Cуретте: Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдан сұхбат алу сәті.
Иә, бүгінде жеріміз – азат, еліміз – егемен. Көк байрағымыз көкте желбіреп тұр. Халқына тәуелсіздіктің туын ұстатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Дүние жүзінің саяси картасынан Қазақстан өз орнын нық тапты. Тәуелсіздік халықты алға жетелеп келеді. Қазақстанның әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Соның барлығы – Елбасының сындарлы саясатының жемісі. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлем жұртшылығын мойындатты. Бейбітшіліктің бесігіне айналып, татулықтың туын желбіретті.
Осылай деп айтқан кезде еріксіз өткенді ойлап, ойға батамыз. Әлі есімде, Ұлт Көшбасшысы 1989 жылы жазда Орталық Комитеттің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң түстен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алды. Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азаттық» радиосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақстанға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Н.Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бастап, Алла үйіне ат басын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар таратты. Кейін халықаралық «Азаттық» радиосының (Хасен Оралтай басқарған) Түркиядағы арнаулы тілшісі болғанымды Елбасының үлкен қамқорлығы деп бағалаймын.
Тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Нұрсұлтан Назарбаев Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасадым. Сол кезеңде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарлары кезінде жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым өміріме жаңаша серпін берді. Болашақ бағытым айқындала түсті. Оншақты жыл дипломатиялық қызмет атқарып, Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын.
1992 жылы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиында Тұрғыт Өзал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр», деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды.
Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлының «Түркияда қанша қазақ бар?» деген сауалына Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ бар» деп жауап қатуы қазақ халқының алар орны қандай екенін көрсетсе керек. Елбасы сонда ризашылықпен Тұрғыт Өзалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар.
Елбасы 1992 жылы Тұрғыт Өзал елімізге келгенде Еуразиялық Одақ құру туралы идеяны көтерген болатын. Сонда Тұрғыт Өзал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын.
1992 жылы 25 наурызда тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға бірінші рет әуе кемесі көтерілді. Қазақстан Үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастап барды. Қазақ бауырларын елдің президенті Тұрғыт Өзал қабылдады. Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті шапан мен қамшы сыйға берілді. «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді сонда Тұрғыт Өзал. Мені де сол кезде Түркияға келген тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Тұрғыт Өзал маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездерде осы фотоаппаратпен Елбасының іс-сапарларынан, кездесулерінен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін талай сурет түсірдім.
Міне, Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп, бірнеше фотоальбом, деректі фильмдер жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді.
Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр елінде қызмет етіп, Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатын халыққа жеткізіп, насихаттап жүргенімді айтқым келеді. Қазақ елінің тұңғыш астанасы болған, ұлы Қорқыт баба қоныс тепкен, еліміздің рухани-мәдени кеңістігінің бет-бедеріне айналған талай арыстарымыздың ізі қалған сүлейлер мекені – Сыр өңірі Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында дамып, өсіп келеді.
Берекелі бірлігіміз бен татулығымыздың, ұлтаралық келісімнің сақталуы Елбасының жүргізіп отырған саясатының дұрыстығын дәлелдейді.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері