Бұл – Ерболдың өз сөзімен айтқанда, «айнымас абзал достардың бірге қол созған арманы». Қырық жылдан бері бір-бірімізді білетін болсақ, соңғы жиырма жылдай отбасылық аралас-құраластықта жүріп, туыстардай болып кеткен, жұбымыз жазылмайтын достар едік. Сол ортамызда Ерекең – Ербол Шаймерденұлы ең еркеміз, ең сыйлымыз болатын. Жігіттің сұлтанына ғана тән қасиеттерімен бәрімізге етене, бәрімізге ыстық азаматқа деген сағынышымыз жадымызда жан-жақты болмысын қайта бір жаңғыртып өтуге мүмкіндік бергендей.
Бұл – Ерболдың өз сөзімен айтқанда, «айнымас абзал достардың бірге қол созған арманы». Қырық жылдан бері бір-бірімізді білетін болсақ, соңғы жиырма жылдай отбасылық аралас-құраластықта жүріп, туыстардай болып кеткен, жұбымыз жазылмайтын достар едік. Сол ортамызда Ерекең – Ербол Шаймерденұлы ең еркеміз, ең сыйлымыз болатын. Жігіттің сұлтанына ғана тән қасиеттерімен бәрімізге етене, бәрімізге ыстық азаматқа деген сағынышымыз жадымызда жан-жақты болмысын қайта бір жаңғыртып өтуге мүмкіндік бергендей.
Өнеге.Ерболдың «Әке рухымен сырласу» деген өлеңі бар. Бұл – кешегі ауыл шаңдағын кешіп жүрген ойын баласының, бүгінгі адал да абыройлы еңбегінің арқасында дүйім елге танылып үлгерген тұлғалы азаматтың әкеге деген сағынышы!
Әке омырауына бас қойып, ыстық алақан табын құмардан шыға сезінбеген, дала иісі мен тер иісі бұрқырап шығатын алпамсадай кеудені емірене иіскемеген; ер жетіп, ел қатарына қосылған соң да «осы қызығымды қайран әкем көзі тірісінде көре алмады-ау» дейтін өзек өртейтін өкініш осы өлеңнің өнбойынан молырақ ұшырасатын.
Бірақ жұмыр басты пенденің тағдырға таяқ лақтырып, қай кезде ұпай түгендегені бар. Шаймерден ағамыздың елге сыйлы, елді сөзіне иландыра алатын, үлкенге ізетті, кішіге үлгі-өнеге бола білген азамат болғандығын Ерболдың Елтінжалына бірер мәрте жолымыз түскенде байқадық, сонда аңғардық. Ал Елтінжал атақты Ғабең мен Сәбеңнің кіндік қаны тамған киелі мекен ғой баяғы.
Сен де әке, бөлшегісің бүтіннің,
Мен де, әке, бөлшегімін бүтіннің.
Тізе бүгіп тағдырымның алдында,
Деймін іштей: жазғаныңа
шүкір мың!
Ал Ерекеңнің анасы Мәуия апамыз өзіміздің туған анамыздай еді. Алматыда да, Астанада да талай мәрте дәм-тұздас, дастарқандас болдық. Ақкөңіл, орысшаға жетік. Ән салатын. Жанарының кіреуке тартқанына қарамай, әрбірімізді дауысымыздан танып қоятын. Балажан еді. Қақ-соқ, бөгде сөзбен шаруасы жоқ, нағыз құдайдан тілеген адам еді.
Ерболдың әке рухына деген сағынышы, анасына деген перзенттік борышы, құрметі тірі суреттей әрдайым көз алдымызда бізге өнеге болып қалды.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ.
Сүйіспеншілік. «Жарым менің» деген жырында Ерекең Күләшқа деген сүйіспеншілігін: «...Жарым менің – тағдырым» дейді. «Жолы – ақ, нұрлы, Сыңар қанатым – Жарым менің – періштем» дейді. Одан кейін өзіне сүйеу болғанын «Жарым менің – тірегім» деп түйіндейді де: «Жарым менің – бақытым» деп «Сен барда дүнием толық, Шайқалмас тұнықтарым... Сыйлаған сені маған ризамын тағдырыма», деп бір түйіп тастайды. «Сен де арнап ғұмырыңды, Самал болып естің маған» дейді.
Ал балапан балалары жайлы «Келеді өсіп менің үш құлыным, Көзімнің ағы менен қарасындай... Үш балам – үш жұлдызым көгімдегі Жалғайтын жолдарымды өмірдегі», дейді де сол үш құлынына деген сезімін былайша білдіреді: «Бала деп шырылдайды әке жаны, Жүргендей жүзінде өткір ұстараның».
