Білім • 22 Желтоқсан, 2020

Білім министрі марапатты ақшаға сатып алу үрдісін тоқтатуды талап етті

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы жалған әрі ақылы олимпиадалар мен конкурстардың марапаттарына шектеу қою керектігін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Білім министрі марапатты ақшаға сатып алу үрдісін тоқтатуды талап етті

Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында Асхат Аймағамбетов кейінгі кездері әртүрлі ақылы марапаттардың кең тарап кеткеніне алаңдайтынын жеткізді. Айтуынша, олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға әбден жақындатылған.

«Кейбірі түсінбей, басқалары әдейі «Ұлт ұстазы», Ыбырай Алтынсарин атындағы, басқа да әртүрлі төсбелгілерді ақша төлеп, алып жатыр. Бұл мәселені бірнеше рет талқылаған едік. Бірақ әлі де бұл үрдіс азаймай тұр» деді Асхат Аймағамбетов.

Отырыста сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова білім саласында бекітілген ведомстволық ресми наградаларды атап өтті. Олар: Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы, Алғыс.

«Бұдан басқа білім саласында бектіліген ешқандай награда жоқ. Сондықтан басқа пайдаланып жүрген, сатып алып жүрген наградалары дұрыс емес әрі педагогикалық әдепке сәйкес келмейді», деді Шолпан Қаринова.

Бұдан кейін қайта сөз алған Асхат Аймағамбетов бұл үрдісті тоқтату керектігін ескертті.

«Осы мәселе бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Сатып алатын марапат – марапат емес. Бір әрине, кейбір жағдайда әртүрлі қоғамдық марапаттар болатынын түсінеміз. Бірақ олар ақылы болмауы керек. Егер қоғамдық марапат ақылы болса, оның еш қасиеті, құндылығы жоқ. Кейбір әріптестеріміз түсінбей, осындай әрекеттерге барып жатқандар бар. Өйткені, бұл мәселені көтермесек болмайды. Мектептерде әртүрлі ақылы конкурстар мен олимпиадалар болмауы керек. Ол түсінікті шығар. Біз тегін конкурстардың санын көбейтеміз»,деді Асхат Аймағамбетов.