Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Өңірде өнім өңдеудің өрісі кең

266 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзіміз өндірген өнімді өңдеудің маңызы зор. Негізінен ауыл шаруашылығына иек сүйеген өңір өнім өңдеудің ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл қарымды қуат жаман тұмаумен жағалас­қан елдің дастарқанының берекесін келтіруге септігін тигізуде.

Өңірде өнім өңдеудің өрісі кең

Биыл облыс диқандары күзгі жиын-терінді ұйымшылдықпен өткізіп, құт қамбаға мол өнім құ­йып алды. Берекенің үйірі­луі­не ауыл шаруашылығы техни­ка­­ларының біршама жақсаруы себеп болып отыр. Ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының барлық түрі бойынша 5,2 миллион тонна өнім жиналды. Орташа гектар бере­кесі 11,8 центнерден айналды. Жи­налған астық көлемі ішкі қажет­тілікті толық көлемде, сон­дай-ақ, экспорт әлеуетін 2-2,5 мил­лион тонна деңгейінде қам­та­масыз етуге мүмкіндік берді.

Астықты өңір үшін ең керегі астық комбайндары. Қоңыр күз­дегі қарбаласта техника түгел болған жағдайда ғана күзгі жауын-шашынға ұрынбай, орақ нау­қанын ойдағыдай аяқтай ала­сың. Қазір Көкшетауда «Kazrost Engineering» ком­паниясы қар­қынды жұмыс істеуде. Өнді­ріс көлемін артты­рып, жылы­на 800 комбайн құ­рас­тыр­мақ. Жобаға 7,5 млрд тең­геден астам инвес­тиция құ­йыл­ған. Кәсіп­орын «Вектор» және «Acros» тәрізді алымдылығы жоғары ас­тық комбайндарын шығаруда. Бұл комбайндар алқаптарда сындарлы сынақтан өткен техникалар.

– Зауыт жаңа екінші цехтың құры­лысы мен өндірісті жаңғыр­ту есебінен көлемді ұлғайтпақ. Бір айта кетерлігі, комбайн құ­рас­­ты­ратын қосымша тағы 7 бір­­дей бекет ұйымдастырылып отыр, – дейді кәсіпорынның бас ди­рек­торы Дарын Иманмұсаев, – кә­сіп­орынды жаңғырту уақыт­тан ұтып, құрастыру жұ­мыс­тарын жеңілдетеді.

Жыл басынан бері зауытта 480 астық комбайны құрас­ты­­рыл­ған. Оның 400-ден астамы ди­қандардың қолына тиіп, күз­гі орақ жұмыстарына қатысты. Қазір бұл техникаларға еліміздің астықты өңірлерінен сұраныс үз­діксіз түсіп жатыр. Сөз арасында бір комбайнның құны 50 млн тең­ге­нің шамасында екенін айта кете­лік. Шетелдік техникалардан әлде­қайда арзан әрі жөндеуге де ыңғайлы.

– Шетелден алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қымбат, – дейді Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапар­хан Омаров, – отандық өндірісті дамытып, ауыл шаруашылығы техни­каларын өзіміздің шығар­ғанымыз әлдеқайда жақсы ғой.

Зауытта жалғыз комбайн ғана емес, өзге де астық тие­гіш, шалғы тә­різді ауыл шаруа­шылығы техникалары шы­ғарылып, диқандар­дың қажеті­не әбден-ақ жарап тұр. Өз техникамыз өзіміздің кәдеміз­ге жара­ған соң ауыл шаруашы­лығы өнімдерін молынан өндіру­ге септігін тигізуде. Ендігі мәселе, сол өнімді ұқсату жайы. Бұл тарапта да алға ұмтылған талпыныс бар. Мәселен, астық және майлы дақылдарды сақтап, қай­та өңдеумен айналысатын «Sinegor-Grain» серіктестігі Ресей мен Түркияның қазіргі заманғы қондырғыларымен жабдықталған. Бұл жерде бір мезетте бидай мен майлы дақыл­дарды қабылдап, өңдейтін екі желі бар. Элеватордың тәуліктік қуаты 30 мың тонна болса, диірменнің мүмкіндігі одан да жоғары. Кәсіпорын басшысы Жасұлан Мәдимұхаметов­тің айтуына қарағанда, биылғы шілде айында астық кептіру және диірмен кешендері іске қосылған. Жобаның құны 1 млрд теңге көлемінде. Келер жылы май өндіру желісін, құрама жем өндірісін қолға алмақ.

Өңірдің өнім өңдеуден өңі жақсы. Мәселен, «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігі сүт өнім­дерін шығаратын жаңа желіні іске қосып отыр. Сол арқы­лы тәулігіне 50 тонна сүт, айран, қатық, қаймақ, ірімшік, қоспа, құрт, сары май тәрізді сүт өнім­дерінің бірнеше түрі шығады. Кәсіп­орынға 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, италиялық «СleverMahines» жабдығы орнатылған.

Осылайша, Көкше өңірінде өнім өндіру мен өңдеудің жаңа белесі бағындырылуда.

 

Ақмола облысы