Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2020

Сәлемдеме уақтылы жетсе игі...

323 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жылдың соңғы айы мерекелік даталарға толы. Әсіресе бұл кезеңде пошта, курьерлік, сондай-ақ логистикалық қызметтерді ұсынатын компаниялардың жұмысы көбейеді. Өйткені сәлемдемелерді жөнелту мен мерекелік сыйлықтарды, хат-хабарларды жеткізу науқаны қарқын алып, тасымалдаушы ұйымдарда өндірістік процестер күшейе түседі. Алайда әлемдегі карантиндік шектеулердің салдарынан нарықтағы қатысушылардың жаңа талаптарға икемделуіне тура келді.

Сәлемдеме уақтылы жетсе игі...

Ұлттық оператор халықаралық жөнелтімдерді жандандырмақ

«Қазпошта» АҚ халықаралық пош­та жөнелтімдерінің транзитін жан­дан­дырмақ ниетте. Осыған байланыс­ты таяуда ұлттық пошта операторы Ресей және Беларусияның пошта қыз­меттерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Әлемде қа­лып­тасқан жағдайды ескеріп, бұл рәсім бейнеконференция режімінде қашықтан өткізілді. Тараптар логистикалық және ілеспе пошта қызметтерін қарастыратын халықаралық пошта жө­нелтімдерінің (ХПЖ) транзитін қам­тып, дамытуда ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестік байланысты арттыруды көздеп отыр.

«Бұл келісім ортақ саланы бірлесіп өркендетуде маңызды. Себебі жаңа үрдістер, атап айтқанда электронды ко­ммерция бізден жұмысқа тың тәсілмен кірісуді талап етеді. Осы ретте аймақтағы ең ірі үш пошта операторы Азия мен Еуропа арасындағы ауқымды транзитті арттыру үшін күш бірік­тіреді», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

Үшжақты келісімде Азия – Еуро­па, Еуропа – ЕАЭО елдері және оған іргелес нарықтар, сол секілді АҚШ – ЕАЭО елдері мен көршілес нарықтар бағытында халықаралық пошта жөнелтімдерінің транзитін ұйымдастыру мақсатында өнімдерді дайындап, іске қосу көзделген. Сонымен қоса тиісті уағдаластықтың аясын­да қатысушылар халықаралық пошта жөнелтімдерін өңдейтін бірыңғай технологияны және тарифтік саясатты әзірлемек.

«Осы келісімге отыру – бүгінде белсенді дамып жатқан транзит нары­ғын­да бірлескен өнімдерді артты­руда маңызды қадам. Тұты­ну­шы­мыз­дың талғамы өзгерді. Онлайн режіміндегі қызметке жылдам ауысуға электронды коммерция саласындағы заманауи логистикалық қызметтер қажет. Сондықтан әріптестерімізбен бірі­гіп, осы бағыттағы жұмысты жал­ғас­тырып келеміз», деді «Почта Рос­сии» АҚ бас директоры Максим Акимов.

Аталған келісімде экономикалық мүдделердің, сондай-ақ әр органның басқару тәуелсіздігі сақталуының маңыз­дылығы қарастырылған. Арна­йы жол картасы әзірленгеннен кейін пошта операторлары көзделген жұмыстарды іске асыруға кіріседі. Бұл құжат келер жылдың бірінші тоқ­санында дайын болуы тиіс.

«Қазпошта» АҚ былтырғы қар­жы­лық есебі бойынша компа­ния­ның ұзақ және қысқа мерзімді активтері 111 685 969 теңгені құрады. Меншікті капиталдың жиынтығы 40 813 175 теңгеге жетсе, ұзақ және қысқа мер­зім­ді міндеттемелердің көлемі –
70 872 794 (2018 жылы 94 434 444 теңге) теңге. Биылғы қыркүйектегі жағдай бойынша ұлттық оператордың ұзақ және қысқа мерзімді активтері – 
(61 643 637/ 45 811 103 теңге) 108 454 740 теңге. Меншікті капиталдың жиын­тығы – 38 608 180 теңге. Ұзақ және қыс­қа мерзімді міндеттемелердің көле­мі – 69 846 560 (10 485 644/ 59 360 916 теңге) теңге.

