Ауруды адам тілеп алмайды. Басқа салған соң содан айығудың, біржола жазылып кетудің жолдарын барынша іздейді. Бүгінгі таңда сан түрлі ауыр науқастан сауығудың қосымша бір жолы – «шетелде емделу» дейтін түсінік қалыптасқаны рас.
Ауруды адам тілеп алмайды. Басқа салған соң содан айығудың, біржола жазылып кетудің жолдарын барынша іздейді. Бүгінгі таңда сан түрлі ауыр науқастан сауығудың қосымша бір жолы – «шетелде емделу» дейтін түсінік қалыптасқаны рас.
Өз тұрмысы мәз болмаса да, баласын шетелге емдетуге апарған бір жолдасымыз: «Балаңның денсаулығы болмаса, жұмыс істегенің де, ақша тапқаның да көңілге медет болмайды екен», дегенді айтқан. Айналамыздағы шетелдерге барып емделіп қайтқан адамдарды санамаласақ, кем дегенде төрт-бесеуі ауызға ілігеді. Бұл, әрине, бір ғана адамның айналасындағы жағдай. Ал шетелдерде емделуге мүмкіндігі де, ақшасы да бар байлардың ортасы туралы әңгіме мүлде басқа. Интернетті жай ғана бір сүзіп шықсаңыз, Германия мен Израйльдің, Швейцария мен Италияның, басқа да медицинасы мықты дамыған елдердің атақты клиникаларын жарнамалаған, соларға жеткізіп салуға қызметін ұсынған компаниялардың көптігінен көзіңіз тұнады.
Бұдан шығатын қорытынды, мейлі бай бол, жарлы бол, денсаулық үшін шегінетін жер жоқ. Әсіресе, байлар айлап жатып емделмесе де, ішкі ағзасын түгелдей тексеруден өткізуге уақытын да, ақшасын да жұмсайтынын шетелдерде тексеруден өткізу қызметін ұсынған компаниялардың көптігі де айғақтап тұрғандай. Мысалы, ішкі ағзаларды Германиядағы клиникаларда тексерту үшін орташа есеппен 6 мың еуро төңірегінде қаражат жұмсалады. Бұл – жолға кететін қаржыдан бөлек, 4 күн қонақүйде түнеу мен тексерілу қызметінің құны. Бұдан бөлек, Қазақстан халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты елордада өткен үлкен бір жиында Ұлттық медициналық холдингтің басқарма бастығы, профессор Алмаз Шарман отандастарымыздың шетелдерде емделу үшін жыл сайын 200-250 миллион доллар көлемінде ақша жұмсайтынын айтқаны да есте. Соған қарағанда, шетелдерде емделу қалталы отандастарымыз үшін анау айтқандай қиын шаруа емес.
Шетелдерде емделу қазына үшін қаншаға түсіп жатыр дейтін қызығушылық төңірегінде де ізденіп көрдік. Соңғы жылдардағы мәлімет мынадай: 2009 жылы мемлекет есебінен шетелдерге 70 науқас жіберілген. Оларға 20 миллиард 53,9 миллион теңге төңірегінде (128,1 миллион доллар) қаржы жұмсалған. 2010 жылы 42 науқас шетелдерде 1 миллиард 339,9 миллион теңгеге (8,5 миллион доллар), 2011 жылы 65 науқас 2 миллиард 755,4 миллион теңгеге (17,6 миллион доллар) емделген. Ал, 2012 жылы 55 адамды шетелдерге емдеуге жіберу құны 3 миллиард 896,6 миллион теңгені (24,8 миллион доллар) құраған. Сонда төрт жылдың ішінде 232 науқасқа мемлекет есебінен 179 миллион доллар ақша жұмсалғаны анықталып отыр.
Біз бұл ақпаратты «Tengri news» сайтынан алдық. Ал, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы емделген әлгі 55 науқасқа мемлекеттік бюджеттен 678,5 миллион теңге жұмсалған. Сондай-ақ, биылғы жылға бөлінген қаржы – 1 миллиард теңге. Қалай десек те, қазынадан бөлінетін қаражаттың бастапқы жылдарға қарағанда жылдан-жылға қысқарып келе жатқаны анық. Неге десеңіз, елордадағы заманауи клиникаларда бұрын жасалмаған оталардың жүздеген түрі жасала бастады. Оның ішінде кеспей, ашпай жасалатын шағын инвазивті оталардан бастап ашық жүрекке жасалатын күрделі оталарға дейін бар. Соңғы жылдары бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безін ауыстыру көптеп жасалғанын, тіпті жүрек ауыстыру да жүзеге асқанын көпшілік жақсы біледі. Трансплантация, яғни ағзаларды ауыстыру емі бізде енді ғана дами бастағаны үшін, мемлекет қазынасымен шетелдерде емделу үшін кезекте тұрғандардың 90 пайызы ағзаларды ауыстыруды қажет ететін науқастар екенін айта кету керек.
