07 Желтоқсан, 2013

Арзанның жілігі татымас

545 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі депутаттарының қарашаның соңы мен желтоқсанның басында аймақтарға шығар алдындағы соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларының арасында мемлекеттік сатып алу мәселесіне арналған заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл жобаны талқылауға депутаттар белсене қатысты.

Парламент Мәжілісі депутаттарының қарашаның соңы мен желтоқсанның басында аймақтарға шығар алдындағы соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларының арасында мемлекеттік сатып алу мәселесіне арналған заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл жобаны талқылауға депутаттар белсене қатысты.

Айтары жоқ, нақ осы мәселе сыбай­лас жемқорлыққа жол аша­тын қайнар көз болып тұрғаны ­дау­сыз. Үкіметтің 11 қазанда бол­ған кеңейтілген отырысында айт­қан сын-ескертпелерінде Пре­зи­дент Н.Назарбаев орталық және жергілікті билік иелерінің бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен мемлекеттік сатып алу бойынша жасайтын қитұрқылықтарын айпара қылды. Енді мына заң жобасы сондайдың алдын алуға ілкім де бір септігін тигізетін шығар деген үміт жұрттың бәрінде бар.

Сонымен қатар, заң жобасы мемлекеттік тапсырыста отандық тауар өндірушілерге басымдық беруді қарастырады. Алайда, ол туралы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл құжаттың қолданыстағы заңмен салыстырғандағы артықшылығын айтып тұрса да оның әлі де шикі тұстары барын өзі де мойындап, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу туралы мүлде жаңа заң жобасы әзірленетінін айтып салды. Дегенмен, заң жобасының қазір­­­гі қолданыстағыға қарағанда артық­шылықтары біршама бар екен. Мәселен, ұлттық режім деген түсі­нік енгізіліп, ол шетелдік сатып алушыларға қарағанда отан­дық тауар өндірушінің өні­міне артықшылық береді. Бұл, тіпті, біздің Кеден одағындағы әріп­тестерімізге де қатысты болмақ.

Мысалы, еліміздегі мемлекеттік органдардың бәріне бір-ақ зауыт болса да қазақстандық аккумуляторларды алу міндеттеледі. Ол заң жобасында бірыңғай ұйымдастырушы деген нормамен реттеледі. Сондай-ақ, бұрын тендерде тек бағаны төмен ұстаушы ғана жеңіске жететін болса, енді сапалы өнім ұсынатын қарсыласқа басымдық беріледі. Ол үшін конкурсқа түсушінің техникалық ерекшеліктерін (нақтылығын) айқындайтын арнаулы комиссия құрылады. Ол сатып алушының мүмкіндігін анықтап, қайсының өнімі қолайлы екенін нақтылайды.

Бұл көптен бері айтылып жүр­ген маңызды мәселенің бірі болатын. Алайда, заңда шалалық болған соң соның шешуі табылмаған еді. Мәселен, балалар бақшасына тамақ әзірлеу бойынша арзан баға ұсынып тендерді жеңіп алған сатып алушы сәбилерге арзан, сапасыз тамақтар беретіні көптен бері айтылса да, соларға қарсы еш шара қолданылмайтын. Өйткені, конкурс талабы бойынша ең төменгі баға ұсынғаны рас, сонымен жеңіп алғаны да рас, ендеше, ол сәби­лерге қымбат, сапалы тағам дайындай ма? Енді осы шалалық сәл де болса түзетілер деген үміт бар.

Сонымен бірге, заң жобасында мемлекеттік тапсырысты орындауға үміткерлік танытқандар арасынан мүгедектер ұйымына жеңілдік берілуі үлкен сауап­ты іс болды. Әйтпесе, арзан баға ұсына алмағандықтан, тендер­де жеңе алмай еліміздегі мүге­дек­тер­дің кейбір ұйымдары арыз-шағымдарын қардай боратып жүрсе де ешқандай нәтиже жоқ екенін көзіміз талай рет көрген. Енді қандай да бір мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет етсе және оған техникалық мүмкіншіліктері бар болса, мүгедектер ұйымы 100 пайыз жеңіске жететіні жобада нақты айтылған. Сондай-ақ, жеңілдіктер түзеу мекемелері мен шағын кәсіпкерлікке де қарастырылыпты.

Ал енді тендерлік комиссия­лар­ға тек бірінші басшылар төр­ағалық етіп, олардың жеке жауапкершіліктері артатыны сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болатын шара ретінде жұрттың бәріне де жағымды естілгенімен, осы мәселеге байланысты министрге сұрақ берген депутат М.Бегентаев үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік тапсырыс пен сатып алуларға 3111 тексеріс жүргізген қаржы-бақылау органдары соның 1394-інде 186 млрд. теңгеге қатысты заңсыздықтың орын алғанын анықтағанын айта отырып, заң жобасында осы келеңсіздіктің алдын алуға қатысты бұдан басқа да қандай шаралар қарастырылғанын сұрады.

Оған министр мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдас­тырушы атқаратынын, бұл тіпті үлкен инвестициялық жобаларға да қатысты екенін айтты. Ал типтік мемлекеттік тапсырыстар орталықтандырылған әдіспен берілетін болады, деді ол. Демек, Мемлекет басшысы талап еткен типтік аурухана, типтік мектеп, т.б. тапсырыс енді бір орталықтан сатылады екен. Бұл әркімнің нысан бағасын өз қалауынша көбейтіп, сол арқылы бюджет қаражатын қымқыруына жол бермейтін әдіс болар деген үміт бар.

Конкурста жеңе алмаған үміткердің сотқа берген талап-арызын қарау мерзімі де қысқартылған. Бұрын бұл мерзім шексіз болып, үміткерлерді конкурстан шеттетіп тастауға мүмкіндік беріп келген бір қитұрқы амал болатын. Енді, заң жобасы бойынша, арызданушының шағымын тез арада қарау міндеттеледі. Сонымен бірге, министр мұнда тапсырыстардың барынша мөл­дір болуы қамтамасыз етіле­ті­нін айтты. Оған «электронды де­ректер базасы», «электронды анықтамалық», т.б. сияқты енгі­зілген жаңа ізденістер мүмкіндік беріп, халық арасында «шапка» аталып кеткен параның жолын кесуге қадам жасалатын көрінеді.

Осы мәселеге байланыс­ты Мә­­жіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­­тулин де өзінің ойын қосты. Бұл, яғни сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою – бүгінгі таңда біз­дің алдымызда тұрған ең маңызды мәселе. Егер ұсынылған заң жобасы оған қарсы пәрменді шара жасай алмайтын болса, онда оның құны бір тиын. Сондықтан заң жобасы шексіз мөлдірлікті қамтамасыз ете алуы керек, деді спикер.

Сөйтіп, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, жетіл­діріле түсу үшін екінші оқылымға жіберілді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар