Маңғыстау облысына сапармен келген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова аймақтың денсаулық сақтау саласының жай-күйімен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Маңғыстау облысына сапармен келген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова аймақтың денсаулық сақтау саласының жай-күйімен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында өткен жылы іске қосылған дәрігерлік амбулаторияда болып, денсаулық сақтау ұйымдарының халыққа қолжетімді және сапалы дәрігерлік қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарымен танысты. Емделушілермен жүздескен министр дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін көшпелі семинарлар өткізу және күндізгі стационарлардың, егу кабинеттерінің жұмысын жақсарту қажеттігіне мән берді. Сондай-ақ, ол «Рахат» шағын ауданында орналасқан ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңадан салынып жатқан емханада болды. Бұл емхананың құрылысына 598 млн. теңге бөлінген, оның 160 млн. теңгесі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
С.Қайырбекова Жаңаөзен қаласында жаңадан бой көтерген 100 төсектік перзентхана құрылысымен танысты. Бұған дейін түрлі себептермен кешеуілдеп, жырға айналған перзентхана құрылысы 2014 жылдың алғашқы айы басталысымен пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа перзентхананың коммуналдық шығындарын өтеу үшін министр нысанның 1 қабатын жалға беруге болатынын айтты.
Жаңаөзен қаласының медицина қызметкерлерімен кездескен министр Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау ұйымдарының жаңартылуына, ауруханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, олардың заманауи құралдармен жабдықталуына, білікті мамандар даярлауға ерекше мән беріліп отырғандығын айта келіп, алға қойған міндеттерді орындауды тапсырды.
Мұнайлы ауданында, Маңғыстау облыстық ауруханасының құрылысы салынып жатқан «Г» блогында болды. Медицина қызметкерлерімен кездескен министр 2013 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына тоқталып, өңірде туберкулез, онкологиялық аурулардан өлім-жітімнің азаймай отырғандығын атап өтті. Кадр мәселесін шешу қажеттігін, сондай-ақ, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Республикалық ғылыми орталық мамандарын шақыртып көшпелі семинарлар ұйымдастырудың тиімділігін айтты.
Маңғыстаудың денсаулық сақтау саласындағы басты қажеттіліктің бірі – білікті маман. Жоғарыдан байқағанымыздай, мұны министр де айтты. Елге министрлердің келіп-кетуі емес, соңынан нәтижелі іс қалғаны керек. Сондықтан, сапардың сәтті болуы – министр тарапынан берілген тапсырмалар мен айтылған ұсыныстардың жемісті болуымен өлшенбек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.