Экология • 30 Желтоқсан, 2020

Ақтауда ауа неден бүлінді?

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда ауадан шыққан жағымсыз иіс тұрғындарды бейжай қалдырмады. Әсіресе әлеуметтік желілерде дабыл қаққан көпшілік экологтердің мәселенің мән-жайын анықтау үшін жұмыстануына сеп болды. Экологтер уақыт өткізбей иістің қайдан шығып жатқанын анықтау мақсатында өндірістік мекемелердің санитарлық-қорғау аймағынан жоспардан тыс ауа сапасынан сынама алу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Ақтауда азот диоксиді мен метанның шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін анықтады.

Ақтауда ауа неден бүлінді?

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің хабарлауынша, зертханалық бақылау нәтижелеріне сәйкес Ақтау қаласында атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені байқалады. Атап айтқанда, азот диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 1,5 есе болса, метан 1,8 есе артқаны байқалады. Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК Маңғыстау филиалының метеорологиялық деректері де Ақтау қаласының 15 және 33 шағын аудандарындағы стационарлық бекеттерде азот диоксиді мөлшерінің артқанын растап берді. Бұл ретте желдің бағыты «Шығыс солтүстік-шығыс» бағытына секундына 4/5 метр, сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін «Шығыс оңтүстік-шығыс» бағытына секундына 2/4 метрге өзгергені белгілі болды.

Ластаушы заттардың шығуы «МАЭК-ҚазАтомөнеркәсіп» ЖШС, «ҚазАзот» АҚ, «Каспий битум» ЖШС, «Mangystau Oil Refining» ЖШС, «Ақтау теңіз порты» АЭА, «Қазтрансойл» АҚ сияқты басқа да кәсіпорындар жағынан байқалады. Экология департаменті ауа­ны ластау көздері жоғарыда аталған кәсіпорындардың қызметімен байланыс­ты деген болжам жасап отыр.

Экология кодексінің 117, 118-баптарын басшылыққа ала отырып, облыстық экология департаменті жоспардан тыс тексеру үшін Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау про­куратурасына жүгінбек. Аталған депар­таменттің баспасөз қызметі тексерудің нәтижелері туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.

 

Маңғыстау облысы