Руханият • 21 Желтоқсан, 2020

Ұлылар ұлағатымен танысатын орын

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фара­би­дің 1150 жылдығы, Жеңістің 75 жылдығы және Тәуелсіздік күніне орай қайта жаңғыртылған «XIII-XX ғғ. Қазақстан тарихы» залының ашылу рәсімі өтті.

Ұлылар ұлағатымен танысатын орын

Іс-шараның мақсаты – музей саласын дамытудағы қазіргі заманауи же­тіс­тіктерді кеңінен пайдалана отырып, қазақ халқының тарихи-мәдени құн­ды­лық­тарын дәріптеу. Сондай-ақ қазақ мем­лекеттілігін қалыптастыруда елеулі же­тістіктерімен танылған Қазақ­стан та­рихындағы ұлы тұлғалардың рөлі мен қызметін насихаттау.

Аталған зал өз меймандарын Қазақ­стан­ның жаңа және қазіргі заман тарихына арналған бірегей құнды дүниелермен танысуға шақырады. Экспозициялық зал бірнеше тақырыптық бөлімдерден құралған.

Атап айтқанда, «Қазақ хандығы» кезеңіне арналған экспозициялық бө­лі­мінде – Абылай ханның, Қазыбек би ­мен Төле бидің шапандары мен мө­рі­нің көшірмесі, мемлекеттік билік атрибуттары – мұрақ, ту бастары, асатаяқ, алтын жалатылған дулыға және өзге де жауынгерлік қарулар мен қорғаныс жарақтары қойылған.

«Тарих тұғырындағы Ұлы тұлғалар» экспозициялық бөлімінде – Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығар­машылығына арналған материалдар мен жәдігерлер көрсетілген.

Сонымен қатар XVIII-XX ғасырлар­да­ғы ұлт-азаттық көтерілістер және патша өкіметінің отарлау саясаты, XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысы және Алашорда өкіметінің құрылуы мен Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңдерге арналған экспозициялық бөлімдер қарастырылған.

Тағы бір экспозиция бөлімі, Қазақ­стан тарихындағы ең бір қасіретті ке­зең – XX ғасырдың 20-30-жылдарына арналған. Экспозицияланған тарихи құжаттар зор­лық-зомбылықпен ұжымдастыру және көшпелі қазақ хал­қын күштеп оты­рықшыландыру сая­­саты салдарынан орын алған ашар­­шылық, сондай-ақ қуғын-сүр­гін, Қазақстанға түрлі халық­тар­ды қоныстандыру сияқ­ты, Кеңестік та­рихтағы сталиндік ке­зең­ді сипаттайтын оқиғалардан хабар береді.

Кіші залы 1931-1934 жылдарындағы аштық пен 1937-1938 жылдар аралы­ғын­да­ғы Алжир мен Карлагтағы қу­ғын-сүргін саясаты салдарына ар­нал­­ған. Бұл бөлімде қуғын-сүргін сая­саты құрбандарының фотосуреттері, құжаттары, статистикалық мәліметтер, Д.Жүргенованың сақинасы, Ш.Тәтімо­ва­ның шәлісі, Т.Нұралинаның ыды­сы және т.б. жәдігерлер көрермен назарына ұсынылған.

Сондай-ақ аталған залда, адамзат тарихында орын алған, қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ халқының ерлігі мен Ұлы Жеңіске қос­қан үлесі жөнінде жан-жақты ақпарат бере­тін, арнайы экспозиция бөлімі де жабдықталған.

Келесі экспозиция бөлімі, Қазақ­стан­ның 1946-1991 жылдардағы ғылым, мәдениет және спорт бағыттарын сурет­тей­тін құнды материалдар топтамасымен жабдықталған. Экспозициядан белгілі қоғам қайраткерлерінің тұтынған жеке заттарын тамашалауға болады.

Қорытынды экспозиция бөлімі – 1946-1991 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен сыр шертеді. Аталған бөлімде көпшілік назарына алғашқы тың игерушілердің жеке заттары, мемлекеттік марапаттары мен ресми құжаттардан үзінділер келтірілген құнды заттар ұсынылды.

Айта кетейік, «XIII-XX ғғ. Қазақстан тарихы» залының ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен археологтер қатысып, ақ тілегін жолдап, тарқасты.