Кеше Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Мандела қайтыс болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
ОАР президенті Джейкоб Зума бұл күнді қаралы күн деп атап, ел аумағындағы бүкіл туларды түсіруге тапсырма берді. «Нельсон Мандела 5 желтоқсан күні 20 сағат 50 минутта туған-туыстарының ортасында тып-тыныш кетіп қалды. Біздің халқымыз ұлы перзентінен айрылды», – деді ол.
Нобель сыйлығының лауреаты, апартеидке қарсы күрестің ұлттық қаһарманымен қоштасу үшін оның Йоханнесбург қаласындағы үйінің алдына жүздеген адам жиналды.
Марқұмның отбасы ОАР-дың тұңғыш қара нәсілді президентін Куну қаласы Батыс Кейп провинциясында жерлемек. Себебі, мұнда Манделаның үлкен ұлы Макато, тұңғыш қызы Маказиве мен екінші ұлы Тембекиле жерленген екен.
Оңтүстік Африка Республикасының тарихындағы бірінші қара нәсілді президент 1918 жылы 18 шілдеде Куну деревнясында тембу тайпасының көсемі отбасында туған. Дүниеге келген кезінде оған коса тілінен сөзбе-сөз аударғанда «ағаштан бұтақ жұлу», ал бейнелі тілде «бұлыңғыр» деген мағына беретін «Ролихахла» атты есім берілген екен. Ал мектепте оқи бастаған шағында ағылшынның «Нельсон» деген атын алады. Кейінірек ол өздерінің тобының ұйғарымымен Мадиба атала бастайды.
Мандела 1944 жылы Оңтүстік Африканың ұлттық конгресі (АҰК) құрамына мүше болып енді. Ол 1952 жылы осы конгрестің Трансвааль провинциясындағы ұйымын басқару тізгінін қолға алды. Осы жұмыстағы белсенділігі үшін 1964 жылы 12 маусымда «үкіметті құлату үшін қарулы көтеріліс ұйымдастырды» деген айыптаумен өмір бойғы түрмеде отыру жазасына кесілді. 1982 жылға дейін Роббен аралында отырды. Содан кейін Кейптаундағы «Полсмоор» абақтысына аударылды. Ол 1991 жылғы 11 ақпанда әлем қауымдастығының қысымымен түрмеден босап, бостандыққа шықты.
Нельсон Мандела 1994 жылдың 9 мамырынан 1999 жылдың 16 маусымына дейін ОАР-дың президенті болды. Оның халықаралық наградалары да өте көп. Соның ішінде 1993 жылы алған Нобель сыйлығының лауреаты атағы да бар.
Нельсон Мандела үшінші мәртесінде Мозамбиктің авиаапатта қаза тапқан президенті Самора Машелдің жесірі – Грасе Машелге үйленген. Оның бес ұлы болды. Бұлардың үшеу қазір өмірде жоқ. Ұлдарынан қырықтан аса немере мен шөбере көрді.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com