Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Тергеу барысында 17 мыңнан астам жәбірленуші анықталса, оның 3 мыңнан астамы Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Осы азаматтар 30 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Тергеу барысында 56 күдікті анықталды. Оның алтауы халықаралық іздеуде жүр. Қалған 50 адамның 33-і уақытша ұстау изоляторында, бесеуі үйқамақта, 12 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Тергеу барысында бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктілердің қылмыстық жолмен сатып алған мүлкі анықталып, бәріне тыйым салынды», деді ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанболат Абдраемов.
Қаржы пирамидасы 2019 жылдың желтоқсан айының басында «Gold» компаниясының әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізуінен басталды. Ұйымдастырушылар «Салымшылар қаржысы Канададағы алтын өндіретін компанияның инвестициясына жұмсалады. Қаржы құйғандар әлемдік нарықтағы алтын бағасының өсуімен бір айдың ішінде 50-60 пайыздық үстемақымен өсім алады» деп сендіреді. Қабылданатын ең төменгі бастапқы салым мөлшері – 300 мың теңгеден басталған. Жарнамаға сенген жұрт қаланың 12-шағын ауданында орналасқан «Gold» компаниясының кеңсесіне қолма-қол ақшаларын әкеліп тапсырған.
Екі ай өтер-өтпестен, қаңтардың алғашқы онкүндігінде бір айда уәде етілген пайыздық мөлшерлеме түспегесін жұрт алаңдай бастайды. Бұл кезде «Gold» кеңсесі жабық тұрды. Содан олар облыстық ішкі істер департаментіне келіп, алаяқтық құрбаны болдық деп арыз жазуды бастаған. 8 ақпанда компанияның 12-шағын аудандағы кеңсесіне полиция тінту жүргізіп, компьютерлік техника, ноутбук, салымшылармен келісім-шарт қағаздары мен сейфтегі бар қаржыны тәркіледі. Осы кезде бұл құрылымның ешбір банкте есепшоттары болмағаны, ұсталған екі ресейлік азаматтың да жеке есепшоттары жоқ екендігі анықталды. Шетелдіктер Ақтөбеде қонақүйде тұрған және бір пәтерді жалға алған. 10 ақпанда Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі «Gold» ЖШС-на қатысты ҚК 217-бабымен «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару» бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов брифингте «Гольд» ЖШС-ы бас кеңсесі Алматы қаласында тіркелгенін, оның құрылтайшысы Черняев деген Ресей Федерациясының азаматы екенін мәлімдеді. Желтоқсанның бас кезінде Ақтөбеде жұмысын бастаған серіктестіктің екі менеджері бір ай ішінде еліміздің алты облысында өкілдіктерін ашып үлгеріпті. Самат Аисов кеңсеге қолма-қол ақша әкеліп берген тұрғындар келісім-шартқа мүлде назар аудармағанын хабарлады. Жұрт Канададағы алтын өндіретін компанияға инвестиция түрінде құйылған қаржыларынан көл-көсір пайда табатындарына сеніп қалған. «Гольд» кеңсесінен тәркіленген келісім-шарттарда «Қымбат зергерлік бұйымдарды сату бойынша кеңес береді, зергерлік бұйымдарға сервистік қызмет көрсетеді және оларды бағалайды» деп қана жазылған. Яғни заңды тұлға ретінде тіркелгенде ломбард қызметімен айналысатындарын жариялаған.
– «Гольд» ЖШС-ның құрылтайшысы Черняев деген Қазақстанда жоқ. Ол өмірде бар адам ба, жоқ па оны анықтау үшін Ресей Федерациясына сұрау жібердік. Жұрттан ақша қабылдаған түбіртектерде Черняевтың қолы қойылған жерде факстің көшірмесі тұр, мұнда Ақтөбедегі өкілдіктің басқарушылары болған екі азаматтың қолдары жоқ. Тұрғындар келісім-шартқа мүлде назар аудармаған, кімнің қолы қойылғанын да тексермей, ақшаларын қолма-қол әкелген. Полиция кеңсеге тінту жүргізіп жатқанын көріп тұрса да, үлкен соманы өз қолдарымен әкеліп жатқандар да болды, – деген С.Аисов. Компанияның банктерде есепшоты ашылмағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені белгілі болды.
«Алаяқтық белгілері болып тұрса да, неге құқық қорғау органдары дер кезінде бақылауға алмады?» деген сұрағымызға Самат Аисов: «Қымбат зергерлік бұйымдарды бағалайтын компания ретінде бас кеңсесі Алматыда тіркелген, атқаратын қызметі ломбард жұмысымен тығыз байланысты. Тіркеу құжаттарында заңбұзушылық жоқ. Оларды бірден құрықтауға шағын және орта бизнесті тексеруге 3 жыл мораторий жариялануы да кедергі болды. Әрі жұртшылықтан арыз түспесе, тексеруші органдар бақылай алмайды. Оның үстіне, еліміздің бір қаласында тіркелсе, басқа қалаларда кедергісіз жұмыс істеуге болатыны тағы бар», деп жауап берді.
Ақпан айының орта тұсында алаяқтардан алданған Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тұрғындары да шыға бастады. Тергеу басталғанда, «Gold» жалғыз емес, басқа қалалардан ашылған филиалдарында дәл осындай әрекет еткендері белгілі болды. Өңірлерде алданған азаматтардың саны өсе бастағанда, Бас прокуратура осы қылмыстық істің жүргізілуін өз бақылауына алды. Ақпан айында алты облыстың ішкі істер департаменті бір мезгілде алаяқтық, қаржылық пирамидасын құру бойынша алты қылмыстық іс қозғады. Көп кешікпей, ірі көлемдегі алаяқтық ісі ұйымдасқан қылмыстық топ құру бабына ауыстырылып, тергеуді Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті жүргізді.
Алаяқтық әрекеттері ең бірінші әшкере болған «Gold» ЖШС-ы мен «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС-ы басшыларының қандай байланыстары бар, жұрттың 30 миллиард теңгесі қайда деген сұрақтардың әлі күнге дейін басы ашық. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілерден тәркіленген мүлік құны 2 миллиард теңгеден асқан.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың шетелде қашып жүрген басшылары кімдер, оларды елге қалай қайтаратыны туралы әзірге еш мәлімет жоқ. Дегенмен қаржы пирамидасын құрып, ұйымдасқан қылмыс жасады деп айыпталған басты күдіктілердің Ақтөбе облысының азаматтары екендігі белгілі болды. Сот та осы қалада өтеді.
Ақтөбе облысы