![Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты](/media/2020/12/14/201214184655815a3730157i.jpg)
Жиында сөз сөйлеген Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет әрдайым бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.
– Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған едім. Сонымен қатар тағы бір маңызды бастаманы – «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен таныстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қарқынды әрі маңызды өзгерістер жағдайында қоғам үшін ең маңызды міндет елдің одан әрі дамуына негіз қалыптастыру екенін айтты.
– Қазақстан жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуге тиіс. Интеллектуалдық әлеуеті зор дәл осы жастар батыл идеялар мен бастамаларды іске асыруға жол бастайды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» жобасы интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді тану және мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында елдің белсенді жастарының басын біріктіргенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Мың Бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері мен өзгерістерді қадағалау бойынша сала менеджерлерін оқыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды.
Сонымен қатар Елбасы «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін ауруханалар жанынан оңалту орталықтарының және елдің сегіз өңіріндегі мектептер жанынан инклюзивті қолдау кабинеттерінің ашылуы ең жақсы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жыл сайын бес мың бала үшін әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қамқорлық» орталықтарының моделі қолжетімді оңалту ісін дамытудың жақсы үлгісі екенін атап өтті.
– Бұл бастаманы қолдағаны үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, Үкіметке және әкімдіктерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар 2021 жылы өңірлерде тағы жеті орталықтың ашылуына және Алматы қаласында екі орталықтың қайта құрылуына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ мен барлық өңірлерді әр ауданда осындай орталықтар ашуға және бұрынғыларын жаңартуға шақырамын. Осы арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың отбасыларын қолдау аясын кеңейтеміз, – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жастарды Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды, сондай-ақ форумға қатысушылардың барлығын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.