізгі қоғамдық маңызы бар экологиялық проблемалармен қоса, қоршаған ортаға антропогендік әсер, аймақтардағы экологиялық жағдай, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы мәліметтер көрініс тапқан.

Баяндамадағы мәліметтер мен ақпараттар елдегі мүдделі орталық және жергілікті, атқарушы, мемлекеттік органдарымен ұсынылған ресми материалдарға және мемлекеттік статистика деректеріне негізделген.
Ұлттық баяндама Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 166-1-бабына сәйкес ел аумағындағы нақты экологиялық жағдай және оны жақсарту бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты жыл сайын ақпараттандыру мақсатында әзірленеді.

Ұлттық баяндаманың электрондық нұсқасымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің  сайтында танысуға болады.

Баяндаманың қағаз нұсқасы Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорында сақталуда.