Президент • 16 Желтоқсан, 2020

Текті азамат, тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер

2090 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің зиялы жұртшы­лығына, әсіресе ақындар мен жазушылар қауымына Қасым-Жомарт Тоқаев есімі ертеден таныс. Оның өзіндік себебі де бар-ды: Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның әкесі – Кемел Тоқаев есімі елімізге кеңінен та­ныл­ған көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған дарынды қаламгер еді. Детектив жанры – ол заманда қазақ оқырманы үшін зәру тақырып, тартымды әдебиет, сондықтан да Кемел ағамыздың кітап­тары қолдан-қолға түспей оқылатын.

Текті азамат, тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер

Жалпы, қаламды мұрат тұт­қан ағайынның бір-біріне бәтуалы жақындығы, іштартқан ынты­мағы болады. Әсіресе жас­тар жағы үлкен қаламгерлердің шы­ғар­машылық лабораториясын қы­зық­тап, қоғамдық тірлігінен, адамдармен қарым-қатынасынан, отбасының жағдайынан сырттай хабардар болып отыратын. Біз де сол жылдары Кемел ағамыздың ұлы Мәскеуде оқығанын, екінің бірінің қолы жете бермейтін, көптеген жастың арманына айналған әйгілі білім ордасы – МГИМО-ны бітіріп, алып им­перия­ның сыртқы істер министр­лігінде лауазымды қызмет­те жүр­генін ұзынқұлақтан ести­тінбіз. Сонда жастарға үлгі болар­лық ұлағатты ұл өсірген Кемел аға­мызға қызыға қараушы едік, май­дангер ағамыздың келіс­ті кел­бе­тіне, мол пішілген тұл­ғасына сырттай сүйсінуші едік.

Сөйтіп, ел тәуелсіздігін ал­ған алғашқы жылдары Қасым-Жомарт Кемелұлының өзін де көрдік. Ол кез – біздің де ел қатар­лы қызметтерге араласа бас­­та­ған шағымыз. Дербес мемле­кеті­міз­дің жаңаша құрылып жатқан Сыртқы істер министрлігіне орынбасар болып тағайындалған Қасым-Жомарт Кемелұлымен бәзбір жиналыстарда бірге отырып, жұртшылық алдында қатар сөз сөйлеген кездеріміз де болды. Сол кездесулердің өзінде-ақ біз оны алағай да бұлағай мына заманның тынысын тап басып, саяси тұрғыда мықтап ысылған, парасаты биік, пайымы нық азамат ретінде танығанбыз.

Шынын айтсақ, ол жылдары арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген қазақта эйфория басым еді, қоғамда жалған айқай, жасанды ұраншылдық көп болды. Еркін шығармашылықтан келіп, қайнаған саясаттың қазаны­на топ ете түскен біздің де саяси сауатымыз шалағай-ды. Мәс­кеуде қызмет етіп, кеңестік сая­сат­тың бел ортасынан шық­қан Қасым-Жомарт Тоқаев заман­дасымыздың жазылған сөйлем­нің астарын қапысыз байқап, айтыл­ған сөздің тұспалын сезе білетін білім кемелдігіне, көз­қарас көкжиегінің кеңдігіне іштей қайран қалып жүрдік. Сырт­тан таңылмақ болған саяси ойын­дардың байыбына бойлай алмай, «неге бұлай?» деген біздің дүдәмал сұрағымызға мәсе­лені жіліктеп шағып, жіктеп тал­дап, қолмен қойғандай түсін­діріп беретін. Замана желі қай жақ­тан соғып тұрғанын аңға­ратын әлгіндей зеректігі Мәс­кеудің айтулы мектебінің же­місі екенін, ғасырлар бойы қалып­тасқан дәстүрі бар орыс дипломатия­сының тәжірибесінен өтіп, сол саладағы игі жақсылардың дәрісін тыңдап, тәрбиесін алғандықтың әсері екенін біз еріксіз мойындайтынбыз.

Ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігімізге қол жеткізген сол тоқсаныншы жылдардың басынан бастап Қасым-Жомарт Тоқаев сая­си аренада өзін ор­нық­ты тұлға, салмақты саясаткер ретінде таныта білді. Әсіресе жас мемлекетіміздің сыртқы сая­сатын қалыптастыруда табан­ды қызмет жасады, өнімді еңбек етті. Ақпанның құбылмалы ауа райындай аумалы-төкпелі тоқ­санын­шы жылдар бәріміздің жады­мызда. Ол кез – елдіктің алтын арқауы саналатын ішкі сая­сатымыз да, сыртқы саясатымыз да ұстараның жүзінде шатқаяқтап тұрған шақ еді. Осынау үркін ел өткел таппай қиналған қиын жылдар, қыстау кезеңдерде еліміздің еркіндігін, егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуда сыртқы саясатты сауатты жүргізе білудің маңызы аса зор болатын. Мінеки, дәл осы кезде Тоқаев білікті маман, тәжірибелі дипломат ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табыла білді, Президенттің сенімді серігіне айналды. Елбасымен бірге мемлекетіміздің керегесін кері­сіп, шаңырағын көтерісті. Шет­елдермен арадағы алыс-берісті, дипломатиялық байла­ныс­­ты шебер қиюластырып отыр­­ды. Өзге мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасымыз нығайып, абы­рой-беделіміз артып жатса, осы бағыт­та нәти­желі жұмыстар­ды ұйым­дас­тырған министрдің еңбегі зор екені даусыз. Шет­елдегі қандастарымыздың мүд­десін қорғауда Сыртқы істер министрі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының атқарған шаруалары өз алдына бір төбе. Министр­ліктің араласуымен шет­елдерде тұратын қандас­тары­мыз­дың атамекеніне оралуына, атажұртымен қауышып, ағайын­мен араласуына бағытталған көптеген жеңілдік жасалды. Бүгінде қазақтың саны бір­сы­­дырғы көбейіп жатса – бұл игі­лікті шаруада Тоқаев басқар­­ған министр­ліктің шешуші рөлі бол­ғанына біз куәміз.

Жалпы, Қасым-Жомарт Кемел­ұлының тектілігі тереңнен екенін аңғару қиын емес: анасы – шет тілдерін меңгерген пе­да­гог, әкесі – жоғарыда жаз­ған­дай, төл әдебиетіміздің тың жанры­ның көшбасында тұрған қабыр­ғалы қаламгер. Осындай зиялы шаңы­рақтан шыққан Қасым-Жомарт жасынан кітапты сүйіп, білімге құштар болып ержетуі – заңды құ­бы­лыс. Бес-алты шет тілін ер­кін меңгеріп, жауапкершілігі мол лауа­зымды қызметтерде жүр­се де жазудан да, ізденуден де қол үзбеген азаматтың дара жолы бар­шаға өнеге. Саясаттану ғы­лым­дарының докторы Тоқаев бү­гін­де бірнеше танымдық кітап­тың авторы. Саяси, ғылыми мақа­ла­лары үнемі көпшіліктің кө­ке­йін­дегісін дөп басып жүр. Қыз­мет барысында да барлық лауа­зым­дық сатылармен өрлеп, Министр, Премьер-Министр, Мем­лекеттік хатшы болды, тіпті әлем­дік деңгейдегі жоғары лауа­зым­дардың бірі – БҰҰ Бас хат­шы­сы­ның орынбасары болып қыз­мет етіп, бөгде ел, бөтен жұрт­қа қазақ дейтін халықтың зият­кер­лігін, ой-өрісінің кеңдігін, таным-түсінігінің тереңдігін, шалқар білімі мен біліктілігін танытты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2007 жылдан Қазақстан Рес­пуб­ли­к­асы Парламенті Сенатына төр­ағалық етті. Сыртқы дип­ло­матиядағы маңызды тұлға­ның елдің ішкі мәселелерінде бәлендей белсенділік танытпауы – саясаттың жазылмаған талабы еді. Сол себепті жұртшы­лық оның қоғамдағы оқиғалар­дың оңтайлы шешілуіне қосқан үлесін Сенат Төрағасы болған жылдары ғана айқын аңғара бас­тады. Әсіресе анау жылдар­дағы жер дауы мәселесінде Тоқаев халықтың көкейіндегісін дөп басып, көңілінен шыққан болатын. Қандай жағдайда да оның қарапайым жұртпен, бұқара халықпен жақындығы сезіліп тұрды. Оның бір дәлелі – Тоқаевтың Twitter әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы екендігі. Осы желіде ол қоғамда болып жатқан өзекті мәселе­лерге ойы мен пікірін әлі күнге дейін ашық білдіріп отырады. Қазіргі кезде «әлеуметтік желіде белсенді адам» деген сөз «қоғамға, өзін қоршаған ортаға ашық адам» деген ойды білдіреді.

Сегіз қырлы, бір сырлы Қасым-Жомарт Кемелұлының жазушы ағайынның жүрегін баураған тағы бір қырын айтпасқа болмас... Айтулы мерекелерге, кәсіби мейрамдарға орай ақын-жазушылар Сенат Төрағасынан құттықтау хаттар алып тұратын. Сол топтың ішінде біз де бармыз. Былай қарағанда, жұртқа жария қылардай жаңалық та емес, елеусіз ғана сыйластық пейіл, кісілік әрекет. Бірақ бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой, әлгіндей жылы сөз, жақсы­лық тілектің өзі қаламгер қауымын қуанышқа бөлеп, көңілін бір көтеріп тастайтынын несіне жасырайық. Болмашы ғана осы әрекеттің артында Тоқаевтың биік мәдениеті, көшелі кісілігі, дегдар болмысы тұрғанын аңғаратынбыз.

Осы айтылғандарды саралай келе, текті азамат, тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін қолына алып, Президент болып сай­ланғанда шын жүректен қуан­ған қалың жұртшылықтың алдын­да қаламгерлер қауымы тұрды көш бастап. Өйткені тар жол, тай­ғақ кешуден өткен ширек ға­сыр­­дан астам тәуелсіздік жыл­дарын­да азаматтық абыройына селкеу түсірмеген, адамдық ар-ож­данын таза сақтап келе жат­қан, бүгінгі күні де Президенттік билік­тің сабақтастығын пайымды па­ра­сатпен әдемі жалғас­ты­рып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – мемлекет тағдырын сеніп тапсыруға болатын бірден-бір азамат екенін олар қапысыз тани білді. Сондықтан да оған үкілеген үміттерін артып, әлемдік деңгейдегі бедерлі беделінің биігінен – туған елінің мүддесі, халқының асқақ мұраты жолында берекелі табысқа қол жеткізе беруін тілейді.

 

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты