Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2020

Өскемендегі өзгерістер

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын Өскемен өзгеріп, түрленіп келеді. Қаланың әр аумағында қарқынды құрылыс, құж-құж қайнаған тіршілік. Дамылсыз дамып келе жатқан шаһарда халық саны да анағұрлым артқан.

Өскемендегі өзгерістер

Баспана басты назарда

Облыс орталығында орын тепкен ха­лық­тың басты мәселесі баспана еді. Бү­гін­де әртүрлі мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­лар­дың аясында тұрғын үйге қол жеткізу едәуір жеңілдеді. Биыл кезекте тұрған көп балалы отбасылардың 320-сы баспанамен қамтылды. Есептеп қарасақ, соңғы он жылда халыққа жалпы саны 834 жалдамалы пә­тер берілсе, биыл 627 пәтер тұрғындар игі­лігіне табысталған.

2020 жылы көптеген тұрғын үй са­лын­ғанымен, жобалардың бір бөлігі келесі жылға көшті. Биыл «Нұрлы жол» шағын ауданындағы саябақтың жанында 8 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала­ның тұрғын үй қорына 1 мыңнан астам жаңа пәтер қосылады.

Әлбетте, қала халқы өскен сайын көше­лер­дегі көлік ағымы да артады. Бұл ретте Өс­кемендегі бірқатар көше кеңей­тіліп, жө­н­деуден өтті. Атап айтсақ, Қ.Сәтбаев даң­ғылы арқылы Самар тас жолына шы­ға­тын төрт және алты бағыттық жол салынды. Жиектері ою-өрнекті темір шарбақпен қоршалып, бойына 200 түптен астам шырша отырғызылды. Жаяу жүргіншілерге ар­налған жолағы да бар. Сонымен қатар І.Есенберлин даңғылынан Жібек жолы көшесіне дейінгі бөлігі жуықта қолданысқа берілді. Бұл жол көлік кептелісін едәуір азайтары сөзсіз. Келесі жылы асфальті түс­кен жолдың жиектерін абаттандыру, жа­рық­тандыру сияқты жұмыстар қала бас­шы­лығының жоспарында тұр.

– Жыл соңында қолға алынған жаңа жо­ба аясында қала көшелерін жарық­тан­ды­ру жұмыстары басталған. Бұл облыс орталығының 400 көшесін қамтиды. Бәрі ойдағыдай болса, келесі жылдың соңына дейін 14 мың жарық нүктесі ауыстырылады. Ескі шамдардың орнына күннің уақытына байланысты өздіктерінен реттелетін заманауи үнемді жарық диодтары орнатылады, – деді қала басшысы Жақсылық Омар.

Сондай-ақ тұрғындардың өтініш­тері­мен 10 шақырым жаяу жүргіншілердің жол­дары төселді. Қосымша тағы 12 ша­қы­рым тротуар жөнделді. Ал қала көше­ле­рінің 50 шақырымнан астамына жөндеу, жаң­ғырту жұмыстары жүргізілді. Рабочий, Промышеленный көшелері мен Өскемен – Семей автожолындағы жөндеулер аяқ­тал­ды. Осы уақытқа дейін бір бағыттық қана болған Шәкәрім даңғылына қарама-қарсы бағыт қосылып, кеңейтілді. Бұдан басқа да көшелер, трамвай рельстері жөндеуден өтті.

 

Аулалар абаттандырылды

Жаңарған, жаңғырған нысандар аз емес. Абаттандырылған 55 ауланың басым бөлігі балаларға арналған ойын алаңы бол­­са, бесеуі спорттық нысан. 19 шағын ау­данға да көп көңіл бөлініп келеді. Атал­ған шағын ауданның 10 ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 фут­бол алаңы салынды. Аз уақыт ішінде жаяу жүргіншілерге арналған аллея түсті. Асыр салған балалар үшін ойын ала­ңы бой көтерді. Әсіресе жаздың күні кешкі сал­қын­мен серуендеуге таптырмас орын. Айт­пақшы, аллеяның бас жағына «Ал­тай­дың бөктеріндегі Өскемен» деген ой салатын үлкен композициялық логотип орнатылды. Қала атауы бірыңғай Óskemen деп латынша жазылды. Дәл осындай композиция қаланың кіреберісінен де көрініс тауып, ұлттық рухты сезіндіргендей болды.

Саябақтар Н.Назарбаев даңғылы бойы­нан да ашылды. Коммуналдық қыз­мет­кер­лер қала­ның басты көше­сін­де үш ба­ғытта жұмыс істеді. Бірін­шід­ен, даң­ғыл бойында үш сквер ұйым­дас­ты­рыл­ды. Екіншіден, квар­талдағы ескі ғима­раттардың қасбеттері мен жеке сектор­дың қор­шаулары бірыңғай сәу­леттік стильге келтірілді. Үшіншіден, Стаха­нов­ский көшесінен Металлургтердің қиы­лысы­на дейінгі 550 метрлік учаскеде жаяу жүр­гін­ші­лер аллеясы пайда болды.

 

Білімді жастарға жайлы жағдай

Болашақ бірлікте, білімде дейміз. Ал артық білім кітапта емес пе?! Осы ретте айта кетейік, қала кітапханалары да назардан тыс қалған жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында О.Бөкей атындағы кітапханаға, орталық балалар кітапханасына және №2 филиалға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Баса айта кетерлігі, О.Бөкей атындағы кітапханада жасөспірім оқырмандар үшін тұңғыш рет VR-киіз үй ашылды. Сонымен қатар лингвистикалық орталығында тегін тіл үйренуге болады.

Биылғы оқу жылы қашықтан басталса да, қыркүйекке дейін қаладағы 37 мектеп, 24 балабақша және 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жөнделді. «Зерек» орталығы жұмысын күрделі жөн­­деуден өткен ғимаратта бастады. Бұл балаларға әуе, су, құрылыс техни­ка­ла­рының модельдерін жасауды үй­рететін жал­ғыз техникалық шығар­ма­шылық орталық.

 

Саламатты өмір салтын ұстанамын десеңіз...

Жарты әлемді жайлаған індет ден­сау­лық­тың қадірін ұғындырғандай болды. Халық ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеді. Иә, ауырмаудың бірден бір жолы – саламатты өмір салтын ұс­та­ну, спортпен айналысу. Ниет болса, облыс орталығында спортпен айналысуға мүмкіндік мол, орталықтар жеткілікті. Оның екеуі биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Бірі Стахановский көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені болса, енді бірі негізгі спорттық шаралар өтетін «Алтай» стадионы. 1959 жылы салынған стадионның кіреберіс қақпасынан бастап ғимаратына дейін толықтай жаңартылды. Стахановский көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені де кірсе-шыққысыз.

 

Мемлекеттік қызметтің 17 түрі көрсетіледі

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөн­деуден өткен бұрынғы «БСМП» ғи­маратына Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағ­дар­ламалар бөлімі орналас­ты. Мұнда көп ­ба­лалы, толық емес от­басыларға, аз қам­тыл­ғандарға, ата-ана­сының қамқо­рлығын­сыз қалғандарға, мү­гедектерге кешенді кеңес бе­ріледі. Атал­ған бөлімде мемлекеттік қыз­мет­тің 17 түрі көрсетіледі.

Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру үшін аз шаруа атқарылып жат­қан жоқ. Түйінді проблемалар да оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Се­верное кентінде 2,9 шақырым су құ­быры тартылып, 350-ден астам адам ауыз суға қол жеткізді. Ме­нов­ный және Ахмер шағын аудандарында сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру жұ­мыс­т­ары аяқталып қалды. Қазіргі уа­қыт­­та су құбырын дезинфекциялау жүр­гізіліп жатыр.

 

ӨСКЕМЕН