Алты бала тәрбиелеп өсірген Жұмақановтардың үйі әне-міне құлағалы тұрғанымен, тәуелсіз сарапшылардың «апаттық жағдайда» деп танып, берген актілері жоқ. Өздері жадау үйдің жай-жапсарын айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырғалы қашан?! Көмек болса, қанеки... Осындайда «аспаннан киіз жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деген мәтел еріксіз еске түседі. Әйтпесе, мереке сайын кілт ұстап суретке түсіп жатқан көп балалы аналардың қатары аз емес.
– Аудан әкімнің орынбасары Әлібек Байжұманов келіп, ешқандай көмек болмайтынын айтты. Үйді өздерің жөндеп алыңдар немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеліңдер деді. Тіркелуін тіркелеміз ғой, бірақ үй апаттық жағдайда деген қағаз жоқ. 2017 жылы өтініш бергеміз, оның уақыты өтіп кетті. Әкімдікке бір емес, бірнеше рет бардық. Еш қайыр болмады, – дейді алты баланың анасы Гүлназ Тұрлықова.
Балаларының үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған, мектепте оқиды. Ал Гүлназдың өзі – ауылдағы Халық банкінің филиалында еден жуушы. Алатын айлығы – 13 мың теңге. Күйеуі Ермак Жұмақанов вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бір ай жұмыста болса, бір ай үйде. Айлығы – 60 мың теңге. Оның өзі екі айда бір кіретін кіріс. Ұстап отырған малы да жоқ.
Г.Тұрлықованың айтуынша, бұл үйде кезінде ата-енесі тұрған. Аядай ғана екі бөлмелі қара шаңырақты кеңейтуге, жөндеуге жағдайлары жоқ. Тапқан-таянғандары бала-шағасынан аспайды. Егер облыс орталығынан комиссия келіп, баспаналарына сараптама жасайтын болса, қоғам белсендісі, Тарбағатайдың тумасы Әсел Мержақып заңдылық жағын назарында ұстап отыратынын айтты.
– Тұрып жатқан үйлерінің жағдайы өте нашар. Мән-жайды жақсы біліп отырмын. Көмек беруге лайықты отбасылар. Балалары да тәрбиелі. Өздері ешкімнен алақан жайып көмек сұрамайды, – дейді Әсел Мержақып.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл Ақжар ауылында ғана 26 пәтер қолданысқа берілген. Оның 14-і көп балалы отбасыларға берілсе, 6-ы әлеуметтік осал топтағыларға бұйырды. Ал қалған 6 үй баспаналары апаттық жағдайда тұрған азаматтарға берілді. Оның бәрі 21 адамнан тұратын аудандық комиссияның қадағалауында болды. Комиссия құрамында көп балалы аналар, округ әкімі жанындағы қауымдастықтың алты мүшесі, коммуналдық шаруашылықтың, «Алтайэнергияның» директорлары болған екен. Біз де тоқал тамда тұрып жатқан Г.Тұрлықованың мәселесін алға тартып, аудан басшылығына, округ әкіміне хабарласқан едік.
– Ақжардағы үйлердің 80 пайызы 50-60 жылдары салынған. Оның ішінде апаттық жағдайда тұрғандары көп. Г.Тұрлықова «үйім апаттық жағдайда тұр» деп 2016 жылы Халыққа қызмет көрсету бөлімшесіне барып тіркелуі керек болған. Содан кейін тәуелсіз сарапшылар үйдің жағдайын анықтар еді. Былтыр көп балалы отбасыларға 9 үй бергенбіз. Биыл 6 отбасы бас тартты. Себебі Ақжардан берілетін үй арендалық болған соң ай сайын 13 мың теңге төлеуі тиіс. Жылына шаққанда – 156 мың теңгедей. Сонымен қатар балалары 10-11 оқитын ата-аналар пәтерді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы қаладан алғылары келеді. Бәрі сәтімен болса, келер жылға 30 үй көтеруді жоспарлап отырмыз. Сонымен мәселе шешіліп қалатын сияқты. Жеке кәсіпкер 30 пәтерлі 15 үй салуды көздеп отыр. Баспана кезекпен ғана беріледі, – дейді Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев.
Иә, жоспар ойдағыдай болса, келер жылы Ақжарда 60 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ал Жұмақановтар отбасы бұл тізімге енуі үшін Халыққа қызмет көрсету филиалына барып, үйдің жағдайын есепке іліндіруі тиіс. Содан соң тәуелсіз сарапшылар үйдің күйіне байланысты шешім шығарып, жаңа үйге қол жеткізуге жол ашатын көрінеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы