Қоғам • 22 Желтоқсан, 2020

Қуатты әулеттің іргесі де қуатты

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде қызметтік ғұмырын тұтастай бір салаға арнаған еңбек әулет­тері аз емес. Айталық, энергетиктер әулеті Баядиловтердің жалпы еңбек тәжірибесі 94 жылды құрайды. Бұл уақыт аралығын Екі­бас­тұздағы Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС-тің өндірістік даму кезең­дері­мен байланыстыруға болады. Бүгінде Қазақстандағы ең қуатты элек­тро­стансаның өркендеуіне Баядиловтердің жас буыны үлес қосып жүр.

Қуатты әулеттің іргесі де қуатты

Алтынбек Баядилов 38 жыл ғұмырын еліміздегі энергетика саласының дамуы­на арнады. Ол еңбек жолын 1982 жылы Екібастұздағы Болат Нұржанов атын­дағы 1-МАЭС-те қараушы болып бастайды. Уа­қыт өте келе қараушы машинис­тің міндетін атқарып, энергоблок ма­шинисі қызметіне дейін көтеріледі.

«Шамамен 40 жыл ғұмырым осы салада өрбіді. Балаларым Екібастұзда дүниеге келіп, өсті. Үлкен ұлым Қытайда тұрып жұмыс істесе, екінші балам өзім­нің жолымды қуып энергетика сала­сында еңбек етіп жүр. Неліктен бұл са­ланы таңдадым? Ауылда өскен қазақ­пыз. Мектепті тәмамдап, қалаға кел­генде оң-солымызды білмедік. Алайда техникалық мамандықтарға қандас­тары­мыз көп бара бермейтін. Осы бір таптаурын түсінікті бұзып, энергетика саласын таңдауға бел будым. Таныс­тарым 1-МАЭС-ке баруға кеңес берді. Осылайша бұл кәсіпорында қыз­мет етудің сәті түсіп, сырттай оқып білі­мімді шыңдадым. Атап айтқанда, бұрын­ғы Цели­ноград, қазіргі Нұр-Сұл­тан ша­һарында кезінде бүкіл­одақтық энер­гетикалық техни­кумның бөлімшесі болатын. Сонда сырттай оқыдым», деді А.Баядилов.

Электроэнергетика саласы жоғары қауіппен байланысты болған соң өндіріс орындарында қатаң тәртіп сақтау қажет. Өйткені бұл мамандық қателікті кешірмейді.

«Екібастұздағы 1-МАЭС-те қуат мөлшері 4 мың мегаватты құрайды. Қазақстандағы ең үлкен электр стан­саның бірі. Енді осыған қарап, жауап­кершіліктің қандай болатынын бағамдай берсеңіз болады. Міндетіңді дұрыс атқармай, олқылыққа жол берсең оның салдарын ойлаудың өзі қор­қынышты. Оның үстіне тәу­ліктік кезекшілікті атқаруға тура келеді», деді энергетика саласының ардагері.

Бүгінде ақпараттық технологиялар дамыған заманда энергетикалық нысандардың да жұмысы автоматтандырылып, өндіріс те ілгерілей түскенін айта кеткен орынды. Десек те бұл салада білікті мамандарға сұраныс әрқашан да жоғары.

«Кеңес одағы кезеңінде қондырғылар қазіргідей емес, басқаша болатын. Мысалы, ол кезде заманауи компьютерлер жоқ. Бірақ сол дәуірге сай аппараттармен қамтылып отырдық. Мұны да айта кеткен жөн. Қа­зір мүмкіндіктер көп. Бұл бағытта өркениетті елдердің тә­жірибесіне жүгініп, озық технологияларды өндіріске енгізуге еш кедергі жоқ. Шетелде білім алып, отандық энергетиканы дамытуға үлес қосып жатқан жастардың қатары біртіндеп көбейіп жатқаны қуантады», деді А.Баядилов.

Энергетика ардагері қазір техника­лық мамандықтарды меңгеріп жүрген қаракөз­де­ріміздің қатары артқанына риза. Мәселен, Кеңес одағы кезеңінде кезек­ші­лікте 30 қызметкер жұмыс істесе, соның небәрі екі-үшеуі ғана қазақ болатын.

«Тұтастай энергетика саласын алып қарасақ, аталған секторда Қазақстанның келе­шегі зор деп білемін. Өйткені осы бағытты дамыту үшін елімізде барлық ресурс бар. Жо­ғарыда айтқанымдай бі­лімді, дарынды жастарымыз аз емес. Осы нарықтың көш­басшысына айналуға болады. Тек мамандардың жала­қыларына көңіл бөліп, басқа да жеңілдіктерді қарастырған артық етпейді деп санаймын. Саланы дамыту жастардың қолында», деді кейіпкеріміз.

Білікті майталманның ұлы Рустам да әке жолын таңдап, бүгінде Болат Нұржанов атындағы 1-МАЭС-те табыс­ты қызмет етіп жүр.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезден әкемнің мамандығына қызығатынмын. Ер жетіп, оқуды аяқтаған соң әулеттік жолды жал­ғастырамын деп шештім. Осылайша, 1-МАЭС-те ел қатарлы жұмыс істеп келеміз. Жалпы, еліміздің энер­гети­калық индустриясы оң жолға қойыл­ғанын айта кеткен жөн. Десе де әлі же­тілдіруді талап ететін тұстары бар. Қуантар­лығы, басшылық біздің ұсы­ныстарымызға құлақ салады. Айт­қан­дары­мызды жерге тастамайды», деді Р.Баядилов.

Баядиловтер әулетінің энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі 94 жылды құрайды. Мәселен, Алтынбек ақсақал мен оның ұлынан бөлек, бұл мамандықты інісі Әлібек Баядилов пен оның қызы Айнұр да игерген екен. Демек, Тәуелсіз Қазақстанның электрэнергетикасын өркендетуге аталған әулеттің екінші буыны сүбелі үлесін қосып келеді.