Әрине, әңгіме мемлекеттің қаржысына тірелгенде нақтылықтың болмауы, шетелдерге емделу үшін кімдердің барғаны, олардың емделу нәтижелері туралы қолжетімді ақпараттардың болмауы көптеген күмәнді ойларға жетелейтіні анық. Мысалы, төрт жылдың ішінде мемлекет қаржысына емделген 232 науқас – сонша тағдыр, соншама үміт пен арман, тәуекел... Бұлар кімдер? Ең соңғы үміті мемлекеттің қазынасындағы қаржыға тірелген, шын мәнінде шетелге емделмесе ауруынан айығуы неғайбыл ауыр халдегі науқастар ма әлде... Бұл, әрине, қылдан нәзік сауал. Оның ар жағында мемлекет бұл адамдардың шетелдерде емделуіне қол ұшын созғанымен, ақшалар босқа желге ұшпай, олар науқастарынан толық айығып кетті ме, не жағдайы жақсарды ма дейтін жіңішке сұрақ тағы бар.
Жалпы, Үкімет «Қазақстан Республикасы азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу ережесін бекіту туралы» 2009 жылы қаулы шығарған. Бұл қаулыға 2011 жылы өзгеріс енгізілді. Онда шетелге жіберілуге тиіс аурулар мен республиканың жеке санаттағы азаматтарының тізбесі жасалған болатын. Бұл туралы Қазақстан азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселелері бойынша жұмыс органының мүшесі, м.ғ.д. профессор Әлихан Досаханов былай дейді: «Шетелге жіберу үшін нақтыланған сегіз түрлі ауру бар. Оған қоса, жаңа туған сәбилер мен 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ, ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, республика Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарында емделіп, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған жағдайда шетелге емделуге жіберіледі. Науқастар шетелдерде Үкіметтің шығарған арнайы қаулысы шеңберінде емделеді. Бұл істің техникалық жағымен біз шұғылданамыз. Яғни, науқастардың құжаттарын ағылшын тіліне аудару, шетелдердегі клиникалармен хабарласу, сол клиникалардың ең тиімдісін таңдау сынды жұмыстарды реттеп болған соң, комиссияға хабарлаймыз. Вице-министр Е.Байжүнісов басқаратын комиссия науқастардың шетелге емделуі үшін ары қарай жұмыс істейді».
Бұл әңгімеде біз кез келген ауыр науқастың не оның қамқоршысының тікелей жұмыс органына хабарласа алмайтынын білдік. Науқастардың шетелдерде емделуі үшін қойылатын талаптар бар. Ол еліміздегі емдеу орталықтарында ем алған және содан нәтиже болмағаны дәлелденген болуы шарт. Сондай-ақ, науқастарды шетелдерге емдеуге жіберу туралы ұсынысты облыстық, қалалық денсаулық сақтау департаменттері, не сол саланың республикалық дәрежедегі бас мамандары ғана айта алады.
Шетелде емделу – жеке адам үшін де, мемлекеттің бюджеті үшін де қымбатқа түсетін емделудің түрі. Жоғарыда денсаулығы сыр берген отандастарымыздың көпшілігі шетелде емделуге талпынатынын айттық. Әрине, жоғары мамандандырылған, ең соңғы технологиямен жабдықталған клиникалардың, олар туралы жарнамалардың кез келген жанға әсері күшті. Сосын әркім өз қаржысының қожайыны, қайда емделетінін өзі біледі. Бірақ, әділеттілік үшін, көптің көңіліндегі күдікті сейілту үшін мемлекет қаржысымен емделу мәселесінде ашықтық, жариялылық болуы тиіс деген ойдамыз. Миллион емес, миллиардтап қаржы бөлініп жатқанда, ол туралы жан-жақты ақпараттардың аздығы көңілде күдік ұялатады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».