07 Желтоқсан, 2013

Соны серпіліс,санадағы сілкініс

292 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

01-БидайТәуелсіздігіміздің тағы бір жылы аяқталар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мерекесі тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні ретінде ерекше белсенділікпен, саяси зор өрлеумен атап өтілді. Биылғы жылды солтүстікқазақстандықтар жасампаз еңбекке, қажыр-қайратқа толы биік асулармен, жарқын белестермен аяқтағалы отыр. Бұл орайда, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған талаптар мемлекеттік басқару үдерісіне тың серпін беріп, өзекті мәселелерді нақты шешуге үлкен мүмкіндіктер тудырғанын айта кеткен жөн. Экономиканың тұрақтылығына, тұрғындардың әлеуметтік жайлылығына баса назар аударылып, Елбасы тапсырмалары мен өңірлік бағдарламалардың ойдағыдай орындалуы қатаң бақылауға алынды. Нәтижесінде облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша барлық міндеттемелер табысты орындалды.

01-Без имени-1

БЕРЕКЕГЕ ҰЛАСҚАН МЕРЕКЕЛІ ЖЫЛ

Тәуелсіздігіміздің тағы бір жылы аяқталар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мерекесі тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні ретінде ерекше белсенділікпен, саяси зор өрлеумен атап өтілді. Биылғы жылды солтүстікқазақстандықтар жасампаз еңбекке, қажыр-қайратқа толы биік асулармен, жарқын белестермен аяқтағалы отыр. Бұл орайда, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған талаптар мемлекеттік басқару үдерісіне тың серпін беріп, өзекті мәселелерді нақты шешуге үлкен мүмкіндіктер тудырғанын айта кеткен жөн. Экономиканың тұрақтылығына, тұрғындардың әлеуметтік жайлылығына баса назар аударылып, Елбасы тапсырмалары мен өңірлік бағдарламалардың ойдағыдай орындалуы қатаң бақылауға алынды. Нәтижесінде облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша барлық міндеттемелер табысты орындалды.

01-Самат ЕСКЕНДІРОВ-1

Соңғы үш жыл бойы облыстың экономикасы тұрақты өсіп, 111 пайызды құрап отыр. Жан басына шаққанда 1,2 миллион теңгенің тауарлары шығарылып, қызметтері көрсетілді. 2012 жылмен салыстырғанда өнім 1,5 есе артық өндірілді.

Өңір өмірінде агроөнеркәсіптік кешен басты сала болып табылады. Оның серпінді дамуының барлық мүмкіндіктері қарастырылып, әртараптандыру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Облыс тұрғындарының 58,2 пайызы ауылдық елді мекендерде тұратынын ескерсек, бұл саланың әлеуетін одан әрі көтере түсудің маңызы зор екені даусыз. Мемлекет басшысының аграрлық кешенді жан-жақты қолдау саясаты өз жемісін беріп келе жатқанына мысалдар көп. Бүгінде қызылжарлық диқандар астық дақылдарын алыс-жақын елдерге экспорттаушылардың қатарына еніп, экологиялық таза өнім өндіруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқасында, өңірлік өнім өндірудегі ауыл шаруашылығының үлесі 24 пайызға жетті. Субсидиялану көлемі артып, өсімдік және мал шаруашылықтарына 9,8 миллиард теңге бөлінді. Инвестиция тарту мөлшері де айтарлықтай ұлғайып, 30 миллиард теңгеден асып түсті. Сөйтіп, 193,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, алдыңғы жылға қарағанда өсім 11 пайызға артық болды. Егіншілікті әртараптандыру, бәсекеге қабілетті дақылдар өсіру нығайтылды. Соңғы екі жылда ауыспалы егіс жүйесі көлемі 1,3, майлы дақылдар 1,5 есеге, көкөніс 6,2 пайызға молайды. Аграрлық тауар өндірушілер биыл да Отанды мол астықпен қуантты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан гектар берекелігі 14,7 центнерден айналып, 5,1 миллион тонна ел ризығы қамбаларға құйылды. Елбасының ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде шаруашылықтар ірі қара малын сатып әкелді. 21 асылтұқымды репродуктор, 5 мал семірту алаңы құрылды. Бағдарлама әлеуетін ет өндірудің 1,8, сүттің 4,3 пайызға молаюынан аңғаруға болады.

Еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 30 жобаны іске қосып, 2 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту міндеті тұр. Қазір 25,8 миллиард теңгенің 26 жобасының іске қосылуына қарап міндеттеме орындалады деп батыл айтуға болады. Машина жасау кәсіпорындары, мұнай-газ, теміржол, энергетика кешендері үлкен әлеуетке ие. Бұл саладағы өнім өндіру көлемі 125,9 миллиард теңгені құрап, импорттық үдеріс артты. Өңдеу өнеркәсібі жанданып, жыл басынан 5,5 пайызға өсті.

Құрылыс саласында тұрғын үй құрылысы мәселелерін кешенді шешуде, тұрғындардың барлық санаты үшін баспана сұранысына жағдай жасауда «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Біз 2020 жылға таман 1,34 миллион шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беруді ойластырудамыз. Бұл – қиял емес, орындалатын уәде. Биыл 113,2 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосуға мүмкіндігіміз де, қабілетіміз де толық жетеді. Олардың ішінде әлеуметтік аз қамтылған жандарға, жас отбасыларға жалға берілетін үйлер көптеп тұрғызылатын болады. Қазір облыс орталығынан шеткері аумақта жаңа «Береке» шағын ауданы бой көтеріп келеді. Онда салынып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебі, көпқабатты үйлер кешені, әлеуметтік ғимараттар аумақ сәніне айналары сөзсіз. Алдағы міндет – құрылыс қарқынын төмендетпеу, тұрғын үй құрылысының көлемін жоспарланған межеге жеткізу, бөлінген бюджет қаражатын толық игеру. Тұрғындарды, әсіресе, ауылдықтарды тіршілік нәрімен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл орайда, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 335 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізу секілді ауқымды шаралар атқарылады. Бұрынғы жылдарға қарағанда бұл салаға республикалық, жергілікті қазынадан мол қаржы қарастырылған.

Жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналас­тыру шаралары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаны қаржылық қолдау үшін 4 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекеттік органдардың жәрдемдесуімен 877 адам әлеуметтік жұмыстарға, 936 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. 300 адам кәсіптік қайта даярлықтан өтті. Өз ісін ұйымдастыру мақсатымен 600 адам шағын несиелер алды. Жыл аяғына дейін 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. Соңғы үш жылда 92 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын, жұмыссыздар саны 3,7 мың адамға кемігенін, халықтың табысы 1,3 есеге көбейгенін айтсақ та жеткілікті.

Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын ұсынып, оның ішінде білім мен кәсіби машық жайына ерекше көңіл бөлгені белгілі. Облыстан бөлінетін қаражаттың 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған. Ол түсінікті. Білім беру саласына соңғы үш жылда 35,5 миллиард теңге жұмсалды. Бұл бюджет қаражатының үштен бір бөлігін құрайды. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде мектепке дейінгі балалар мекемесі 1,6 есеге ұлғайып, 8,7 мың жаңа орын пайда болды. Нәтижесінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды 52,1 пайыздан 77 пайызға дейін ұлғайта алдық. Қазір бұл көрсеткіш 89 пайызға көтерілді. Жыл аяғына дейін 594 жаңа орын ашып, қамту көрсеткішін 91 пайызға жеткізетін боламыз. Келесі жылы 120 балаға лайықталған 720 орынды химия-биология бейініндегі Назарбаев Зияткерлік мектебі салтанатты түрде өз есігін айқара ашатын болады. Жаңа буын ақпараттық-білім беру жүйесінде заманауи технологияларды кеңінен пайдаланады.

