Қазақстан • 21 Желтоқсан, 2020

Шетелдік сарапшылар елдің парламенттік сайлауға дайындығымен танысты

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарына белсенді қатысуда. Осыған орай бірқатар шетелдік мекемеде жергілікті сарапшылар мен БАҚ өкілдеріне арналған брифингтер өтті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік сарапшылар елдің парламенттік сайлауға дайындығымен танысты

«Гибридті» форматта Ұлыбританияның саяси және бизнес-истеблишменті, сондай-ақ британдық және халықаралық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді. Қазақстан Елшісі Ерлан Ыдырысов өз сөзінде елімізде саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатқанын және алдағы дауыс беру мемлекеттің халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау өткізуге бейілділігін растауға бағытталғанын атап өтті. Нақты айтқанда, елдің саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға жәрдемдесу үшін саяси партияларды тіркеу шегі екі есе – 40-тан 20 мың адамға дейін төмендетілді, қолданыстағы заңнамаға саяси партиялардан кандидаттар тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілді. Жиналыс еркіндігін қамтамасыз ету бөлігінде ұлттық заңнама ырықтандырылды, ал оларды ұйымдастыру тәртібі рұқсаты түрден хабарландыру тәртібіне өзгерді.

Вильнюсте Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев орталық және өңірлік БАҚ өкілдері мен Литва Сеймінің депутаттары үшін брифинг өткізді, оның барысында қатысушыларды сайлауға дайындықтың ұйымдастырушылық кезеңдерімен, сондай-ақ қатысатын партиялар туралы ақпаратпен таныстырды. Дипломат брифингке қатысушылардың назарын сайлау елдің одан әрі саяси жаңғыруы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың басталуы арқасында мүмкін болған жаңа саяси жағдайда өтетініне аударды.

Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов осы елдің БАҚ-тарына арналған брифинг барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңа шындықта: іс-қимыл уақыты» атты халыққа Жолдауында тұжырымдалған еліміздің дамуының басым бағыттарын атап кетті.

Дипломат көппартиялықты дамыту және Қазақстанның саяси өміріне азаматтық қоғамның қатысуын кеңейту, парламенттік оппозиция институтын құру және азаматтардың өздерінің саяси құқықтарын толық жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған басқа да қадамдар туралы айтып берді.