Білім • 28 Желтоқсан, 2020

Жамбыл облысында оқушылар үшінші тоқсанда қалай оқиды?

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылы 11 қаңтарда Жамбыл облысында оқу жылының үшінші тоқсаны басталады. Алайда, қазіргідей карантинге байланысты оқушылардың оқу тәртібі қандай болмақ? Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова брифинг өткізіп, білім саласының оқу процесіне қатысты өзгерістер туралы баяндады.

Жамбыл облысында оқушылар үшінші тоқсанда қалай оқиды?

Гүлнәр Ходжабергенова үшінші тоқсанда 1-5 сынып оқушылары «кезекші сыныптарда» оқуларын жалғастыратынын, мектеп бітіруші 9 және 11 сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын «кезекші сыныптар» режимінде оқуды бастайтынын, сабақ уақыты 30 минуттан аспайтынын және үзіліс 5 минуттан болатынын айтты.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, 70 пайыз пәндер оффлайн өтетін сабақ кестесіне енген. Бұл қатарда қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәні бар. Өйткені оқушылар аталған пәндерден  ұлттық бірыңғай тестілеу және мемлекеттік емтихан тапсыратындықтан, дәстүрлі түрде оқытылады. Ал, қалған 30 пайыз пәндер, яғни информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі және алғашқы әскери технологиялық дайындық  сабақтары қашықтан оқытылады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 455 мектепте 240 мың 713 оқушы оқиды екен.  Өңірдің бас педагогы алдағы уақытта да осы межеде мектептер өз жұмысын бастайтынын, облыс бойынша 40 мыңға жуық балаға тегін тамақ, тегін киім-кешек, оқу құралдары және жазда бір реттік сауықтыру лагерлерлеріне бару сияқты тегін көмек көрсетіліп жатқанын да жеткізді. «Үкіметтің №64 қаулысына сәйкес, аталған тегін көмекке бюджеттен қаражат бөлінеді. Қаулыда көрсетілгендей, бір реттік ыстық тамақ балалардың оқу орны бойынша беріледі. Демек, бала оқу орнына келсе, тамақтанады, ал келмеген жағдайда тамақтанбайды. Сәйкесінше, қаражат та бөлінбейді.

Бүгінде оқушылар дәстүрлі форматта оқыған күнде де, асханалар іске қосылған жоқ. Себебі, санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, асханалардың іске қосылуына рұқсат жоқ. Ал, баланың тамақтануына бөлінген қаражат, сол білім мекемелерінің басқа да қажеттілігіне жұмсалды», деді Гүлнәр Ходжабергенова.