Түркістандықтар Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Павлодар облысына қоныстанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жалпы солтүстік облыстардың қатарын толықтырған түркістандықтардың саны 5 364 адамды құрап отыр.
Олар 1 494 отбасының мүшесі болып табылады. Бұл өңірдегі үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқан. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен осы бағдарламаны насихаттау бойынша өңірдің БАҚ өкілдері СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында болып қайтты. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан, қалаларда тұрғындармен кездесіп, теріскейге қоныс аударудың шарттары мен тиімді тұстарын кеңінен насихаттады.
Осы және өзге де маңызды көрсеткіштер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың Түркістан облысына сапары барысында айтылды. Министр облыстағы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысындағы 2020 жылы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы аймақта жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 770 квота бөлініп, 16 кәсіпорында 71 шетел азаматына рұқсат берілген болатын.