ҚХП мүшелері қазақстандық компаниялар ұсынатын дүкен сөрелеріндегі барлық тауар түрлерін қарап, зерделеп шықты. «Халықтыкін сатып ал» акциясының аясында депутаттыққа кандидаттар қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сатып алды.
Қазақстан Халық партиясының мүшелері жергілікті тауарлардың құнын көтермеу керек деп санайды. Мұндай өнімдердің бағасын уәкілетті органдар бақылауы керек. Себебі азық-түлік бағасының күрт көтерілген кездері туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Алайда кейбір отандық өнімдердің бағасы қымбат екенін қарапайым халық жақсы біледі. «Қазақстанда жасалған» деген белгі соғылған тауарлардың импорт өнімдерінен сәл де болса бағасы жоғары екені жиі айтылып жүр.
Өз отанымызда өндіріліп, ол тауарды тұтынушылар да өз азаматтарымыз болған соң өнімді пәлендей қымбатқа сатудың да жөні жоқ секілді. Дегенмен, кей өндірушілер көп өнім шығарып көп қаражатқа кенелудің орнына аз өніммен-ақ көп пайдаға кенелгілері келетін секілді. Міне, осындай олқылықтың орны толмайынша отандық өнімнің алға баса қоюы қиын. Қарапайым тұтынушылардың қай-қайсысы болсын отандық өндірушіні қолдауға даяр. Тек, бағаны қымбаттатып, көңілге кірбің ұялатып алмау керек.
– Биыл пандемия кезінде біз үлкен мәселеге тап болдық. Ол – отандық өндірушілердің өнімдері мен қажетті тауарлар бағасының өсуі. Бір литр өсімдік майының бағасы 700 теңгеге дейін көтерілгенін бәріміз көрдік. Айта кету керек, біз отандық өндірушінің өнімі туралы айтып отырмыз. Бір килограмм қант 300 теңгеге дейін қымбаттады. Мемлекет азаматтарға қолдау ретінде бөлген 42 500 теңгеге отандастарымыз көп өнім сатып ала алмайтынын жақсы түсінеміз, – дейді сауда орындарын аралаған кандидат Жамбыл Ахметбеков.
Қазақстан Халық партиясының атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттар халықтың осал топтарына әлеуметтік қолдау ретінде бөлінетін қаражат мөлшері тым аз деп отыр. Сондықтан әлеуметтік қамсыздандыру төлемдерінің мөлшерін арттыру қажет деп есептейді. Олардың айтуынша, тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін кеңейту керек. Қазақстандық өндірушілер тауарларының құны артпауы тиіс. Кандидаттар бұған дейін еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі болып саналатынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. «ҚХП азық-түлік қауіпсіздігін және қазақстандықтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жекеменшікке сатуға заңды тосқауыл қою керек дейді. Партияның мүшелері осы мәселе бойынша референдум өткізу қажет деп есептейді. Біз бірінші кезекте қажетті өнімдер мен тауарлардың сапалы өндірісіне қол жеткізуге ниеттіміз. Партияның басты міндеті – елімізді барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету. Содан кейін ғана өнімімізді шетелге жеткізу», дейді Ж.Ахметбеков.