Медицина • 20 Желтоқсан, 2020

Індеттен кейін өкпені қалпына келтіру жұмыстары қалай жүреді

551 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус жұқтырғанда бастапқы кезеңінде өкпенің қабынуы қай деңгейде болады? Бұл сұраққа Пульмонолог дәрігер Константин Гаркалов жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Індеттен кейін өкпені қалпына келтіру жұмыстары қалай жүреді

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы бірнеше кезеңде болады. Біріншісі – инкубациялық кезең, онда вирус адам ағзасына түскенімен, клиникалық симптомдар көрінбейді.

Екіншісі – ЖРВИ-ге ұқсас кезең, осы уақытта дене қызуы көтеріліп, тершеңдік пен ұйқышылдық байқалады.

Үшіншісі – өкпенің қабынуы, яғни осы кезеңде өкпе тіндеріне зақым келіп, тромбоваскулит болады. Бірінші кезеңде өкпеге зақым келмейді, сондықтан алғашқы үш-бес күнде компьютерлік томографиядан өткенімен, өкпеде ештеңе көрінбеуі мүмкін.

«Өкпедегі белгілер инфекция жұққаннан кейінгі жетінші-сегізінші күнде байқалады. Жетінші күнде компьютерлік томографиядан өкпенің зақымдануын тек 7-8 пайыз деңгейінде көруге болады, ал 14-ші күнге қарай өкпе 50 пайызға дейін зақымдануы мүмкін», деді дәрігер.

Компьютерлік томографияны жөтел мен ентігу пайда болғанда жасау керек. Өкпенің зақымдануы көрсеткіші науқас жағдайының ауырлығын көрсетпейді, себебі індетпен қатар тромбоваскулит жүреді. Бұл тұрғыда қан қоюланып, тромбтар пайда болады. Осы көрсеткіштерге адамның денсаулық жағдай тікелей байланысты.

Кейбір науқастарда өкпесі 60-70 пайызға зақымданғанымен, оттек сатурациясы жақсы деңгейде көрінеді. Сонымен қатар өкпе тіні 30 пайызға зақымданған кейбір адамдарда оттек сатурациясы 85-ке дейін төмендеген жағдайлар кездесті. Өйткені тамырларда қанның айналымы баяулап, кері әсері болады. Дәрігер коронавирустан емделгеннен кейін өкпені қалпына келтіруге қатысты кеңес берді.

«Стационардан шыққаннан кейін тыныс алу гимнастикасын жасау маңызды. Осы орайда түрлі жаттығулар бар, оны күніне 3-4 рет жасау керек. Коронавирустан емделгеннен кейін ағзаға салқын тигізбеу қажет, сондай-ақ басқа инфекцияларды жұқтырудан сақтану керек», деді К. Гаркалов.

Тұмаудан сақтану керек

Зерттеу мәліметтерінде COVID-19 ауруына қарсы әлеуметтік шектеу шараларына байланысты өзге жедел респираторлы вирусты инфекциялардың таралу жиілігі де әлдеқайда азайғаны айтылуда.

Тұмаудан қалай сақтануға болады? Астана медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы Баян Турдалинаның айтуынша, ЖРВИ-дің ішінде тұмау вирусы қауіпті инфекциялардың бірі саналады. Ол әсіресе, ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер мен қосалқы аурулары бар егде жастағы адамдарда ауыр ағымымен сипатталады.

«Жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе. Сондықтан тұмау вирусына қарсы екпе алғандарыңыз жөн. Бұған қоса, міндетті түрде алдын алу, сақтық шараларын мейлінше ұстану да аса қажет. Ең алдымен, әлеуметтік арақашықтықты толықтай сақтауға тырысу керек. Күнделікті тамақтану режиміне де баса мән берген жөн», деді дәрігер.

Оның сөзіне қарағанда, қашықтан оқыту әдісінің мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Қоғамдық орындарда міндетті түрде маска тағып, қолдарыңызды антисептикалық ерітіндімен жиі тазалап отырыңыздар. Ағзаның тәуліктік физиологиялық су қажеттілігін пайдалану керек.

«Таза ауада серуендеудің де пайдасы өте зор. Жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың белгілері байқалса, дәрігердің көмегіне жүгіну керек», деді Баян Турдалина.