Атақты Бартоғай су қоймасы салынғаннан кейін Бақайтаудың баурайындағы ойдым-ойдым жерлерге көк түсті тұнық көлдер пайда болған еді. Бір жылы серуен жасап барғанда сол көлдердің бірін «Ербол Шаймерденұлы» көлі деп атағанымыз бар. Ерекең достарының сол ықыласына риза болып, балаларына мынандай өлең жолдарын қалдырыпты. «Айтайын сырымды бір, бұрыл балам, Достарым көл сыйлады бүгін маған. Көңілдің қоңырауы күмбірлейді, Барады құстай ұшып жырым саған. Болады жүрер сәттер жасып бір күн, Ал бүгін қуаныштан тасып тұрмын. Достардың ілтипаты көтерді ме, Мен қазір жерді әзер басып тұрмын», деп толғаныпты.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Жан-жақтылық. Мына тіршілікте кімге кім ұнап, кімді кім ұнатып жатыр дейін десең, азамат Ербол жайлы олай айта алмайсың! Тік болса да турашылдығы, қатулау болса да жайсаңдығы қатар жүретін. Балалығын қайдам, буырқанған жастық шағын өмірдің сан алуан сырларын білсем, ұғынсам, игерсем деген жанкештілікпен өмір сүргенін біріміз білсек, біріміз білмеппіз. Енді, ес біліп, етек жиғанда сонау артта қалған риясыз жастық шақтың буырқанған бал шырынды күндерін асыл дос елінің ертеңіне, халқының болашағына арнап, қатпар-қатпар томдарды ақтарып, құпиялы сұрақтарға жауап іздеген екен ғой. Сол сарыла іздеген, шұқшия зерттеген жұмбақ әлемі ертеңіне алдынан шығып, оның болашағына негіз қалағанын кейін білдік.
Ерболдың шығармашылығы жан-жақтылығымен ерекшеленетін. Ол жинаған афоризмдер тұңғиықтай терең болса, ал оның қаншалықты еңбекті қажет еткені өз алдына бір төбе. Ерекеңнің рәміздер туралы еңбектері кандидаттық, докторлық диссертациялардан бір кемі жоқ. Ал ақындығы мен публицистикасы артына қандайлық мол мұра қалдырғанын аңғартады.
Біз ұнатқан, біз ардақтаған, біз төрге шығарып, төбемізге көтерген Ерболдың мәңгілік балаң, пәк бейнесі қашанда жүрегіміздің төрінде, көңіліміздің түкпірінде.
Құдайберген ТҰРСЫН.
Ізгілік. Жүрек пен ақыл жарасып, үндесетін сәттер болады ғой. Ондайда ой бұлағы ағытылып, достық көңіл, ыстық қарым-қатынас жарқырай көрініп, шуақ шашады. Оның «Адамға мұң да керек» деген өлеңін оқығанда осындай әсерге бөлендім.
Жүргенде жан ауыртып,
Басыңа бақ қона алмай,
Тік өлу - ең ауыры,
Төзімді таптап алмай.
Ақиқат бұл дүниеде,
Мәңгі өлмес ештеңе де.
Кезегің бір күн тиер,
Ерте, әлде, кеш келе ме?
Адамға мұң да керек,
Көп жайды ұғу үшін.
Асылды бұлдап ерек,
Тазарып шығу үшін!..
Адамның рухы көңіл деген көк дөненге биіктен назар салғанда ғана сезім шіркін сиқырланғандай, жүрек түпкіріндегі жасырынып жатқан сырларын ағыл-тегіл ақтарса керек. Ерекеңнің қоңыр мұң мен өмірге деген ғашықтықты арқалаған осы өлең жолдарымен ән ырғағы да егіз өріліп, бірге туған еді. Рухани дүниесі мен жүрегіне дақ түсірмей, ар-ұжданын асқақ ұстап ғұмыр кешіп келе жатқан асыл достың мінез-құлқының сыр беріп, бір сәтке босаңдыққа бой алдырғанын сезгендеймін... Әйтсе де, оның өмірге деген ерекше құштарлығын, ізгі мұраттарға ұмтылысын байқамау мүмкін емес еді.
Ізгі адам өз өмірінің таңдауын, оның оң-терісін ар безбеніне тартып, таразылай алатын парасат иесі. Ондай адамдар қандай қиындыққа кездессе де сары уайымға салынып, салы суға кетпейді. Біздің Ербол досымыз да осындай ізгі адамдардың санатынан еді.
Құдиярбек АҒЫБАЕВ.
Сезімталдық. Қаланың қарбалас тіршілігінен қажығанда жер жәннаты Жетісудың көрікті жерлерін аралап, тамашалау дәстүрімізге айналған еді. Әсіресе, ару Алатаудың атақты Көлсай секілді көздің жауын алатын көркем көлінің ғажайып көрінісін қызықтап қайтқанымыз естен кетпейді. Табиғат аясын тамашалап жүргенде жарқын болашақ туралы көкейдегі асыл армандарымыздың әсем саз, назды әуендей ғажап үнін естіп, шалқи түсетінбіз. «Менен асқан шеберліктің, әдеміліктің үлгісін тауып көрші, қане...» дейтін Көлсайдың сұңғыла сұлулығын жан-жүрегімен сезінген Ерекең сол жолы айна көлдің тылсым шуағына шомылып, қымтаулы құпиясына ерекше құмартқан. Ондағы табиғат тамашасына арнап жазған «Көлсайым – мекенім» деген өлеңіне Құдиярбек досымыз ән де шығарды.
