Қоғам • 15 Желтоқсан, 2020

Павлодарда мерекелік жиынға омбылық, самаралық қазақтар қатысты

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысында онлайн-форматта «Тәуелсіз Қазақстан. Тарих толқынында» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына ғалымдар, облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, омбылық, самаралық қазақтар, жергілікті студенттер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда мерекелік жиынға омбылық, самаралық қазақтар қатысты

Жиынға облыс әкімнің орынбасары Айзада Құрманова қатысты. Өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің  Тәуелсіздігінің қалыптасуына, ел бірлігі үшін еңбегі туралы айтып өтті.

Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, Торайғыров университетінің Е.Бекмаханов атындағы  ғылыми-практикалық орталықтың директоры Амантай Құдабаев Тәуелсіздік және қазақ халқының оған барар жолдағы қиындықтары туралы тарих сабақтары жастардың санасының дамуына үлкен әсер ететінін атап өтті.

Сонымен қатар «Ақ бұлақ» қазақ жексенбілік ұлттық мектебінің педагогы, Самара облысының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айгүл Жәлелова Самарада қазақ балаларына ана тілін, туған халқының салт-дәстүрлерін үйрету үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«2003 жылдан бастап Самара облысында «Айгүл» қазақ халық би ансамблі және «Маржан» қазақ халық сән театры жұмыс істейді», деді Айгүл Жәлелова.

«Маржан» сән театры қазақтың ұлттық киімдері негізінде сәндік коллекциялар әзірлейді. Осы коллекциялармен сән театры көп жылдар бойы қаланың үлкен алаңдарында өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық киімдерін балалар мен жасөспірімдердің өнері мен шығармашылығының керемет туындысы ретінде көрсетіп, қазақ халқының мәдениетін насихаттайды.

«Ақ бұлақ» мектебінің педагогтары «Ата мұра» қазақ мәдениеті мерекесі, «Қазақ сұлуы», «Жігіт сұлтаны» конкурстары, «Алтын балапан» балалар сұлулық конкурсы және т.б. сияқты туған халқының салт-дәстүрлерін зерделеу бойынша көптеген жобалардың авторлары болып табылады.

Омбыдағы «Мөлдір» қазақ мәдениеті орталығының мүшесі Шолақов Мұрат домбырада ойнауды үйреніп, туған халқының дүниетанымының тереңдігін түсіне алғанын айтты. Сондай-ақ, ол өз баяндамасында Ресей  аумағында тұратын қазақ жастары үшін өз этносының тілі мен мәдениетін зерделеу маңызды екенін атап өтті.