Әлем • 24 Желтоқсан, 2020

Басқа басылымдардан: Әлем жаңалықтарына шолу

232 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Әлем жаңалықтарына шолу

Израильде сайлау болады

Израильдің коа­ли­циялық үкі­меті елдің 2020 және 2021 жылдарға ар­налған бюджетін бекіту­де ортақ келісімге келе алмаған­дық­тан, елде тағы сайлау өтетін болды. Бұл – екі жыл ішіндегі төртінші сайлау. Нәтижесіз үш сайлаудан кейін және пандемияны ескерген қос қарсылас «төтенше» коалициялық үкімет құруға келіскен еді. Соған сәйкес, премьер-министр лауазымын екі партия жетекшісі кезекпен атқаруы тиіс-тұғын. Нетаньяху бірінші болып қызмет етсе, 18 айдан кейін өз жолын Ганцқа беруі керек болған. Бұл күрделі мәміледегі жалғыз қиындық – Парламент сейсенбі күні алдағы жылдарға арналған ел бюджетін бекітуі керек-ті. Алайда ортақ шешімге келе алмаған заң шығарушы орган қайта сайлау өткізуге мәжбүр болды. Сайлау күні әзірге 23 наурызға белгіленіп отыр. Израиль алдыңғы үш сайлауды ұйымдастыруға миллиардтаған шекель жұмсаған. Көптеген израильдік сарапшылар басынан бастап бюджет мәселесі онсыз да берік емес бұл одақты оңай бұзатынын болжаған еді.

Қазір Израиль шетелдіктер үшін жабық. Ұлыбританияда пайда болған коронавирустың аса жұқпалы түрі туралы хабар ел билігін алаңдатқаны соншалық, ел шекарасы жабылды. Ал шетелден келетін ел азаматтары 14 күндік карантинде болады. Израиль жақында ғана жаппай вакциналауды бастады. Алдымен медициналық мекемелердің қызметкерлері, осы салада білім алушылар және егде жастағы азаматтармен тығыз жұмыс істейтін адамдар егіледі. Билік ел ішіндегі қауіпсіздік шараларын да күшейтуді қарастыруда.

 

Олимпиада қарапайым жағдайда өтеді

Токио Олимпия ойындарының ұйымдастырушылары келесі жылғы іс-шараның ашылу және жабылу рә­сімдерін қа­ра­­па­йым етіп өт­кізу үшін жаңа шығар­машылық директор тағайындады. Қызметіне кіріскен Хироси Сасакидің басшылығымен шара аз ғана бюджетпен өткізілуі мүмкін. Сондай-ақ бұл қадам пандемиямен байланысты дағдарысқа сай болмақ дейді ұйымдастырушылар.

«Бүкіл әлем тамашалайтын спорт­тық мереке баршаның көңілінен шығатынына сенімдіміз. COVID-19 пандемиясымен байланысты ойындарды қарапайым етіп өткізу – уақыт талабы», дейді ұйымдастыру комитеті.  

Сасаки журналистерге берген сұх­батында балалық шағында Токионың алғаш рет 1964 жылғы жазғы Олимпия ойындарын ұйымдастырып, керемет ашылу және жабылу салтанаттарын көргенін еске алды. 

«Алайда әлемдегі жағдайға байланыс­ты ондай аста-төк шаралар өткізу қазір орынсыз. Және бұл барлығымыз үшін өзгерістер уақыты болуы керек», деген пікір білдірді ол. Маман алдағы шараны жоспарлауда нақты шешімдер, келісімдердің әлі болмағанын айтып, бірақ Олимпия ойындары «қараңғыдан кейінгі жарық сәуле» идеясына негіз­делетінін мәлімдеді.

Ұйымдастырушылар соңғы апталарда жаңа бюджет, іс-шараның жос­парлы кестесін және коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын бекітіп, дайындықты бастап кетті. Алайда қоғам­да ойындарды алдағы жылы да өткізуге қарсы пікірлер айтылып жүр. 

 

Босқындар мәселелесі ушығып тұр

Пандемия әлем­­де түрлі себеп­пен басқа мекенге қоныс аудару­ды көз­деген  бос­қындардың жағ­да­йын күрт төмендеткен. Биыл Мянь­ма­дан қа­шқан 200-ден астам рохинджа бос­қындары теңізде жоғалып кеткен немесе қайтыс болған. Бұл туралы халықаралық ұйымдар дабыл қағуда. БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі агенттігі Бангладештегі лагерьлерден Малайзия мен Индонезияға сапар шеккендердің  үштен бірінен көбі балалар болғаны мәлімдеді. Олардың көбі пандемия шектеулеріне байланысты баратын жеріне жете алмай, қарақшылардың қайықтарында аштан қырылған болуы мүмкін. Осыған дейін Рохинджа мұсылмандары қуғын-сүргіннен қашып, Мьянмадағы үйлерін тастап кеткен. Ал Бангладешке теңіз арқылы қайта оралу қиын болған. Өйткені ел билігі көптеген қайықтардың материкке кіруіне рұқсат бермеген. Өзге елдердің үкіметтері де коронавирустың таралуын тоқтату үшін шекараларын жауып, босқындарды қабылдаудан бас тартқан.   

 

Дайындаған

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»