фото ашық дереккөз
Судьялардың тәуелсіздігі нығайтылды
Сот саласындағы басты жаңашылдықтың бірі судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шаралары тек бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізілетіні. Бұл өзгеріс «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы Конституциялық заңмен бекітілді. Заңға сәйкес құқық қорғау органдары бас прокурордың санкциясынсыз бірде бір судьяға қысым көрсете алмайды. Осы заң аясында аудандық соттың төрағаларын кадр резервіндегі және өз-өзін ұсынған азаматтардың арасынан сайлау тетігі енгізілді. Судья қауымдастығы сот төрағалығына үміткерді өзі ұсына алады. Тағы бір жаңашылдық сенатқа Жоғарғы соттың судьяларын баламалы негізде сайлауға мүмкіндік берілді. Бұған қоса судьяларды үздіксіз кәсіби оқыту және халықаралық тәжірибені енгізу арқылы сот төрелігінің сапасын арттыру қолға алынды.
Электронды сот процестері жетілдірілді
Сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығы азаматтарға сот тәжірибесін көрсетіп қана қоймай, оның тиімділігін бағалау түрінде кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Сот шешімдері мен процестері қоғамдық пікірге ашық болған кезде, сот билігінің этика мен кәсібиліктің жоғары стандарттарын сақтауға және қиянат пен әділетсіздікке жол бермеуге ынталандырады. Екінші жағынан, азаматтардың сот төрелігіне деген сенім деңгейі артып келеді.
Бүгінгі таңда сотқа жүгінген азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға кеңінен мүмкіндік берілген. Тұрғындар сотқа өтініштері мен арыз-шағымдарын «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жібере алады. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ сотқа талап-тілектерін жолдай береді.
Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған жобаның бірі – электронды бақылау өндірісі. Бұл қызмет барысында сот отырысына қатысушыларға құпия сөз беріледі. Сол арқылы адамдар сот істері бойынша ақпарат ала алады және іс бойынша барлық сот актілерімен танысады. Сот процесіне қатысушы әр адам Сот кабинетіне кіріп, процестің бейне және аудио жазбаларымен танысып, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болады. Істің сотқа қашан түскені, қай күні қарауға тағайындалғаны, қаралған күні, басқа да іске қатысты мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолданады.
«Сот кабинеті» электронды сервисі өте ыңғайлы, ол арқылы талап қою, шағымдар және өтініш хаттар беруге, мемлекеттік баж төлемін онлайн жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге және талап қою туралы ақпараттарды, істің қаралу динамикасын, бейнематериалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және тағы басқа талап-өтініштермен жүгінуге болады.
Бүгінде істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түседі. Азаматтық істер бойынша сот бұйрығын шығару туралы арыздар, жеңілдетілген іс жүргізу бойынша арыздарды қарау электрондық нысанға көшірілген. Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша «Төрелік» ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» жүйесі жұмыс істейді. Бұл қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік беріп отыр.
Істердің басым бөлігі электронды түрде түсуіне байланысты электронды сот залдары жасақталған. Сот жүйесіндегі электрондық нысанның ерекшелігі – ақпараттық жүйе істерді цифрлық нысанда сақтайды және жоғары деңгейлі қауіпсіздікке ие. Барлық үдерістік құжаттар электрондық карточкада сақталады, сот актілері соттың базасына дер кезінде салынады. Бұл жаңашылдық сот жүйесі мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр.
Сот процесі ашық онлайн режимде трансляцияланды
Ашық сот жүйесі бойынша барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сот отырысы залына еркін кіре алады. Яғни, кез келген адам отырысқа қатысуға құқылы. Ағымдағы жылы қазақстандық соттар алғаш рет сот процестерін ашық онлайн режимде трансляциялады. Сот жүйесі мемлекеттік тәртіптің басқа элементтерімен қатар қоғаммен бірге жүйелі түрде өзгеріп отырады. Елдегі сот ісін жүргізудегі ашықтық әділдікті, халықтың сот төрелігіне сенімін қамтамасыз етуде және заңды органдардың іс-әрекетіндегі ашықтықты сақтауда басты рөл атқарады.
Айта кету керек, биылғы жылы резонансты істер бойынша ашық онлайн сот процестері өтті, оның ішінде Ұлттық экономиканың экс-министрі Қ.Бишімбаевтың әйелін өлтіру дерегі бойынша сот процесі үлгі болды. Әділ және объективті сот процесін көрген адамдар сот шешімдерін қабылдап, сот төрелігімен ынтымақтасуға бейім екендерін білдірді.
Еліміздегі ашық сот процестері қоғамға оң әсер етіп, жұртшылықтың құқықтық сауатын көтеріп, судьялар мен құқық қорғаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуге үлес қосып, қоғамда әділдік пен тәртіптің орнауына кепіл болады.
Айта кетейік, 2007 жылдың 1 қаңтарында, елімізде алқабилер соты енгізілген. Бұл институт та өз жұмысын жоғары дәрежеде атқарып келеді.