Ерекеңнің сезім-танымының жүйріктігі де өзгеше еді. Осы киелі саяхатқа ерте бастан дайындалып шығуға бел байлаған жігіттер мұнда келісімен тау аралап, серуендеп жүргенде, Ерекең бала-шағаларымызды ертіп алып, табиғат тамашасын соларға танытты. Келіншектеріміз де бірауыздан Ерекеңді «біздің басекеміз» деп, айрықша құрмет тұтатын. Жаны нәзік те сезімтал, сәл нәрсеге жараланып қалатындай Ербол кейде кішіпейілдігімен іші-бауырымызды елжіретсе, енді бірде ішкі дүниесі айнадай жарқырап, жолдастарына сенім ұялататындай, ашық-жарқын боп көрінетін.
Бір сағатының өзі жылға бергісіз мәнді әрі берекетті күндерді бірге өткізіппіз.
Қожахмет НАЗАРБЕТОВ.
Адалдық. Әу баста бізді табыстырған, кейін достастырған басты қасиет әркімнің өз ісіне, өз отбасына, өз достарына адалдығы еді. Мінез-құлқы, болмысы әртүрлі жандардың бір ортада тоғысуы, содан бір атаның баласындай болып жүруі сирек кездесетін құбылыс.
Ал біздің ортамыз сондай болды. Мұнда жұрттың бәрін табыстырып жүретін, әркіммен пікірлесуге мәселе табатын, сөйлесудің тақырыбын белгілейтін Ерекең үлкен рөл атқаратын. Қым-қиғаш тірлік адамды шаршатып, жалықтырып жіберетіні бар ғой. Сондайда ашық көңілді, тұнық сезімді, адал ниетті, жылы сөзді қалайтының анық. Ербол Шаймерденұлы осындай сәттерде құлазып қалған көңіл-күйіңді көтеріп, жұбаныш болатын, жігерлендіретін сөздерді табатын.
Қандай жағдайда да достығымызға адал болу, небір қиын жағдайларда да жүрер жолды дәл табуға көмектесу Ерекеңнің қолынан келетін. Сол үшін де бәріміз оны құрметтейтінбіз.
Зәуреш АМАНЖОЛОВА.
Ерболдың жұлдызы. Сазгер Ринат Абдулхаликовтің әніне Ерекең жазған «Достарым-ай» атты өлеңі бар. «Әкеліп әр қиырдан тағдыр қосқан» он алтымызға арналған. Солай екенін білгенде төрт шумақтан және төрт түрлі қайырмадан тұратын өлең мәтінінің әр жолынан Ерекеңнің жүрек лүпілін сезгім келген, кеудесін жарып шыққан сырды ұқпақ болғанмын. «Арадан қыл өтпейтін,//Замандас, тағдырластар.//Сендерге жан жетпейді,//Жан құрбы, жан жолдастар»//.
Ерекеңнің таныстары көп болатын. Бірақ ол өзін барынша еркін сезініп, барынша еркелей келетін ортасы өзіміз екенін білетінбіз. Кейде шаршап келетін, қазір енді біліп жатырмыз ғой, кейде сырқаттанып келеді екен. Қандай жағдайда да сәл шүйіркелесіп, сәл қалжыңдасқаннан кейін ол бәрін де ұмытатын. Одан асқан көңілді адам болмайтын. Келіншектермен бірге шараптан да алып қоятын. Небір әңгімелер, небір сырлар айтылатын.
Ерекең ешқашан дарашылдық танытпайтын, алайда бойдағы қасиеттері оны даралап тұратын. Бар болмысымен, жүріс-тұрысы, мінез-құлқымен тіпті де жай адам емес еді, бірақ ортамызда ол ең кішіпейіл болатын, бәрімізбен тіл табыса білетін. Бір бойында ақындығы мен жазушылығы, аудармашылығы мен көсемсөзшілігі, ақылмандығы мен ғалымдығы, іскерлігі мен көшбасшылығы қатар келіп жатса да, ешқашан көкірек керген емес, қайта, ұстазымыз Зейнолла Қабдолов ағай Мұхаңа байланысты айтқанындай, біз онымен мақтанатынбыз.
Достарым-ай,
Достарым-ай!
Сендер бір жарық жұлдыз
Көңілімнің аспанында-ай!
Ол бізді жарық жұлдызға теңеп, біздің қасымызда жүргенде «жаным – жаз, көңіл – көктем» дейтін. Бізге де солай. Ербол жұлдызы әрдайым жүрегімізде жарқырап тұрады.
Ержұман СМАЙЫЛ.