Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ драма театрында биылғы маусымда қойылып жатқан Қанат Жүнісовтің «Әншінің пірі – Әміре» атты моноспектаклі өңіріміздегі елеулі мәдени жаңалық. Қойылымның жанрының өзі тың дүние десек, сол тың дүниенің тартымды шығуы өнер ордасы үшін үлкен табыс.
Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ драма театрында биылғы маусымда қойылып жатқан Қанат Жүнісовтің «Әншінің пірі – Әміре» атты моноспектаклі өңіріміздегі елеулі мәдени жаңалық. Қойылымның жанрының өзі тың дүние десек, сол тың дүниенің тартымды шығуы өнер ордасы үшін үлкен табыс.
Ерекше даусымен елінің еркесі атанған, 1925 жылы Францияға барып шырқатып қара домбырамен ән салған, шет жерде теперіште жүрген алаш азаматтарымен кездесіп, ой бөліскен, одан тағдыры тәлкекке түсіп, белгісіз жағдайда өмірден ерте өткен Әміре Қашаубаев туралы бүгінгі жастарға айта түскеннің артығы жоқ. Қазақтың арда туған, ерек бітімді ерекше тұлғаларының қай-қайсысы болмасын осылай насихатталса деген ой да қылаң берді.
Моноспектакль жанрында қойылым сахналау елімізде сирек оқиға болса, Көкшетауда алғаш рет. Әрине, жаратылысы бөлек жанрға қалам тарту жазушыға оңай емес. Режиссерге де жұмыс көп. Бірақ, салмақтың ең үлкені актерге түсетініне дау жоқ. Өйткені, сахнада бірнеше образ, жалғыз актер!..
Драматург аз уақытта көрерменіне Әміре туралы ең қажетті деректерді қиыстырып жеткізіпті. Оған режиссер Әлімбек Оразбековтің шеберлігі қосылған. Ол көкшелік көрерменге «Бір түп алма ағашы» қойлымымен жақсы таныс.
...Әміредей әнші, дара тұлғаны, өнерге жаңа қанат қаққалы тұрған жас өнерпазды, одан сахара серісі, күңіренген Ақанды алма-кезек сомдаған Құмарбек Қалқатаев шеберлігі көрерменін тәнті етті.
Кешке ойнайтын рөліне актер күнұзақ іштей дайындалып, оның кейпіне еніп, табиғатына үңіліп, гримдеу, костюм кию үстінде болсын, біртабандап кейіпкеріне жақындай түспейтін бе еді. Сол дайындығы толысып пісе, сахнаға шыға келмес пе еді? Оның да өзіндік қиындық, бүге-шігесі толып жатқан шығар. Ал, көрерменнің көз алдында, бір-екі қадам аттай салып, басқа образға кіре беру актерден үлкен шеберлік талап етсе керек. Жас талап кейпіне кіргенде Құмарбек арманшыл, жанары жарқыраған, ашық үнді жанға айналса, жалт беріп Әміреге айналғанда дауысы да, тұлғасы да зорайып, ширыққан шерменде күйіне түседі. Тағдырынан таяқ жеп, жазықсыз жапа шеккен азаматтың жан дүниесі мүлдем бөлек. Ал, тек сыртқы кейпі емес, жан дүниенің сырын жеткізбесе актер кейіпкері сенімсіз шығар еді-ау!.. Енді бір сәт жас талаптың өтінішімен Әміре бір кезде сахнада өзі сомдаған Ақан кейпіне ене береді. Ақан қайғысы, Ақан шері мен күйініші басқа. Сол тұрпатта «Құлагеріне» басады-ай!.. Бұл да Құмарбек.
Оза шапқан өнерпаздар тағдырын көре отырып, Құмарбектің өз басындағы сонау бір күндердегі тауқыметті де еске алдық. Жәнібек Кәрменовтей жампоздың класында оқып, әншілік өнерін шыңдамап па еді. Дүлдүл әнші бұған үлкен сенім артып, ән әлемінің шыңына жол бастамап па еді. Сөйтіп жүргенде Жәнібек ағасы қазаға ұшыраған. Жалындап, өрекпіген жас Құмарбектің жанын қарыған бұл өлім. Алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Бәріне көңілі қалды. Ағасы, ұстазы қазасын түсіне де, ешкімге кешіре алмады. Көне алмады. Өмір бойы қолымнан түсірмеспін деген домбырасына қарамай кетті. Ән де айтпады. Қайрат Байбосыновтай ағайының айтқан тоқтауына да қайырылмады. Мүлдем басқа оқуды қалап, актерлік факультетке түсті. Енді, міне, киелі сахна әнге, әншіге қайта оралтты. Сахнадан орындалмаған әнші арманы, қиыспаған әнші тағдыры, аялаудың орнына соққы көрген қадірлілерді сомдап тұр... Солар болып ән салып тұр. Сол Кәрменов алдында алған тәлімі бүгін халқының кәдесіне асты... Кейіпкер монологы Құмарбек монологымен де әлдебір қиянда қиысып жатыр ма, қалай?..
Моноспектакль межесінен шығып, актерге қойылар ауыр талап, жауапкершілік жүгін мойымай көтеріп шыққан өнерпаз Құмарбек Қалқатаевтың бұл өнер жолындағы шырқау бір шыңы шығар!.. Қиналысты ізденіс, ерінбеген еңбек, қайыспаған қайсарлық осы жерде жатыр. Осындай нар көтерер жүкті арқалар шағы да екен-ау!.. Жақында ғана ердің жасы – елуге келмеп пе еді. Талай жылғы өнер жолындағы тәжірибесінің толысқан, шеберлігінің ширыққан шағы емес пе?! Трагедия, драма, тартыс, көзқарас, жан дүние қайшылықтары – осының бәрін игеруге тәуекел етуі актердің дер шағы екендігінен хабар бергендей. Бойына біткен талант, оқыған оқуы, жиған тәжірибесі, бәрі-бәрі бірігіп, бір арнада тоғысып, оны бүгінгі биігіне алып шыққан екен, дедік.
Иә, шыны сол. Біз бір актер биігінің, бір актер бақытының куәсі болдық. Көрермен қол соқты, көзіне жас алды, жүректер қозғалды, сезімдер тебіренді. Жалғыз актердің осынау биік өнеріне қол соққан көрермен орындарынан тұрды. Өнерпаз үшін бұдан артық бақыт бар ма?!
Драматург пен режиссер көрерменін тек Әміредей әншімен, оның тағдырымен таныстырып қана қоймайды. Шынайы өнер, халыққа қалтқысыз қызмет, өнерпаз мұраты туралы да терең түсінік береді. Даңғаза музыка, фонограммамен ән айту, көрерменді қадірлемеу, талғамның төмендеуі сияқты бүгінгі заманның олқылықтары да көлденең тартылады.
Сонымен, сирек қойылым сәтті сахналанды. Алға қарай, әр қойылым сайын оның жетіле түсетінін, ширай түсетінін ескерсек, «Әншінің пірі – Әміренің» көрерменінің көп боларына бек сенімдіміз.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
КӨКШЕТАУ.