Қоғам • 28 Желтоқсан, 2020

Түтін тұнған тұман қала

721 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түтінге тұнып тұр Өскемен. Әсіресе тұман шөккен, бұлт көшкен күндері будақ-будақ түтін болып жағаласа жөңкіледі. Өндірістік өңір болған соң бұл көрініске тұрғындардың көзі үйренісіп кеткелі қашан?! Алайда ақ халаттылардың айтуынша, тыныс аурулары, өкпенің қабынуы өңірде аз емес. Диагноз «экология салдарынан» деп дөп басып қойылмаған соң нақты цифр айту да қиынға соғады...

Түтін тұнған тұман қала

Жылына 27 мың тонна лас шығар­ын­дыларды ауаға жайып жатқан зауыт­тың мұржалары тұрғындардың ден­саулығына зиянын тигізбей қойсын ба?! Бұл – бір ғана «Қазцинктің» көр­сет­­кіші. Дейтұрғанмен, кәсіпорын кү­кірт диоксидінен 99%-ға тазартатын қондырғы орнатқан. Нәтижесінде, күкірт көлемі бір жыл ішінде 80 мың тон­­надан 18 мың тоннаға дейін тө­мен­депті. Алайда жергілікті Экология депар­­­таменті жүргізген тексеріс арқы­лы ком­панияның бірқатар цехында кү­кірт диоксиді және шаңның көрсет­кіші шек­ті көлемнен асып кеткені анық­­тал­ған.

Демек, қолданыстағы фильтр­лік қон­дырғылардың бәлендей пайдасы жоқ.

Осы мәселелерді назарға алған Эколо­гия, геология және табиғи ресурс­тар ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорын бас­­шы­лығымен кездесіп, үш ай ішінде та­за­­лау құрыл­ғыларының ақауын анық­­­тау жөнінде келісім­шарт жасас­ты. Бұл жұмыстарға компания 360 млн тең­ге бөледі. Бұдан бөлек «Қазцинк» Шығыс Қазақстан облыстық Эко­логия депар­та­ментімен қолайсыз ауа райы кезінде, яғни желсіз күндері экологтерге кедер­гісіз цехтарға кіріп, жұмыс режімін тексеруге мүм­кіндік беретін шартқа да қол қояды. Себебі қолай­сыз ауа райы ке­зінде кәсіпорындар өндіріс көлемін төмендетіп, шығарындыларды белгілі бір мөлшерге төмендету қажет. Өскемен қазан­шұңқырда орналасқандықтан, желсіз күні түтін мен шаң ауада тұрып қалатыны қарусыз көзге көрінеді. Мамандардың пікірінше, «Қазцинк» ком­паниясы комбинатының қуаты қолайсыз ауа райы кезінде шығарындыларды арттырмай, 20%-ға штаттық режімде жұмыс істеуге мүмкіндігі жетеді.

Жақында Сенат мақұлдаған Жаңа экология­лық кодексте қолайсыз ауа райы жағдайында экология департаменттерінің қызметкерлері кәсіп­орындарға кедергісіз кіріп, тексеру жүр­гізуіне болатындығы көрсетілген. 2021 жылы Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексі қабылданғаннан кейін «Қазцинк» ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге көшеді. Бұл әдіс атмосфералық ауаға шығатын лас зат­тар көлемін едәуір азайтатын көрінеді. Егер өндірістік кәсіпорындар озық үлгідегі қол­жетімді технологияларға бүгіннен бастап көшіп, қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянын азайта бастаса, эмиссиялық төлемдерден босатылады. Бұл туралы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Мысалы, Өскемендегі жылу электр орталығы 2014 жылдан бас­тап өн­діріске ең озық заманауи технологияларды енгізген. Атап айтсақ, күл өткізбейтін қондырғыларды орнатқан соң ауаға шығатын қатты бөлшектер 51,3%-ға, күкірт диоксиді 17%-ға, азот диоксиді 35%-ға төмендеген. Сондай-ақ су бассейнін қорғау жұмысына енгізіл­ген ең үздік технологиялар 2016 жылдан бастап Үлбі өзеніне түсетін ағындыларды тоқтатқан.

– Өскеменнің ауасын ластаушы кәсіпорын­ның бірі – «Казцинк» компаниясы болса, екіншісі – жылу электр орталығы. Әсіресе қыс мез­гіліндегі желсіз күндері ластаушы заттың көп бөлігі жылу электр стансасынан шығады. Қалдықтардың көлемі жылына 16 мың тоннаға дейін жетеді. Бірақ бұл кәсіпорынның жасыл технология бойынша ауқымды жұмыс жүр­гізгені көрініп тұр. Қалдық көлемін тағы да азай­та түсу үшін қосымша бағдарлама әзірлеп, халық оның нәтижесіне көз жеткізуі тиіс, – деді М.Мырзағалиев.

Бұдан бөлек экологиялық ахуалдың нашарлауын тоқтату үшін жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттарын жаңартып, тазалау құрылғыларын толығымен ауыс­ты­ру керектігі сөз болды. Сондай-ақ «Қазгидромет» республикалық мем­ле­кет­тік кәсіпорнының зертханасына бас сұқ­қан министр атмосфералық ауа сапасын бақылайтын бекеттердің бәрін автоматтандыруды тапсырды. Кім біледі, айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар орындалып жатса, түтінге тұншыққан Өскеменнің тұрғындарының тынысы кеңейіп қалар.

 

Жаңа кен орындары ашылады

Сонымен қатар министр Мағзұм Мыр­зағалиев Шығыстың минералды шикізат базасының жағдайы мен оны дамыту мәсе­лелеріне де назар аударды. Шығыс Қазақстан облысында қазба байлығының барлық түрі кездеседі. Мұнда мыстың – 39, мырыштың – 30, қорғасынның – 34, алтынның – 122, күмістің – 48, қалайының 11 кен орны бар. Халық игілігіне жарап жатса, байлық емей немене?! 

Жер қойнауын пайдалануға құйылатын инвестиция тұрақты болғанымен, соңғы 10 жылда Шемонайха, Юбилейный-Снегирево, Зырянь сынды қорғасын-мырыш кен орындары игеріліп болған екен. Ал жақын он жылдықта өңір экономикасына әсер етіп отырған тағы бірнеше кен орнындағы қазба байлық түгелдей таусылады. Атап айтсақ, Орлов, Белоусовка, Ертіс, Малеевка, Тишин, Шубинск, Долинное. Жер қойнауын пайдаланушы компания өкілдерінің айтуын­­­­ша, өңірде пайдалы қазбалардың 17-20 жылға жететін ғана қоры қалған. Ал жаңа кен орнын ашып, оны қолданысқа беру үшін кемі 10-15 жыл уақыт кетеді. Мамандар 2019 жылы министрлік Белсу, Арғымбай учаскелеріндегі алтынның, Шірікаяқ, Өскемен және тағы басқа учаскелердегі сирек кездесетін металл қорын болжаған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарға инвести­ция тартылып, жаңа кен орындарын ашу жос­парланған. Министрдің айтуынша, ресурс­тар қорын толықтыру үшін барлаудың заманауи геофизикалық, геохимиялық және басқа әдістерін қолданып, инвесторларға қолайлы жағдай туғызу қажет.

Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған геоло­гиялық барлау бағдарламасы бекі­тіліп, мем­лекеттік бюджеттен жер қой­науын геологиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту мәселесімен және қосымша қаражат тарту жұмыстарымен айналысатын жұмыс тобы құрылып, оған осы салада зерттеулер жүргізетін ғалымдар, қызығушылық танытқан мамандар тартылмақ. Сол үшін де «Қазгеология» компаниясы облыстағы жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатпақ ниетте.

Алайда кен шикізатын өңдеу облыс ор­та­лығында жүргізілетіндіктен Өскеменнің өкпесі қабынып тұр. Мұны ең лас қалалардың ішінде алдыңғы орынды босатпайтын Өскеменнің рейтингтердегі көр­сеткіштерінен де байқайсыз. Сон­дық­тан жергілікті тұрғындардың денсау­лы­ғын сақ­таудың және қорғаудың арнаулы бағ­дар­ла­масы қажет-ақ. Бұл бағдарлама аясын­да жер­гілікті бюджеттен бөлек қазба ресурс­тарын игеріп жатқан кәсіпорындардың да әлеу­меттік жауапкершілігін кеңейте түсу қажет.

Керек дерек

Шығыс Қазақстан облы­сында мыстың – 39, мырыш­тың – 30, қорғасынның – 34, алтынның – 122, күмістің – 48, қалайының 11 кен орны бар.

 

 

 

ӨСКЕМЕН