Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2020

Өміріне кедергі – куәліктегі бір белгі

2944 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамсаптың жұмыстан келіп, жамбастап жата қалғаны сол, жатақхана іші жау шапқандай азан-қазан болды да кетті. Тарбағатайдың Жетіаралында туып-өскен Жамсап Хамзин Алматы үй құрылыс комбинатында құрылысшы-тұғын. Ішке жапа-тармағай кірген қыз-жігіттер ертесі тағы алаңға шығатынын айтып, түннің бір уағына дейін гүбірлесті. Бұл 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді.    

Өміріне кедергі – куәліктегі бір белгі

Таң сыз бере жалындап тұрған жастар жұмыстарын ысырып тастап, алаңға жиналды. Бар мақсаттары «қазақтың жерін қазақ басқаруы керек» деген ұран ғана. Қолдарына қару түгілі қайла-күрек алған жоқ. Бейбіт шеру. Кейбіреулер «Менің Қазақстаным!» әнін шырқады, енді бірі «әр ұлтқа өз басшысы» деп ұрандатты. Абай көшесін бойлап алаңға қарай беттеп келеді. Топ бастап бара жатқан ешкім жоқ. Алаңға жақындаған сайын ұрандаған жастардың дауыстары құлақ түбінен естілгендей. Дауыс зорайтқышпен пагондылар да бұйыра сөйлейді.

- Қараңдар, Роза Бағланова емес пе?! – деді Жамсаппен қатарласып келе жатқан жігіттердің бірі.

Қазақтың танымал әншілері Роза Бағланова, Ермек Серкебаевтар мінберге шығып, алаңға жиналған жастарға тыныштықтың маңызды екенін түсіндірмек болған... Халықты қоршап тұрған қарулы әскерилер бір уақытта жауға ұмытылғандай жастарды тарпа бас салды. Бейбіт шеруге шыққан халық мұндайды күтпеген еді. Қолдарындағы резеңке таяқты бас-көз демей оңды-солды сілтей жөнелді. Жастар қарап тұрсын ба, қарсыласты. Қолдарына түскен таяқ, темір-терсек, тас-бетонмен ұрды. Жамсап пен Иван қатарласа тұрып, бірнеше сарбазды есеңгіреткен. Иван да сырықтай шымыр жігіт. Соққысы жойқын. Каскалы солдаттардың өзін бір-бір ұрып құлата берді.  

Жас қыз-жігіттер намысты қолдан бермек емес. Соны түсінген әскерилер өрт сөндіру көлігімен келіп, қыстың аязында су шашқан. Бір жағынан абалатып овчаркаларын ұстап тұр. Сол кезде ғана халық алаңнан алыстай бастаған. Соққы алып, талықсып жатқандарды шенділер сол жерден алып кетіп түрмеге тыққан. Жамсап Хамзин бұл күні сытылып шығып, байланыс техникумының жатақханасында бой тасалаған. Жетіаралдық жастардың бәрі сонда жиналыпты. Ішінара ауыр соққы алғандар да бар.

  18 желтоқсан. Жамсап таң қараңғысына дейін көз ілмеді. «Қазақтың басыда әңгір таяқ ойнағалы қай заман?! Етек-жеңді жиып, ел болатын уақыт келді» деген ойлар маза бермей дөңбекшіп шыққан. Жамсаптай жастардың кеуделерінде намыс қайнап, көздерінде от ойнап тұрған шақтары. Топтасып алып, тағы алаңға беттеді. Алдарынан кесе көлденең шыққан сарбаздар кешегілердей емес, әлдеқайда күштірек болып шықты. Бірі соғып құлатса, екіншісі бүйірден керзі етікпен теуіп өте шықты. Түрі орыс болғанымен, қаны қазақ Иванның да әлі келмеді бұл жолы. Шыныққан десанттары қойсын ба?! Қолдарын қайырып, көлікке тиеп әкетіп жатты.

Жамсап Хамзин Никольск базарының жанындағы түрмеге түсті. Ала көлеңке түрменің іші әп-сәтте қазақ жастарына толды да кетті. Есік жақта сұсты көздерін қадап милиционерлер тұр.

- Немістер ала алмағанда сендер не істеймін деп тұрсыңдар? – деп саңқ етті көзі шүңірейген бір милиционер.

- Нас за фашиста считаешь?! – деген Жамсап күрзі жұдырығымен құлақ-шекеден салып жіберді. Басқалары жапа-тармағай Жамсапты жығып алып, аяусыз тепкіледі. Тар қапаста араша түсуге ешкімнің батылы да бармаған. Жамсап бір аптадан соң ғана өз-өзіне келді. Есін жиса, камераға себілген хлор денесіне әбден сіңіп алған екен.

Сол уақытта достары Жамсап Хамзинді іздеп, Алматыны алас ұрған. Милиция бөлімдерін түгендеп, ауруханаларды аралаған. Қыл аяғы моргке дейін барып сұрау салған. Жылт еткен ақпарат болмады. Амалдары таусылған соң жора-жолдастары із-түссіз жоғалғандардың тізіміне енгізген.

Милиционерлер Жамсаптың есін жиып, аяғынан тік тұрғанын көрген соң куәлігін алып келуге босатады. Олардың ойы - қылмыстық іс ашып, қағаздарды сотқа жолдамақшы. Погондылардың жоспары Жамсаптың ойына кіріп-шықпағанымен, куәлігіне барғанда жанындағы достары бірден түсіне қойған. Сөйтіп оны жуындырып-шайындырып, костюм-шалбар, сәнді пальто кигізіп жіберген. Сонда милиция қызметкерлері «қамауға алынған адам басқа еді» дегендей, іс қозғамаған. Тек ғана бұзақылығы үшін 15 тәулікке темір торға тоғытыпты. Ең өкініштісі, органның қызметкерлері қойып берген куәлігіндегі таңба өміріне үлкен кедергісін келтірген. Еліміз тәуелсіздігін алғанша бірде-бір жер жұмысқа қабылдамаған. Басқа біреулер ақталып, мемлекеттің өтеуі ретінде баспаналы болып жатса, Ж. Хамзиннің өмірі елеусіз ауылда өтіп жатты. Алайда, Жамсаптың жүрегі шынымен де «ұлтым» деп соғады. Алматыда «қазаққа жер бермеді» деп аштық жариялаған жетеудің бірі де осы Жамсап Хамзин бола-тұғын. Соның нәтижесінде қазақтар жер алып, үй соғып жатқанда Жамсапқа қиқым жер бұйырмаған. Бәрі сол, куәлігіндегі таңбаның кесірі еді. Бүгінде ол қарт анасымен бірге Глубокое ауданы, Перевальное ауылында тұрып жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы