Пікір • 16 Желтоқсан, 2020

Өрлеу жылдарында өрілген шежіре

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өмір салтымыздағы, қоғамдық санадағы сілкініс пен жаңа құнды­лықтарға деген ұмтылыс тәуелсіздік жылдарында ерекше байқалды, сондай-ақ еліміздің интеллектуалдық іргетасы да аралықта қаланды. Бұл туралы тарихи деректер Президент Архивінің құжат қоймаларында сақтаулы.

Өрлеу жылдарында өрілген шежіре

Бұл құжаттарда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қабылданған шешімдер, бағдарламалар, жиналыс­тардың стенограммалары, хаттамалары, мемлекет даму жолдарын анықтауға байланысты қоғам қайраткерлерінің әртүрлі көзқарастары, ұсыныстары, қарапайым қазақстандықтардың хаттары, Президент атына жолдаған ой-пікірлер және басқа да саясат, экономика, қоғам дамуына байланысты ақпараттар қамтылған. Олардың арасында Қазақстанның болашағы туралы іргелі идеялар, сонау тоқсаныншы жылдары көпшілікке Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біл­дір­ген ойлары, көзқарастары, ұсы­ныс­тары ерекше орын алады.

Бүгінде бұл құжаттармен танысып жұмыс істейтін зерттеушілердің саны күннен күнге артып келеді. Бұған тарихшылардың жоғары сұранысы – заңды құбылыс. Жылдар өткен сайын мемлекет құрудың тарихи сабағы болашақ үшін бағдар болатыны айғақ.

Архивтік құжаттар Елбасының тоқсаныншы жылдары түзген Қазақ­станның болашағы жайлы саяси тұғырнамасын бейнелейді, экономиканы өт­пелі кезеңнен шығарудың бағыт-бағ­дарын анықтағанын, халық­ара­лық қатынастар саласындағы ұс­таны­мы ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету­ді көздегенін анық көрсетеді. Тұң­ғыш Пре­зиденттің мұндай саяси-идеоло­гия­лық ізденісін, азаматтық-имани толғанысын, ғылыми ұсыныс­тарын Тәуелсіздік идеясы мәртебесінде қабылдаған абзал.

Уақыт өте келе Н.Назарбаевтың ір­­гелі идеялары нақты нәтижелер мен мем­лекеттік жобаларға, стратегиялық даму бағдарламаларына, ашық аза­мат­тық қоғам құруға рухани серпін берген «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив – 2025»  бағдарламаларына айналды. Осы жылы жарық көрген «Абай аманаты» мақаласында да Елбасы тарихи сабақтастықтың сақталуы мемлекеттік дамудың маңызды бағдары болу керек екенін баса айтты.

Н.Назарбаев еліміз өз тәуелсіздігін енді ғана жария еткен тұста, саясаттағы стра­тегиялық мақсат үшін мықты пре­зи­денттік республика құру қажет­ті­лігі туралы көзқарасын алға тартты. Демек, президенттік билік институтын толық қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының екі Конституциясын қабылдауға тура келді. 1993 жылғы Конституция Пре­зидентті ел ішіндегі және халық­аралық қатынастардағы Рес­публика өкілі ретінде бекемдеп, Жоғарғы Кеңесті Қазақстан Респуб­ликасының ең жоғарғы өкілді органы деп жариялады. Кейінгі оқиғалар – Жоғарғы Кеңестің екі мәрте тар­қатылуы, жергілікті кеңестердің өзін-өзі тарқатуы, заң шығарушы және атқарушы билік органдарының үйлесімді жұмыс ырғағын таппауы – бәрі Президент болжамы­ның: мықты президенттік рес­публика құру қажет дегенінің дұрыс­тығын қуаттады. «Тәуелсіз Қазақстан мем­лекеттілігінің дамуы президенттік басқаруды іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етумен қатар жүретін бола­ды. Республика Президенті Мем­лекет басшысы ретінде тиімді бас­шылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керек. Үкіметті басқара отырып, ол жоғары атқару­шы биліктің жұмысымен байланысты мәсе­лелерді шешіп, Үкіметте кадрлық тағайындауларды жүргізіп, Үкімет пен оның мүшелерінің жауап­кершілігін белгілейді», деген Елбасының 1992 жылы айтқан пайымы үш жылдан кейін жаңа Конституциямызда орын алды.

Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық идеологиясын ХХ ғасырдың басында демократиялық жолға қою мәселесін Алаш зиялылары жарияласа, ол өзінің саяси формасын тек ХХ ғасырдың аяғында ғана тауып, оның Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық жоспарлауымен іске асырылғаны белгілі.

 

Жәмилә ӘБДІҚАДЫРОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры