Аягөз аудандық сотының баспасөз қызметі cот шешімі бойынша балалардың өліміне үш медицина қызметкері кінәлі деп танылғанын мәлімдеді. Оларға «міндеттемелерін орындамаған, осының салдарынан балалар көз жұмған» деген айып тағылды.
Іс сотқа процессуалдық келісіммен жеткен. Прокурор мен сотталушылар жәбірленушінің келісімімен (балалар орталығы) процессуалдық келісімге келген. Келісімді негізге ала отырып, прокурор медицина қызметкерлерінің екеуінің 2 жылға бас бостандығын шектеуді, оларға 1 жыл бойы медициналық жұмысты атқаруға тыйым салуды, ал үшінші қызметкердің 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді, оған 1 жыл 6 ай бойы медициналық жұмысты атқаруға тыйым салуды сұраған.
Сотта тараптардың бәрі де, оның ішінде жәбірленуші тарап та осы келісімді мақұлдайтынын жеткізді. Сотта аталып өткендей, ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі ауыр қылмыс санатына жатпайды. Ал 317-баптың 4-бөлігі ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады. Прокурор ұсынған жаза баптың санкциясына сай келген.
Сотталушылар бұрын істі болмаған. Келісімде көрсетілген жазадан ауыр жаза беруге болмайды. Баяндалған істің негізінде сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға келісімге сәйкес жазаны тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, бұған дейін осы орталықтағы он шақты баланың «қызылша» диагнозымен инфекциялық ауруханаға түскені хабарланған еді. Ауруханаға жеткізілген балалардың төртеуі көз жұмған еді.