Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2020

Алматыда көпбалалы және мұқтаж жандар баспаналы болды

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Шаңырақ» және «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы баспаналы болған жаңа қоныс иелерін құттықтады.

Алматыда көпбалалы және мұқтаж жандар баспаналы болды

Алматы қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 372 тұрғыны енді жаңа пәтерлерге кіреді. «Шаңырақ» бағдарламасымен Наурызбай ауданындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінен 232 пәтер берілді. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының «жалдамалы тұрғын үй» бағыты бойынша кезекте тұрған 140 адам пәтер кілттерін алды. Түрксіб ауданының «Жас қанат» ықшамауданында 80 пәтер, Алатау ауданының 13-ші ықшамауданында 60 пәтер берілді.

Пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жиналғандардың барлығын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, бүгінгі игі шараның символикалы екенін атап өтіп, жаңа қоныс иелеріне бақыт тіледі.

«Тәуелсіздік күнінде баспаналы болу зор қуаныш. Үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік, қуаныш пен тыныштық орнасын! Қоныс тойы құтты болсын!», - деді Б. Сағынтаев.

Жыл басынан бері Алматыда пәтерге мұқтаж 2184 отбасы баспанаға ие болды. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 289, «Бақытты отбасы» – 376, «Шаңырақ» – 250, «Алматы Жастары 3.0» – 1000, «ТҮҚЖБ-ның несиелік тұрғын үй желісімен» – 360 адам үйлі болды.