Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2020

Әлеуметтік мәселелерді әділ шешу жемқорлықтың алдын алады

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараптардың бастамасы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың екіжақты кездесуі өтті.

Әлеуметтік мәселелерді әділ шешу жемқорлықтың алдын алады

Іс-шараға құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылығы қатысты.

Мемлекет Басшысы өзінің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан:
іс-қимыл кезеңі" Жолдауында еліміздің одан әрі дамуының басты бағыттарының бірі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты екенін атап өтті.

Осыған орай, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін уақытылы шешу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және осы салада парасаттылық идеологиясын ілгерілету министрліктің де, Агенттіктің де басым міндеті.

Сонымен қоса, еңбек және әлеуметтік қорғау саласында оның тиісті дамуын тежейтін жемқорлық тәуекелдері әлі де бар.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы, сондай-ақ министрліктің тиісті ашықтығының, айқындығы мен тұтынушыға бағдарлануының болмауы осының айғағы.

Кеңес барысында қатысушылар пандемия кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдерді есептеу, халықтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану, азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек құқықтарының бұзылуы бойынша халықты уақытылы хабардар ету мәселелерін қозғады.

Агенттік Төрағасы қоғамда жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет қалыптастыру үшін күнделікті өмірде адалдық пен әділдік болуы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, еңбек және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері жұртшылық үшін ашылып, "Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатарынан сараптамалық кеңес құру арқылы жұртшылықпен өзара байланысты нығайтуы тиіс.

Жобалық кеңсе азаматтық қоғамды жұмылдырумен бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауда, жемқорлық тәуекелдерін болдырмауда және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың қозғаушы күшіне айналуы шарт.

Кеңес соңында министр Б.Нұрымбетов Агенттіктің ұсынымдары негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық қағидаттарын насихаттау бағыттары бойынша министрліктің кешенді жоспарын әзірлейтініне сендірді.