21 желтоқсанда күшіне енетін ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушының жаңа қаулысы бойынша жаңа жылдың алғашқы түнінде қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Алайда бірқатар шектеу әлі де сақтаулы.
"Көпшілік, жаңа жылдық, ұжымдық (корпоративтік) іс-шаралар, конкурстар (интерактивті іс-шаралардан басқа), билерді өткізбей (өз үстелінен шықпай) бір үстелге 4-6 адамнан аспайтын мөлшерде отырғызып, көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып және толтырылуын отыратын орындар санының 50 пайызынан асырмаған жағдайда 2020 жылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 01 қаңтарға қараған түні қоғамдық тамақтандыру объектілеріне сағат 07.00-ден 04.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілсін", делінген қаулыда.
Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, ШҚО-да жаппай ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, жаппай отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге, ойын-сауық агенттіктерінің және үйде жаңа жылдық ойын-сауық қызметтерін көрсететін басқа да ұйымдардың жұмысына тыйым сақталады.
Алайда кинотеатрлар мен театрларлардың жұмысына рұқсат берілді.
"Толтырылуы 30 пайызға дейін, шахмат тәртібі бойынша отырғызу кезінде залдағы адамдар саны 100-ден аспаған жағдайда рұқсат етілсін", делінген қаулыда.
Өңірде Өскеменге кіруге және шығуға шектеу сақталады.