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында бірталай істер тындырылды. Соңғы жылдары бұл салаға жергілікті бюджет қаржысының 47 пайызы бағытталып, емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы, осы заманғы медициналық қондырғылармен жабдықталуы әлдеқайда жақсарды. Бала туу көрсеткіші 0,8 пайызға өсті. Керісінше, жалпы өлім-жітім 5,4, сәбилердің шетінеуі 20,5, туберкулез дертіне шалдыққандар 18,4 пайызға азайды. Биыл ана өлімі тіркелген жоқ.

Ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің сапасына көп сын айтылатыны жасырын емес. Оның бір себебі, материалдық базаның әлсіздігі мен білікті кадрлардың тапшылығында жатыр. Елбасы осы олқылықтарды түзету талабын қойды. Бүгінде әрқайсысы күніне 250 науқасты қабылдай алатын 4 аудандық емхананың құрылысы қарқынды жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Биыл дәрігерлермен қамту 2,4 пайызға көбейді. Десек те, атқарылған жұмыстарға қарамастан бұл мәселе өткір күйінде тұр. Әлі де 200-ге жуық жоғары білімді маман жетіспейді. Келем деушілерді қуана қарсы аламыз. Барлық әлеуметтік жағдайлар жасалатынына кепілдік береміз.

Биыл солтүстікқазақстандықтар кеңінен тойлаған атаулы мерекелер, айтуы оқиғалар мәдени өмірімізді, рухымызды байытып, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің, құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеудің тамаша мектебіне айналды. Н.Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» мақаласында өз дәуірінің асқан қолбасшысы, дипломаты деп баға берген көрнекті тұлғаның 300 жылдығы оның ізі талай қалған Қызылжар өңірінде де түрлі шараларға ұласты. Қызылжар топырағы тарихи, мәдени ескерткіштерге бай. Солардың бірегейіне ел ішінде «Абылайдың ақ үйі» аталып кеткен, бірде әскери лазаретке, бірде қоймаға айналдырылып, бүгінгі күнге төрт қабырғасы ғана жеткен аса қымбат жәдігерді жатқызуға болады.

Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, бас сардар, қоғам қайраткері Қожаберген жыраудың 350 жылдығы, түркі әдебиетінің мақтанышы, Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығы секілді мерейтойлар олардың мұраларын кеңінен насихаттауымен ерекшеленді. Батыр Баян, Тоқсан би, Сегіз Сері, Шоқан Уәлиханов, Шал ақын, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Ебіней Букетов, Кәкімбек Салықов, тағы басқа еліне елеулі, хал­қына қалаулы бола білген жерлестерін солтүс­тікқазақстандықтар әркез мақтан тұтады.

Солтүстікқазақстандықтар да өзара дос­тық, түсіністік ауанында топтаса отырып ме­ре­ке­лі жылды берекелі жылға айналдыра білді.

Самат ЕСКЕНДІРОВ,

Солтүстік Қазақстан

облысының әкімі.

2010г.-Тёмные-тени-светлых-берез-30x40

ОБЛЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ:

Солтүстік Қазақстан облысы 1936 жылы құрылған. Қазіргі аумағы 1999 жылы 8 сәуірде белгіленген.

Аумағы 97,99 мың шаршы шақырымды алып жатыр, республика аумағының 4 пайызын құрайды. Облыс Қазақстанның қиыр теріскейінде орналасқан. Қостанай, Ақмола облыстарымен, Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шектеседі.

Тұрғындар саны – 576748 адам немесе республика халқының 3,4 пайызына тең.

Қала халқының саны 241168 адам немесе 41,8 пайыз, ауылда тұратындардың саны 335580 адам немесе 58,2 пайыз.

Облыс орталығы Петропавл қаласының іргесі 1752 жылы қаланған. Ауылдық аудандар – 13, облыстық бағыныстағы қалалар – 1, аудандық бағыныстағы қалалар – 4, ауылдық округтер – 197.

Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының аса маңызды салаларының бірі болып табылады. Оның үлесіне жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызға жуығы тиеді.

Өнеркәсіп өндірісі құрылымында ұқсатушы өнеркәсіп ең үлкен көлемге ие.

Облыстың жер қойнаулары пайдалы қазбаларға бай: бірегей кен орындары барланған. Уранның республикалық қорының 19 пайызы, қалайының – 65, цирконийдің – 37 пайызы шоғырланған. Сондай-ақ, вольфрам, молибден, мыс, алтын, металға жатпайтын пайдалы қазбалар мен тау-кен шикізаты, порфириттер, саз, керамзит, тағы басқалары кездеседі. Мұнай мен газ жинақтау үшін қолайлы тектоникалық құрылымдар бар.

Облыс сан алуан ландшафтымен, сұлу табиғатымен, тамаша тарихымен ерекшеленеді. Археологиялық қазбалар адамдар Қызылжар өңірінде алғаш рет палеолит дәуірінде пайда болғанын дәлелдейді. Бұған мемлекет қорғауындағы 500-ге жуық археологиялық ескерткіштер дәлел. Энеолит кезеңіндегі ата-бабаларымыздың өмірі мен тұрмысын сипаттайтын «Ботай» қонысы көп мағлұмат береді. Әлемде алғашқы болып Солтүстік Қазақстанның орманды даласында жылқы малының қолға үйретілгені, қымыз ашытылғаны жайлы құнды деректер береді.

Солтүстік өңірде «ең» деген мағынаға лайықты атаулар көп. Мәселен, ең бұралаңы көп Есіл өзені облысты басып өтеді. Оның ұзындығы – 2400 шақырым. Әлемдегі ең ұзын Транссібір теміржол магистралі өтеді. (9187шақырым) Гиннестің рекордтар кітабына енген ең ұзын су құбыры да осында орналасқан. «Солтүстіктің қақпасы» саналатын Петропавл шаһарында Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуен жолдары тоғысқан.

Өңірден Қожаберген жырау, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов секілді тұлғалар, ақын-жазушылар шыққан.

 

ЕГІНШІЛЕР ЕРЛЕДІ

Елбасы биыл өңірімізде болған жұмыс сапары кезінде астық өсірушілерге қарата «Сіздер-әлемдегі ең үздік диқандарсыз» деп, олардың жанқиярлық еңбегіне жоғары баға берген болатын. Жыл қорытындысы да осыны аңғартады. Жаздың қолайсыз ауа райына қарамастан гектар шығымдылығы 14,6 центнерден айналып, 5 миллион тоннадан астам өнім жиналды.

Погодин атындағы орыс драма театрында ауыл шаруашылығы жылын қорытындылауға арналған жиынға барлық деңгейдегі әкімдер мен халық қалаулылары, еңбек ардагерлері, ұйым-мекеме басшылары, Парламент мәжілісінің депутаттары қатысып, аймақ басшысы Самат Ескендіров агроөнеркәсіп саласы бойынша Президент тапсырмаларының орындалуы жайлы баяндап берді. Баяндамашы ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру және ірі инвестициялық бағдарламаларды іске қосудан іргелі жұмыстардың атқарылғанын атап өтті. Жер өңдеуде, дән сіңіруде, топырақ құнарлылығын сақтауда озық технологиялар кеңінен қолданылып, 40 мың тоннаға жуық минералдық тыңайтқышпен байытылды. 15,9 мил­лиард теңгеге 1 мыңдай осы заманғы техникалар сатып алынып, өсірілген астықтың 70 пайы­зы осындай заманауи кешен­дер­дің қатысуымен жиналып жүр. Республика бойынша өндірі­летін астық өнімінің 25-30 пайы­зы облысқа тиесілі болса, осы­нау жетістікке ірі және ор­та агроқұрылымдардың қос­қан үлесі зор. Мәселен, «Тұқым», «Ноғайбай», «ЖНВ», «Дайын­дық», «Зенченко және К», тағы басқа серіктестіктер түсімділікті 25-28 центнерге жеткізе білді. Ғ.Мүсірепов ауданы –1 миллион, Тайынша ауданы – 732 мың, Жұ­мабаев ауданы – 658 мың тонна ел ризығын қамбаларға құйды.

Самат Сапарбекұлы мал ша­руа­шылығы саласы еңбеккерлерінің табысына да арнайы тоқталды. Бүгінгі күні «Зенченко және К» командиттік серіктестігі мен «Тайынша-Астық» ЖШС үшін әр сиырдан жылына 8 мың литр сүт сауу қалыпты үрдіс саналады. «Мәмбетов және К» КС-де ірі қара малы төлдерінің тәуліктік салмақ қосуы 1,5 килограмды құрайды. Мал фермаларын қайта жаңғырту қарқынды жүргізіліп келеді.

Салтанатты басқосуда алдымен аграрлық саланың ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Жас диқандар арасында ұйымдастырылған «Жылдың үздік механизаторы» байқауының бас жүлдесін «Қызылту-Нан» агрофирмасының комбайншысы Жақсылық Мұсайбеков ұтып алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс әкімінің арнайы сыйлықтары мен дипломдарға ие болды. Бір топ еңбек майталмандары Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Жыл қорытындысына арналған жиын жергілікті өнер шеберлерінің концертіне жалғасты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

01-Бидай

БОЛАШАҒЫ ЗОР ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР

Индустрияландыруды инновациялар­сыз көзге елестету қиын. Елбасы Қа­зақ­­станның таяу арадағы әлемдік дең­гей­дегі ірі табыстарының бірі 2017 жылы Ас­та­нада ЭКСПО көрмесі болатынын, оның негізгі мәні «жасыл экономиканы» дамыту екендігін, мұның өзі ел дамуын жаңа белеске жетелейтінін атап көр­сет­кен болатын. Осы талаптарға орай өңі­рі­мізде үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасын /ҮИИДБ/ жү­зеге асырудың ауқымды жобалары қарас­ты­рылған. Индустрияландырудың алғашқы бес­жыл­дығында 40 миллиард 750 миллион тең­генің 30 жобасын жүзеге асыру нәтиже­сінде екі мың жұмыс орнын ашу көздел­ген. ҮИИДБ-сын іске асырудың белсен­ді сатысында мемлекет тарапынан биз­нес­ке жүзге тақау қолдау тетіктері көрсе­тіліп, экономиканы әртараптандыру белсен­ді жүргізілді. Аймақтың ерекшелігіне қарай 20 жоба агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталады. Тау-кен, металлургия өндірісін өркендету, жел энергиясы қондырғыларын орнату секілді тың бағдарламалар да бар. Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық маңыздағы 17 кәсіпорын бой көтеріп, 9-ы жаңғыртылды. Экономикаға 300 миллиард теңгедей инвестиция құйылып, экспорт көлемі 700 миллион АҚШ долларынан асты.

Бүгінге дейін 25,8 миллиард теңгенің 26 жобасы пайдалануға берілді. Олардың арасында «Мұнаймаш» АҚ «Өнімділік-2020» бағдарламасына қатыса отырып өнім түрлерін көбейтумен, еңбек өнімділігін арттырумен жүйелі түрде айналысып келеді. Мұнай өнеркәсібінің механикалық цехын жаңғырту мақсатымен жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын жобаны игеріп, 12 заманауи жоғары технологиялық қондырғы өндіріске енгізілді. Сөйтіп, өндірістік цикл­ды 80 пайызға қысқартуға, жылына 10 миллион теңгенің электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік туды. Енді ақпараттық терминалдар көмегімен өндірісті бақылаудың бірыңғай жүйесі қолданылмақ. Құрамында мол қалайы қоры бар кен орнын игеруді жобалап отырған Сырымбет металлургия комбинаты озық жобалардың бірін бастап кетті. Инвестиция мөлшері – 70 миллион АҚШ долларына жуық. Жылына бір миллион тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы комбинат толық қуатында жұмыс істеген жағдайда 500-ден астам жұмыс орнын құра алады. «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ жыл аяғына дейін доңғалақты техниканы жаңғыртуға арналған жаңа цехты іске қосуды межелесе, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты»/ПАМЖЗ/ келесі жылы энергетика жабдықтарын сериялап шығару жөніндегі жобаны аяқтайды. Бұл кәсіпорынның бірегей өніммен энергетика жабдықтары нарығына шығуы өзгелердің үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Индустрияландырудың екінші бес­жыл­дығында да облыс кәсіпорындарына инновация енгізу одан әрі жалғасады. «ПАМЖЗ» АҚ «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында бұрғылау қондырғылары өндірісін бірлесе игеруге қатысатын болады.«ЗИКСТО» АҚ жартылай вагондар мен жүк арбаларын шығаруды игеруді және жүк вагондарының қалыпты дәнекерленген арбаша үлгілерін әзірлеуге тапсырыс алды. «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ Қорғаныс министрлігінің, теміржол, мұнай-газ кешендерінің мұқтаждарын өтеу, сол сияқты, сандық теледидарды ұйымдастырудың техникалық құралдары үшін радиоэлектрондық аспаптар өндірісін дамытуға мамандануын жалғастырады.

Облыстың минералдық-шикізаттық әлеуетін пайдалану мақсатында бірнеше жобаларды іске қосу қарастырылған. Мысалы, «Бақсы» кен орны зор әлеуетке ие. Оны игеру кен байыту комбинаттары құрылысын салуға және шикізаттарды тереңдете өңдеуге зор мүмкіндіктер береді. Қазір барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалды. Венгерлік компания «Володарское» кен орнынан полиметалдарды барлау және өндіруді қолға алу үшін барлау жұмыстарына 5 миллиард теңге бағыттайтын болады. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің минералдық-шикізаттық әлеуетін кешенді түрде дамыта отырып шикізатты тереңдете өңдейтін тау-кен өндіру кластерін құратын боламыз.

Марат ЫСҚАҚОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық индустриялық-инновациялық

даму басқармасы басшысыныңміндетін атқарушы.

 

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК: ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ

Үкімет қабылдаған бағдарламалар ішінде отандық бизнесті қорғау мен қолдауды күшейтуге ерекше басымдық берілген. Осы тұрғыдан алғанда, облыс­та атқарылып жатқан жұмыстар қыруар. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне қолдау көрсетудің 70-тен астам тетіктері белгіленген. Олардың 5-еуі – инвестиция тартуға, 9-ы – инновацияны, 25-і – шағын және орта бизнесті, 1-еуі – минералдық-шикізат базасын дамытуға,10-ы – экспортты ынталандыруға, 11-і – қаржыландыруға, 5-еуі – «Өнімділік-2020» бағдарламасын қолдауға арналған. Мысалы, «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында жұмыс істеп тұрған ірі және орта кәсіпорындарды жаңғырту үшін ұзақмерзімді лизингтік қаржы, инновациялық гранттар беріліп, өндіріс орындарына білікті жобалау ұйымдары мен шетел мамандары тартылса, «Экспорттаушы-2020» бағдарламасы экспортты ынталандыруды мақсат етеді. Осы бағдарламаға орай жұмсаған шығынның 50 пайызы қайтарылады, сервистік көмек көрсетіледі, экспорттық сауда операцияларын қаржыландыру жүргізіледі. «Инвестор-2020» бағдарламасы инвес­тиция тартуға бағытталып, жарғылық капиталға қатысуға, заемдық қаржы, лизинг беруге, инвестициялық пұрсаттылықты пайдалануға қолдау жасайды. Шағын және орта бизнеске арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы рес­публикамызда 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламаның «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау», «Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін азайту», «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» бағыттары бойынша экономиканың басым секторларында өз қызметін іске асыратын кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Жұмыспен қамту-2020» жобасы ауылдық кәсіпкерлер мен өз ісін ашқысы келетін тұрғындарға, атап айтқанда, өз бетінше еңбек ететіндерге, жұмыссыздар мен аз қамтылғандарға арналған. Мемлекеттік тетіктер несиелерді арзандатуға, кепілзаттық қамтамасыз етуді беруге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, технологиялық жаңғыртуға, сыртқы нарыққа шығуға, бизнесті заманауи тиімді жүргізу дағдысына үйретуге, білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталады.

Өңірде екінші деңгейлі банктердің 17 филиалы, 2 республикалық өкілдік: «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, 27 шағын несиелендіру ұйымы, 13 несиелік серіктестік жұмыс істейді. Аталмыш қаржылық ұйымдар былтыр шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бизнесті дамытуға 28 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған үш жылда 18,60 миллиард теңгеге – 201, оның ішінде биыл 3,3 миллиард теңгеге 55 несие берілді. Олардың 14 пайыздық мөлшерлемелерінің 7 пайы­зы мемлекет тарапынан қайтарымсыз жәрдем түрінде қаржыландырылды. Бизнес ахуалын жақсарту, атап айтқанда, артық әкімшілік кедергілерді, оның ішінде лицензия мен рұқсат алуға байланысты бөгеттерді жою шараларын басты назарда ұстаймыз. Мемлекеттік қызмет көрсету ИС «Е-лицензиялау» әдісін енгізу жолымен автоматтандырылуда. 30-дан астам кәсіпкерлер бірлестігі тіркеліп, 14 өңірлік сараптама кеңесі құрылған. Осы бірлестіктер арқылы өңірдің шаруашылық құрылымдары заңнамалық актілерді жетілдіруге арналған жұмыстарға тартылады. Мақсатты мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес экономиканың тұтыну секторының ажыратылмас бөлігіне айналды. Бүгін облыс кәсіпкерлігі қарқынды дамып, өңір экономикасының тұрақты өсімінің негізін қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы жылдары жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 3,1 пайызға артып, 22,6 мың субъектіні құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндердің саны – 99,1 мың адам немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының жалпы санының үштен біріне жетеқабыл. Олар 251,8 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды. Сөйтіп, жалпы өңірлік өнімге қосқан үлесі 19,6 па­йыздан 25 пайызға дейін өсті. Республика бойынша бұл көрсеткіш 20 пайызды құрайтынын ескерсек, ілгерілеу бар деген сөз.

Бүгінгі күні мемлекеттік бюджетке түсетін жалпы түсім көлемінің 60 пайыздайын облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қамтамасыз етеді. 2005 жылдан бері салықтың, алымдар мен басқа да төлемдердің түсімі 3,7 есе молайып, 2012 жылы 29,2 миллиард теңге болды.

Қазіргі уақытта шағын және орта биз­нестің сауда-саттықтан өндірістік секторға ауысуына, сол сияқты, қызмет көрсету сала­сындағы әлеуетінің күшеюіне қолайлы жағдай жасалды.

Татьяна МАЛИНОВСКАЯ,

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және туризм

басқармасының бас маманы.

 

ТІЛ ЖӘНЕ ДІЛ

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту». «Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент алдымызға осындай талаптар қойды. Үкіметтің мемлекеттік тіл қолданысын нығайту жөніндегі кешенді шараларды дәйектілікпен жүзеге асыруының арқасында жергілікті ұлт аздау қоныстанған теріскей өңірлерде де туған тіліміздің мерейі өсе түскенін байқау қиын емес. Бүгінде облыста қазақ тілді оқу-тәрбие мекемелерінің саны жыл санап өсіп келе жатқаны қуантады. Егер былтыр балабақшалар саны – 61, мектеп жанындағы шағын орталықтар саны – 477 болса, биыл тиісінше 63-ке және 488-ке көбейді. 1990 жылдары қазақ балаларының 30 пайызы ғана ана тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 65,6 пайызға жетті. Жалпы облыс бойынша 585 мектептің 146-сы қазақ, 133-і аралас мектеп болып табылады. Әкімдіктің білім беру саласында қазақ тілінде оқытатын дайындық топтары мен бастауыш сыныптар санын көбейту туралы тапсырмасына сәйкес 5 қазақ мектебі, 13 қазақ сыныптары құрылды. 2015 жылға таман 34 мектепте қазақ сыныптарын ашу жоспарланған.

Өзге ұлттар өкілдері де Қазақ­стан­ның болашағы – қазақ тілінде екенін жақсы түсінеді. Қазақ мектептерінде олардың 350-ге жуық балалары білім алады. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті негізінде Тіл институтының ашылуы қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығын жаңғыртудағы маңызды қадам болып табылады. Алғашқы жылдың өзінде өзге ұлттың 10 түлегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын қалап алды. Бүгінге дейін оны 22 студент бітіріп шықты. Олардың қатарындағы Юлия Маркова, Ольга Лизун, Ирина Эрнст, Зоя Золотарева, Елена Косенкова және тағы басқалары әртүрлі әлеуметтік салаларда жемісті еңбек етіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлкен үлес қосып келеді. Елбасы 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу міндетін алға тартқаны белгілі. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 45 пайызы мемлекеттік тілді меңгергені көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі – 97, кіріс құжаттары – 74 пайызды құрайды. Атқарушы органдарда да мемлекеттік тілде құжат жүргізудің арасалмағы қанағаттанарлық.

Жолдаудағы қазақ тілін 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласына үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналдыру жөніндегі талапқа орай Мемлекеттік тілді оқыту орталығының жұмысын ұтымды пайдалану жолдарын қарастырып келеміз. Орталық жанында биыл 124 топ құрылып, 2500 мемлекеттік қызметші бітіріп шықты. Алдыңғы жылдарға қарағанда топ саны 55-ке көбейіп, тыңдаушылар 1440-қа артты. Олар үшін қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағ­дар­лама әзірленді. 26 орынға арнал­ған 2 мультимедиалық кабинет жұмыс істейді. Әдіскерлер респуб­ли­калық ғылыми-тәжірибелік конферен­цияларға қатысып, кәсіби біліктілік­терін шыңдап жүр. Қазақ тілі пәні­нің тәжірибелі мұғалімдері Р.Әзімбаева мен Г.Темірбаеваның «Қарапайым қазақ тілі» оқулығы басып шығарылды. «Қазтест» негізінде білім деңгейін бақылау мониторингі жүргізіліп, тест сынағынан 6 мыңнан астам адам өтті. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Тағылым» бағдарламасы арқылы Людмила Милютина, Денис Ершов, Екатерина Жукова секілді мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің тәжірибесі насихатталды.

Бүгінгі күні облыс орталығындағы 22 этномәдени бірлестік пен аудан­дар­дағы 80 этномәдени бірлестіктер аясында өзге ұлт өкілдерінің 860 баласы ана тілдерін үйренуде. По­ляк, неміс ұлтының өкілдері шоғыр­ланған елді мекендерде ана тілін оқытуға басымдық берілген. Петро­павл қаласындағы №17 Ұлттық жаңару мектеп-кешенінде 213 тыңдау­шыға 9 сынып жабдықталып, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәде­ниетін оқып-білуге барлық жағдай жасалған. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңей­ту және оның қоғамдағы қолда­ну рөлін арттыру, қазақстандық эт­ностардың тілдерін одан әрі дамыту мақсатымен «Тілдер орталығын» құру көзделіп отыр.

Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін насихаттау бағытындағы іс-шараларға қа­жетті қаражат жергілікті бюджет­тен бөлініп тұрады. Аудандар арасында іс-тәжірибе алмасу мақсатымен 30-ға тарта әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Жамбыл ауданында Қожаберген жыраудың 350 жылдығына орай көркемсөз оқу шеберлері, Мамлют ауданында Қазақстан Республикасы Рәміздері күніне орай «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» облыстық байқаулары өткізілді. Облыс әкімінің қолдауымен «Мағжан» журналы өз оқырмандарымен қайта қауышты.

Түйіндей айтсақ, ана тіліміздің қоғамның барлық салаларында өз мәртебесіне лайық орын алуы мемлекеттік мәні бар өте маңызды мәселе екені даусыз. «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер» деп, Елбасымыз атап көрсеткендей, қазақ тілін конституциялық мәрте­бе­сіне жеткізіп, егемен елдің жастары жаппай өз ана тілінде білім алар күнге ұмтылу жолында бірігіп еңбек ету бәріміздің азаматтық парызымыз екенін естен шығармайық.

Кемел ОСПАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді

дамыту басқармасыныңбасшысы.

____________________________________________________________________

Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»

Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.

Соңғы жаңалықтар