Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстаздарымен және студенттерімен кездесті.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстаздарымен және студенттерімен кездесті.

Жас белсенділермен жүздесу кезінде спикер Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттар мен тапсырмаларға сәйкес, мемлекетімізде болып жатқан басты өзгерістер, мәжілісмендердің заңнамалық жұмысы, алдағы жоспарлар жайында әңгіме өрбітті. Әсіресе, үш жылдық бюджетке байланысты заңнамалық құжаттарға, салық салу мәселелеріне, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру жағдайларына баса назар аударылды.
Бүгінгі күні жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, мемлекеттік қызметтер, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, Бюджет және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізуге қатысты заңдар қабылданды, – деді Мәжіліс Төрағасы. – Сондай-ақ, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару кодекстері, Әкімшіліктік құқық бұзушылық туралы кодекс, кәсіподақтар, меншіктік құқықты қорғауды күшейту, сот шешімдерін орындау жүйесін жетілдіру сынды маңызды заң жобалары палата қарауына енгізілді.
Н.Нығматулин депутаттардың заңнамалық бастамаларын да назардан тыс қалдырмады. Атап айтсақ, Мәжілістің кезекті жалпы отырысында тікелей депутаттық топ әзірлеген агроөнеркәсіптік кешен мәселелеріне қатысты заң жобасы мақұлданды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыруды атап айтуға болады.
Жалпы алғанда, Мәжілістің 5-шақырылымы жұмысын бастаған 2012 жылдың қаңтар айынан бері 163 заң жобасы мақұлданып, оның 151-іне Президенттің қолы қойылып, өз күшіне енді. Бұл ретте Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жүктеген ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыруға баса назар аударылған.
Спикердің атап өткеніндей, біздің жас мемлекетіміздің қалыптасуы мен қарқынды дамуы Қазақстан Президентінің батыл бастамаларымен, сондай-ақ, еліміздің президенттік институтымен тікелей байланысты. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, жаңадан оқуға түскеніне немесе жұмыс істейтініне қарамастан, мемлекетіміздің әрбір азаматының әлеуеті егемен елімізді дамыту мен өркендетуге бағытталуы керек. Осы ретте Мәжіліс Спикері алдағы маңызды қадамдарда жас буын өкілдерінің айрықша үлес қосатынына сенім білдірді. «Елбасымыз бірнеше мәрте атап айтқанындай, еліміздегі барлық жаңа жоспарлар, жаңа қадамдар ең алдымен жастар үшін жасалған. Сондықтан, сіздер бүгіннен бастап, өздеріңіздің жарқын болашақтарыңызды құруға асқан жауапкершілікпен кірісуге тиістісіздер», – деді ол.
Студенттердің Мәжіліс Төрағасына қойған сауалдары сан алуан. Мәселен, көппартиялы парламент жұмысының ерекшелігі, үдемелі индустрияландырудан бастап, депутат болудың жолына дейінгі барлық тақырыптар қамтылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап бере келіп, Н.Нығматулин бағдарлама басталған үш жылдың ішінде 600 кәсіпорын, 250 жаңа жұмыс орны ашылғанын, өнімнің 250-ден астам жаңа түрі игерілгенін атап көрсетті.
– Сіздердің жаңа инновациялық өндіріс орындарын құру және жаңа кәсіпорындарда жұмыс істеу мүмкіндіктеріңіз бар, – дей келіп, спикер студенттер авторы саналатын инновациялық жобалардың өндіріске кеңінен пайдаланылғанын дәлелдейтін мысалдар келтірді. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер де, жағдайлар да жасалып жатыр, ендігісі тек қана өздеріңізге байланысты. Қазіргі жастардың білім алуына, тілдерді меңгеруіне, әлемді тануына мүмкіндік зор. Ең бастысы, жастар патриот болуы керек. Ал патриотизм – ең алдымен өз елің үшін, оның жетістіктері үшін мақтана білу. Бұл – өзіңнің күнделікті еңбегіңмен Отаныңның одан әрі өркендеуіне қол жеткізу. Осының барлығы өз кезегінде болашақ қазақстандықтар патриотизмінің негізін қалайды.
Ал мәжілісмендердің заңнамалық жұмысы жайына тоқталған кезде, Н.Нығматулин заң шығару жалпы отырыста ғана дауыс беру деген сөз емес деп, оған жеткенше заң жобасы бойынша барлық комитеттерде, депутаттық топтарда тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қыруар істер атқарылатынын атап айтты. Орта есеппен алғанда, әрбір заң жобасы 16 талқылаудан өтеді. Бұл заң жобаларының сапасын арттыруға ықпал ететіні анық. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы экспорт мәселелерін шешуге, Қазақстанның ДСҰ-ға кірудегі басымдықтарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
– Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі, экономиканың одан әрі өсуі үшін өтім нарықтарын кеңейту қажет. Сондықтан да Елбасы үнемі біз үшін экономикалық интеграция уақыт талабы екенін қайталап айтумен келеді. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ құру және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселелері өте маңызды, – деді спикер.
Осы ретте Нұрлан Зайроллаұлы, өтім рыногы үшін күресу керектігімен келісе отырып, осы жолда Қазақстанның салмақты стратегиялық басымдығы ретінде еліміздің географиялық жағдайын алға тартты. Мұнымен қоса, Ресейдің шекаралас аймақтары мен жалпы, Кеден одағы елдерінің келешегі зор. Қытай да Қазақстан өнімдері үшін ірі өтім нарығының бірі болып табылады. Қазір дайын өнімдер экспортының 27 пайызы біздің орталықазиялық аймақтағы көршілеріміз – Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға және Қырғызстанға жіберіледі. Иран, Ауғанстан, Түркия, Кавказ елдерін де қолайлы өтім рыногы қатарына жатқызуға болады. Қазақстан үшін бұл Еуропа елдеріне, басқа да әлемдік нарыққа төте жол болғандықтан, транзиттік бағытта да аса тиімді, деді Спикер.
Н.Нығматулин Көкшетау мемлекеттік университетіндегі кездесуден кейін осы қаладағы жаңадан салынған №1 қалалық емханаға келді. Емханаға тұрғындар аумақтық ұстаным бойынша бекітілген. Ол бүкіл отбасын бір мекемеде бақылауға және медициналық қызмет көрсетуге қолайлы болып табылады. Спикер емхана бөлімдерінің жұмысымен танысып, медициналық қондырғыларды көрді және қызметкерлермен әңгімелесті.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.