Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік қызмет «Blockchain» арқылы көрсетілмек

744 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Blockchain» технологиясын мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісіне алғаш болып енгізді. Әзір­ше бұл технология жылжымайтын мүлік кепіл шартын тіркеу бойынша жеке тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметке қатысты қолданыла бастады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе басқа да кең таралған қызметтерге енгізілуі ықтимал.

Мемлекеттік қызмет «Blockchain» арқылы көрсетілмек

Ал Шығыс Қазақстанда тың технологияны қолданысқа енгізу үшін екінші деңгейлі банктермен келісім жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Блоктардың техникалық реттелген тізбегі түріндегі «Blockchain» жүйесі жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігінен сақтап, ақпараттық қауіпсіздік пен сапалы қызметті қамтамасыз етеді.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мем­лекет­тік корпорация­сының басқарма тө­райымы Әсем­гүл Балташеваның айтуынша, «Blockchain» технологиясы кепіл шартын тіркеу үрдісін барынша оңтайландыруға жол ашты.

– Бұған дейін қызмет алушылар мүлік кепіл шартын тіркеу үшін бірнеше мекемені аралауға мәжбүр болатын. Мәселен, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы анықтаманы алу үшін ХҚО-ға немесе egov.kz порталына жүгініп, сосын оны банкке апаратын. Енді банк қызметкері өтінім жасағанда қызмет алушының жылжымайтын мүлікке құқықтары және ауырт­палықтардың бар-жоғы туралы мәліметтер автоматты түрде тексеріледі. Енді адамдар емес, мәліметтер сіз үшін «жүгіретін» болды, – дейді Ә.Балташева.

«Blockchain» технологиясын қолдану арқылы аталған қызметті көр­сету мерзімі үш күннен бір күн­­ге дейін қысқарып, банкке ұсы­­ны­латын құжаттар тізімі де азай­ған.

Енді қызмет алушы банктің ақпараттық жүйесінде мүлік шар­тымен танысып, өзінің ЭЦҚ-сы арқылы қол қояды, ал қыз­­меттің нәтижесі – жылжымайтын мү­лікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама қызмет алушының egov.kz электронды порталындағы жеке кабинетіне жолданады.

«Blockchain» технология­сын таңдау барысында желі қолдану­шыларының әрекет­терінің ай­қындығы, орталықсыздандыру және сенімді қорғаныс жүйесі есепке алынды. Елімізде ке­піл шартын тіркеу бойын­ша мем­лекеттік қызметті жаңа әдіс­пен көрсету үрдісі коммерциялық банктің бірімен жүзеге асуда.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» басқа да екінші деңгейлі банк­термен осы бағытта қызмет көр­сету туралы келіссөздер жүр­гізіп жатыр. Себебі «Blockchain» тех­нологиясы екі жақты келі­сім жа­сасу кезінде үшінші тұлға­лар­ды кірістірмей, қауіп­сіздікті қам­тамасыз етіп, жылжымайтын мү­лік кепілі­мен берілетін несиені он­лайн ресім­деу және несие беру мер­зімін қысқартуға мүмкіндік береді.

 

Шығыс Қазақстан облысы