27 Желтоқсан, 2020

Маңғыстауда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша жиын өтті

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтауда медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру» жобасының нәтижелері ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша жиын өтті

Әлеуметтік жобаның мақсаты жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру болды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Медицина қызметкерлерін оқытуға республикалық деңгейдегі сарапшылар шақырылды: Нұр-Сұлтан қаласынан медицина ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «University Medical Center» КҚ Республикалық диагностикалық орталығының гинекология бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласынан және облыс орталығынан қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының халықаралық сарапшысы, Еуропалық контрацепция және репродуктивті денсаулық қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі. Жасөспірімдерге кеңес беру үшін ерте жастағы репродуктивті денсаулық негіздері туралы нұсқаулық шығарылды.

Жоба аясында 20  гинекологқа арналған жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының клиникалық ерекшеліктері мен коммуникативті құзыреттілігін арттыру тренингі және мектеп медбикелерімен жоғарғы сынып оқушылар арасында репродуктивті денсаулық негіздері бойынша ақпараттық іс-шаралар жүргізу жөнінде 5 оқыту сессиялары өткізілді. Жобаның қатысушылары Ақтау, Форт-Шевченко қалаларының, Баутино, Құрық және Боранқұл ауылдарының медициналық қызметкерлері болды.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жасөспірімдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасына және олардың әрі қарай дамуына әсер етеді.

«Онлайн форматқа қарамастан, тренинг тек дәріс оқумен шектелмей белсенді диалогта өтті. Алған біліміз үшін алғысымды айтамын. Біз көптеген пайдалы ақпарат алдық, оқушылармен күнделікті жұмысымызда кездесетін сұрақтарға, кейде өзіміз білмейтін балалардың сұрақтарына дұрыс жауаптар алдық», деп бөлісті Ақтау қаласындағы №7 орта мектептің медбикесі Зүлфия Кибашева. 

Жобаны Маңғыстау облысындағы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен «Ақбөбек» жеке мекемесі жүзеге асырды.

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы жергілікті қоғамдастықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасақталған. Компания өз алдына әлеуметтік инвестициялар арқылы өңірдің экономикалық дамуын ынталандыру, білім беру мен оқытудың қол жетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ халық денсаулығын жақсарту міндетін қояды.

«Медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын жақсарту және денсаулық пен аурудың алдын алу туралы ақпарат ТШО-ның Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасындағы мақсаттардың бірі болып табылады. Біз осындай жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау жөніндегі жобаны қолдап отырғанымызға қуаныштымыз, өйткені бұның әлеуметтік маңыздылығы зор және келесі жылдардағы демографиялық процестерге тікелей әсер ететін болады. Сонымен қатар, 2018-2020 жылдар аралығында «Теңізшевройл» ЖШС Маңғыстау облысының аумағында 13 әлеуметтік жобаны, оның ішінде денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 2,2 млн АҚШ долларын құрайтын 2 жобаны жүзеге асырғанын атап өткім келіп отыр»,  деп толықтырды Рзабек Артығалиев, ТШО үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері.