Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, кезінде киелі Әулиеата өңірінен Жақсылық Үшкемпіров бастаған даңқты спортшылардың шыққанын, бүгінгі ашылып отырған спорт кешені алдағы уақыттарда әлемге танымал спортшыларды тәрбиелеп шығаруға үлес қосатынын атап өтті. Жалпы, аталған спорт кешенінің сыйымдылығы 260 адамға арналған. Нысан арқылы 15 жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, кешеннің ішінде 3 әмбебап зал бар. Мұнда келушілер спорттың бірнеше түрімен айналыса алады.
Сонымен қатар, бүгін Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданында әлеуметтік азық-түлік сауда павильоны ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған сауда нүктесін аралап, тиісті басшыларға мұндағы азық-түлік бағасына бақылау жасауды тапсырды. Бұдан кейін әкім аталған ықшамауданда тұратын көпбалалы аналармен кездесіп, болашақта мұндай әлеуметтік дүкендердің санын 20-ға дейін жеткізу жоспарланғанын айтты. Негізінен Тәуелсіздік күні мерекесі күніне орай, Тараз қаласында 3 және Байзақ, Талас, Сарысу, Шу аудандарында 4 осындай әлеуметтік дүкен ашылып отыр. Бұл дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың азық-түлікке төмен бағада қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Бүгінде Тараз қаласының өзінде 6 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, облыс орталығында 8, ал аудандарда 6 дүкеннің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл дүкендер де жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, Тараз қаласының аумағына кіретін «Шөлдала», «Шалғай Қарасу» және «Құмшағал» елдімекендерінде де жаңадан әлеуметтік дүкендер ашылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, бүгін Тараз қаласында «Арай-Элит» жекеменшік мектебі пайдалануға берілді. Аталған білім ошағында бастапқыда 300-ден аса оқушы білім алады. Ал, оқу жылының алдағы тоқсанынан бастап, оқушылар саны артады деп күтілуде. Мұнда білім беру жұмысымен 36 мұғалім айналысады. Бір айта кетерлігі, мектеп жекеменшік болғанымен, балалар мұнда тегін білім алатын болады. Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан әлеуметтік азық-түлік сауда павильонын, Байзақ батыр көшесіндегі «Арбат-3» аумағын, «Шалғай Қарасу» алқабында орналасқан «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубын және өзге де нысандарды аралады.
Жамбыл облысы