Руханият • 22 Желтоқсан, 2020

Өнер ордасының мерейлі белесі

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрыл­ғанына 85 жыл толды. Ғасырға таяған бедерлі жылдар белесінде талай музыка саңлақтарын қанаттандырған өнер оша­ғы көрерменін әсем ән, күмбірлі күй, сиқырлы сазбен әлди­леп келеді. Атаулы датаға орай Алматыда алғаш рет қысқы «PHILHARMONIC NEW YEAR FEST» фестивалінің ашылу салта­наты өтті.

Өнер ордасының мерейлі белесі

Әлемдік классикалық музыка­ның һәм ұлы қазақ өнерінің рухани қара шаңырағына айналған Жам­был атындағы филармонияның мерей­тойын атап өтуге Мәдениет және спорт министрлігі айрықша маңыз беріп отыр. Өнер ұжымын ме­рейлі межесімен құттықтауға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мем­лекеттік хатшы Қырымбек Кө­шер­баевтың ыстық лебізін жет­кі­зіп, саланы дамытуға қос­қан үле­сі үшін бірқатар өнер май­тал­ман­дарын Министрліктің ведом­ства­лық наградаларымен марапат­тады.

– Филармонияның 85 жылдық мерекесі аясында өтіп жатқан жаңа жылдық фестивальдың мәні ерек. Тұңғыш рет шымылдығын түрген шараның ғұмыры ұзақ болғай! Тоғыз күн бойы қазақстандық музы­калық өнерді дамытуға бағыт­талған фестиваль аясында әлемге әйгілі филармония ұжымдарының концерттері өткізілмек. Аталған фес­тиваль дәстүрге айналып, фи­лар­мония өнерпаздарының есім­дерін ел есінде қалдыруға сеп­ті­гін тигізері анық. Бүгінде еге­мен­­дігіміздің мерекесін біз ірге­сі бе­рік, мемлекеттігі бекем, төрт құ­быласы түгел, аты әлемге таныл­ған ел ретінде қарсы алып отырмыз. Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясының 85 жыл­дық мерейтойы аясында салта­нат құрған бүгінгі шара соның бір көрінісі. Әлем дамуының қазір­гідей күрделі кезеңінде келешекке нық сеніммен керуен тартқан туған еліміздің жан-жақты өркендеуі және халқымыздың мәдени тұрғыдан дамуы жолында аталған ұжымның сіңірген еңбегі зор, – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Марапаттау рәсімі Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің кон­церттік бағдарламасымен жалғас­ты. Жаңа жыл қарсаңындағы ме­рей­тойлық фестиваль өнерсүйер қа­уымға ғажайып көңіл күй мен шаттық сезім сыйламақ. Ведомства басшысы тілге тиек еткендей, 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау арқылы аталған фестивалды жыл сайынғы дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында Мәдениет және спорт министрі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет мұ­ражайының 85 жылдық мерей­тойына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың атынан мемлекеттік марапат­тар мен алғыс хаттарды табыс­тады. Салтанатты жиында Қазақ­станның көркем сурет өнері тізбе­сі­нің 3-ші томының тұсауы кесіл­ді. Одан бөлек, тамыры терең­де жатқан мұ­ра­жайдың тарихынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдас­тырылды.

«Қазақстан бейнелеу өнері де­генде ең алдымен Қастеев мұра­жайы көз алдымызға келеді. Қа­зақ ұл­тынан шыққан тұңғыш кәсі­би су­­ретші әрі ұлы дарынның есі­мі­­мен аталған музей – ұлттық сана-се­зімді қалыптастыратын, ны­­ғай­та­тын мұражай десек қате­лес­пей­міз. Ұлттық өнердің мәйегі, жау­һары осында жатыр», дейді Қазақ­станның өнер сыншылары гиль­диясының төрағасы Иманбек Ефрат.

Тағы да бір сүйіншілеп айтар жаңалық, Тәуелсіздік күні қар­саңында ұлт руханиятының қара шаңырағына баланатын Алматыдағы бес бірдей өнер ошағына ұлттық мәртебе берілді. Президент Жарлығы бойынша М.Әуезов атындағы драма театры мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық халық аспаптар оркестріне, сондай-ақ М.Лер­мон­тов атындағы Мемлекеттік ака­демиялық орыс драма театры мен «ҚР Ұлттық кітапханасы» мекемелері «Ұлттық» мәртебеге ие болды.

 

АЛМАТЫ