Білім • 22 Желтоқсан, 2020

Ең басты мәселе тілге қатысты емес - Асхат Аймағамбетов

478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық оқушылардың үлгерім жағынан халықаралық зерттеуге қатысу нәтижелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ең басты мәселе тілге қатысты емес - Асхат Аймағамбетов

«Жалпы талдау әр облыс бойынша жүргізілді. Оның қорытындысын өңірлерге жолдауға дайынбыз. Әріптестермен бұл мәселені жұмыс тәртібінен бөлек те талқылаған едік. Жұмысты ары қарай жандандыру керек. Жалпы Жамбыл облысы оқушыларының PISA зерттеуіне қарасақ та, TIMSS зерттеуінің нәтижесіне қарасақ та, республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша да көрсеткіштері өте жоғары. Бізде кейбір терең үңіліп қарамайтын байқаушылар бар: олар осы зерттеулердің қорытындысын қарап, қазақ тіліндегі мектептердің көрсеткіштері төменірек деген тұжырымдамаға келеді. Бірақ ол дұрыс емес екенін көріп отырмыз», деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Министрдің айтуынша, мектептердің үлгерімі – тілге байланысты мәселе емес, жалпы ұйымдастыруға, жұмысты дұрыс тәртіпке қою ісіне тікелей қатысты.

«Мысалы TIMSS зерттеуі бойынша бүгінгі таңда Жамбыл облысы көш бастап тұрса, онда негізінен мемлекеттік тілде оқитын балалар осы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сондықтан ең басты мәселе тілге қатысты емес. Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеп, басқа да өңірлерге таратуымыз керек», деді Асхат Аймағамбетов.