Оқиға • 29 Желтоқсан, 2020

Тарихи оқиғалар тоғысқан кітап

907 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы 4-томының (Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы) тұсаукесер рәсімі өтті.

Тарихи оқиғалар тоғысқан кітап

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жоспарланған бес томдық энциклопедияның кезекті IV томымен таныстыру. Сонымен қатар Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының киелі жерлері, тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындар, табиғи ландшафттың ерекше ескерткіштері мен ұлттық кұнды мәдени мұралары енген тарихи-танымдық маңызға ие құнды еңбекті талқылау.

«Кітаптың бірінші томына Астана мен Алматы қалаларының және Ақмола мен Алматы облыстарының, екінші томына Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының, үшінші томына Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарының, төртінші томына Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының тарихи оқиғалар өткен қасиетті орындары мен кешендері, табиғи ландшафт ескерткіштері мен ел тұтқасы болған тари­хи тұлғалары енгізілді. Кезекті Түр­кіс­тан облысы және Шымкент қаласына арналған еңбектің 5-томы 2021 жылы жарық көреді деп жоспарлануда», деді өз сөзінде Ұлттық музейдің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орта­лығы­ның жетекшісі Батырхан Жұмабаев.

Атап айтсақ, «Қасиетті Қазақстан» бес томдық энциклопедияның алғашқы жинағы 2017 жылы жарық көрді. Онда Алматы және Ақмола облыстары, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы киелі нысандар көрсетілген болатын. Осылайша Қазақстанның барлық өңірі қамтылып, бұл жинақ кезек-кезегімен жарыққа шығарылуда. Жинақ екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде дайындалған.

Аталған шараға еліміздің көрнекті тарихшы ғалымдары, өлкетанушылар мен мәдениет саласының өкілдері қатысып, қазақ елінің тарихы мен мәдени мұрасына арналған бұл құнды еңбектің, келешек ұрпақ үшін маңызын атап өтті.