 

Жаңа тариф сапаны арттыра ма?

10 қазаннан бастап «Қазпошта» жеке тұлғаларға арналған қаржылық қыз­меттерге байланысты жаңа тариф­тер­ді енгізді. Бұл тарифтік кесте банк шотындағы операцияларды (ашу, жүргізу және жабу), кассалық және аударым процестерін, сол секілді бро­керлік қызметтерді қамтиды. Кез кел­ген қызметке қатысты тарифті қай­та қарап, өзгерту уақыт өте жүре­тін үр­діс болған соң әдетте бұл нарық­тық жағдайдың өзгеруімен, соны­мен қоса операциялық тиімділікті арт­ты­ру­дағы корпоративтік талаптармен ай­қындалады деп түсіндіреді ұлттық пош­та операторы.

«Мәселен, коммуналдық төлемнің түбіртегін өңдеуге байланысты тариф 4 жылдан бері өзгермеген. Сондықтан компанияның тікелей шығындарын қыс­қартып, операциялық шығын­дар­ды рентабельді деңгейге дейін теңестіру мақсатында қайта қарас­тырыл­ды. Компания әлеуметтік жа­уап­кершілік саясатын ұстана отырып, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру туралы шешім қабылдады. Оларға қаржылық қызметтердің кейбір түрлері бойынша төлем мөлшері (атап айтқанда, ком­муналдық төлем түбіртек құжа­тын өңдеу) 0 теңгені құрайды. Бұл санатқа соғыс ардагерлері, мүгедек­тер, еңбек ардагерлері жатады (зей­нет­керлік куәлігін немесе жеке куә­лі­гін көрсеткен кезде, сондай-ақ тө­леу­шінің деректері коммуналдық түбір­тек­те көрсетілген деректермен сәйкес келген жағдайда)» делінген компания таратқан ақпаратта.

Салалық ұйымның 2027 жылға дейінгі дамыту стратегиясындағы басымдықтардың бірі – компанияны жаңғыртуда бірізділікті ұстану. Ұлттық пошта операторы бизнес-про­цестерді жетілдіруді және өнді­ріс­тік өнімділікті арттыруға байла­ныс­ты міндетті тұрақты түрде ше­шуді мақсат етіп отыр. Осы қыз­мет­­­­­­тің негізінде өңірлердегі пошта бө­лімшелері желісінің өндірістік, эко­но­микалық және әлеуметтік тиім­ділі­гі бағаланатынын айта кеткен орынды.

Компанияның ақпаратына сүйен­сек, соңғы жылдары жазбаша хат-хабарларды жөнелту мен мерзімді басылымдарды жеткізу көлемінің қыс­қару үрдісі байқалуда. Бұрын бұл қызметтердің ауылдық жерлер­де сұранысы жоғары болып, өңір­лік пошташылардың негізгі жұмысын құраған еді. Қазір жағдай түбегейлі өзгерсе керек. Әйтсе де Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 шілдедегі №44 «Пошта байланысының әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, пошта қызметімен қамту талаптары бойынша ауылды елді мекендерде кемінде 2 мың адамға бір стационарлық пошта бөлімшесі (немесе жиынтық ауылдық округ бо­йынша) қызмет көрсетуі тиіс.

«Қызметтер сұранысын бағалау нәти­желеріне сәйкес, сондай-ақ жо­ға­рыдағы бұйрықтың талаптары­на сүйене отырып, компания ерекше жағдайларда кейбір пошта бөлім­ше­лерін біріктіруге, көшіруге немесе пошталық-логистикалық және қар­жы­лық қызметтерді стационарлы фор­маттан жылжымалы қызметке ауыстыруға қатысты шешімді қайта қарауды қабылдайды. Белгілі бір бөлімшелердің жұмыс форматын немесе режімін толық жұмыс кестесінен қысқартылған уақытқа өзгертіп, компания «Қазпоштаның» қызметтер спектрі қайта қарауға жатпайтынын және оның клиенттерге толық, бұ­­рынғы көлемде қолжетімді болып қалатынын хабарлайды. Бұған қоса қазір ауылдық бөлімшелерде көр­сетілетін қызметтер пакетін кеңей­ту мәселесі пысықталып жатыр. 2021 жылы шалғайдағы аудандар мен ауыл халқы пошта бөлімшелерінде аса сұраныстағы мемлекеттік қызметтерді ала алады деп жоспарлануда», дейді компания өкілдері.

 

Жемқорлық
тыйылмай тұр

Тұтастай «Қазпошта» бүгінде ауыл­ды жерлердегі пошта қызметкер­ле­ріне өндірістік қызметпен бірге еңбекақы мөлшерін кеңейтуге мүм­кіндік беретін корпоративтік шешім­дерді дайындап жатыр.

Алайда бұл квазимемлекеттік ұйым­ның қызметі көптің көңіліне бір­дей жақпайды. Ұлттық пошта операторына қатысты проблемалық жағдайлар аз болған жоқ. Айталық, осыдан екі ай бұрын Екібастұздағы пошта бөлімшесінің басшысы 9,4 млн теңге көлеміндегі қаражатты ұрлады деп күдікке ілінген болатын.

«Аталған тұлға 9,4 млн теңге кө­ле­міндегі бюджет қаражатын жеке тұлға­лардың карта шоттарына аудару арқылы жымқырды деп күдікке ілінді, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр», деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Өкініштісі сол, мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де кез­де­­седі. Жылдың басында «Қаз­пош­т­аның» Тараздағы филиа­лы­ның бұрынғы басшысы сыбайлас жем­қор­лық қылмыс дерегі бойынша соттың шешімімен кінәлі деп танылып, оған 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл белгіленуімен қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластату үкімі тағайындалды. Ал көктемде Батыс Қазақстандағы компанияға қарасты пошта бөлімшесінің басшысы 37 млн теңге көлемінде ақшаны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталған азамат арнайы бағдарламалық жасақ­та­маны пайдалану арқылы өзінің карта шотына заңды және жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын ауда­­рып, сол секілді сәлемдемелерді төлеуге арналған қаражатты иемденіп отырған. Бұл ретте клиенттерге бағ­дар­­ламалық жасақтаманың ақауын алға тар­тып, түбіртектерді бермеудің жолын тапқан.

Бұдан бөлек қоғамның ашуы­на тиетіні – орталық басқарма бас­шылары мен қатардағы пошта опе­ра­торларының жалақысындағы ал­шақ­тық.

«Компания топ менеджерлерінің айлығы 1 млн теңгеден асады. Пошта операторының ең төменгі еңбекақысы – 47 мыңның төңірегінде. Тіпті оны 50 мыңға көбейткеннің өзінде басшылықтың жалақысы 24 есеге көп», деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.

Жемқорлық фактілерін ысырып қойғанның өзінде ұлттық опера­тор­дың қызметіне сын тағушы­лар аз емес. Жасыратыны жоқ, ақпараттық тех­нология дәуірлеген заманда көп­шілік жекелеген курьерлік және логистикалық компаниялардың қыз­ме­тіне жүгінгенді құп көреді. Яндекс пен Glovo-дан бөлек, отандық нарықта Amazon компаниясының қызметіне сұраныс біртіндеп артып келеді. Сарапшылардың айтуынша, таяу болашақта «Қазпошта» корпоративтік стратегиясын заманауи үрдіске икемдей алмаса, ішкі нарықты шетелдік ойыншыларға беруіне мәжбүр болады.

 

Алпауыттар вакцина тасымалдауға дайындалуда

Отандық пошта қызметі хат-хабар мен сәлемдемелерді жөнелтумен әлек болып жатқанда, әлемдік алпауыттар пандемияға қарсы вакцинаны жеткізуді меңгеріп жатыр. Басқа-басқа, бірақ медициналық дәрі-дәрмекті жеткізудің өзіндік тәртібі бар.

Қазір әлемдік логистиканың алдында бұрын-соңды болмаған міндет тұр. Сала көшбасшысы германиялық Deutsche Post DHL компаниясының болжамынша, алдағы бір-екі жылда шамамен 10 млрд дозаны жеткізуді қамтамасыз ету керек. Қалай болғанда да Жер тұрғындарына қарағанда екпенің әлдеқайда көп болатыны күмәнсіз. DHL-дың есептеулері бойынша түрлі көлік құралдарымен 200 мың жүктабан (жүктің астына қойылатын ағаш табан) түпқоймасын тасымалдап, шамамен 15 мың әуе тасымалын жүзеге асыру қажет.

IATA халықаралық әуе көлігі қа­уымдастығы Жер шары бойынша вакциналарды тарату науқанын «Бұрын-соңды болмаған ірі кешенді логистикалық операция» деп бағалап отыр. Бұл ұйым әлем елдерінің үкі­мет­­терін шекараларды ашып, әуе қа­тынасын қалпына келтіруге ша­­қырды. Өйткені карантиндік ша­ра­ларға байланысты рейстердің саны күрт төмендеді. Осының салдарынан әуе жүк тасымалының көлемі ай­тар­лықтай шектеліп, жолау­шы­лар ұшақ­та­рымен ауқымды жүк жө­нел­ту­дің мүмкіндігі аз.

АҚШ-тың жетекші 7 авиа­ком­па­ния­­сы қарашада Конгреске «вак­цинаны таратудағы логистикалық мәселені» шешу үшін қаржылай көмек көрсетуді талап етіп хат жолдады. Мәселе тасымалдаумен ғана шектелмейді. Неге десеңіз, вакциналарды ерекше жағдайда, атап айтқанда, төмен, тіпті өте төмен температурада жеткізу күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі.

«COVID-19-дың салдарынан қатты мұздатылған дәрі-дәрмектерді тасымалдаумен бетпе-бет келетін логис­тика саласы үшін өте күрделі міндет», дейді DHL компаниясының менеджері Томас Эльман.

Бұл ең алдымен германиялық BioNTech компаниясы мен оның америкалық серіктесі Pfizer-дің вакцинасына қатысты. Себебі оны минус 70 градус температурада сақтау керек. Аталған вакцинаны тосып отырған елдер аз емес. Сондықтан жоғарыдағы екі компания да Құрама Штаттарға шұғыл тіркелуге өтініш жіберіп, желтоқсанның соңында Америкада екпені салу науқаны басталуы әбден мүмкін. Еуропалық одақ осы дәрінің 300 млн дозасын жеткізу туралы келісімге қол қойса, АҚШ 600 млн дозаны алып үлгерді. Тұтастай алғанда, екі компания келесі жылы шамамен 1,3 млрд вакцинаны шығаруды жоспарлап отыр. Сол себепті логистикалық ұйым­дар­дың алдағы тәжірибесінде атал­ған компаниялар ең күрделі клиент­тердің бірі болуы мүмкін.

DHL бұл науқанға жаздан бері дайындала бастады. Өйткені компания клиникалық сынақтардан өтіп жатқан вакциналардың біреуін ерекше жағдайда тасымалдау қажет екенін дер кезінде түсінді. Бұған қыркүйекте McKinsey халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп жарияланған зерттеу дәлел. Онда температураға сезімтал дәрі-дәрмектерді тасымалдауды қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар қарастырылып, арнайы тоңазытқыштар мен термобокстарда вакциналардың 15 млн данасын жеткізу жөнінде айтылған.

Deutsche Post DHL мен швей­цариялық Kühne + Nagel компаниясы COVID-19-ға қарсы вакциналарды тасымалдауға қатысты алғашқы келісімшарт жасағандарын хабарлап, бірақ толық мәліметті әзірге жарияламай отыр. Сол секілді бұл бағытта Құрама Штаттардан бөлек Еуропада да маңызды рөлді америкалық FedEx және UPS логистикалық компаниялары атқармақ.